Бейсенбі, 18 сәуiр, 09:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Каспий құбыр консорциумы: тығырықтан шығар жол қалай?

12.07.2022

1014 0

Неше күннен бері Ресей тарапы Қазақстанның құбырлы мұнай жолын жауып тастағаны айтылып, мамандар экономикаға едәуір шығын келеді деп дабыл қағуда. Біздің құбырлы мұнай жолы деп отырғанымыз – Каспий құбыр консорциумы. Өйткені Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты да осы. Себебі экспортталатын ел мұнайының басым білігі осы бағыт

арқылы шығарылады.

КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫ ДЕГЕН НЕ?

Мәселенің мәнісіне үңілмес бұрын Каспий құбыр консорциумы деген не, соған түсінік берейік. 1998 жылы шыққан ұлттық энциклопедияда бұл консорциумды Қазақстанның Теңіз және басқа мұнай кеніштерінен Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск қаласына дейін шикі мұнай тасымалдау үшін мұнай құбырын салу мақсатымен 1992 жылы Ресей, Қазақстан және Оман мемлекеттерінің компаниялары құрғаны айтылған. 1996 жылы желтоқсанда консорциумның құрылымын өзгерту туралы келісімге қол қойылды. Ол бойынша консорциум капиталының 50%-ы дүние жүзінің мұнай өндіруші алғашқы он ірі компаниясының құрамына кіретін халықаралық компаниялардың қолына көшті. Қалған 50% Қазақстан, Ресей, Оман мемлекеттеріне тиесілі.

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне біз көтерген мәселе хақында жазылған мақалада желінің қуаттылығы жылына 67 млн тонна мұнайды құрайтыны жазылған. «Қазақпарат» ақпарат агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы КҚК-ның Новороссийск портын­дағы теңіз терминалынан жөнелтілген барлық мұнайдың 54,3 млн тоннасы қазақстандық кен орындарда өндірілгені айтылған. Сол уақытта мұнайдың ең үлкен көлемі Теңізден – 28,7 млн тонна, Қашағаннан – 13,2 млн тонна және Қарашығанақтан 10,3 млн тонна түсті. КҚК арқылы Қазақстанның барлық экспорттық мұнайының үштен екі бөлігі тасымалданады. Бір сөзбен айтқанда, Каспий құбыр консорциумы Ресей аумағы арқылы қазақстандық мұнайды экспорттау және құбыр құрылысы үшін құрылған. КҚК қашықтығы 1511 шақырымды құрайтын «Теңіз-Новороссийск» мұнай құбырына ие. Ол Қазақстанның батысындағы кен орындарды Ресейдегі Қара теңіз жағалауымен байланыстырады.

РЕСЕЙ БИЫЛ МҰНАЙ ЖОЛЫН ҮШ РЕТ БҰҒАТТАҒАН

«Қазақстан» ұлттық арнасының ақпараттық-сараптамалық «Аptа» бағдарламасында Ресейдің Каспий құбыр консорциумы желісін жыл басынан бері үш рет жапқаны айтылды. Яғни бес айда үш рет мұнай тасымалын тоқтатқан. КҚК іске қосылғалы 20 жыл өтті десек, содан бері бұл желі арқылы мұнай тасымалы бірде бір рет тоқтамаған көрінеді. Алайда биыл бұл байламды бұзуға түрлі себеп табылып жатыр. Нақтырақ айтсақ, наурыз айында КҚК-ның Новороссийск портындағы екі айлақтық қондырғысы істен шыққан кезде Ресей Қаратеңіздегі күшті дауыл себеп болғанын айтып, мұнай тасымалын тоқтатқан. Ал одан кейін теңіз түбінен аса қауіпті жарылғыш заттар анықталғандықтан солтүстіктегі көршіміз тағы да сол қадамға барды. Үшінші рет құжаттардан кілтипан тапқанға ұқсайды. Новороссийск қала­сының Приморск аудандық соты КҚК жұмысын бір айға тоқтату туралы шешім шығарып отыр.

Дәл қазір Қазақстан экономикасы тікелей мұнайға тәуелді екені белгілі. Оның үстіне қара алтынның бағасы арзандады деген хабар бар. Ақпарат көздеріне сүйенсек, 11 шілде күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 10:36-да Brent маркалы мұнайдың қыркүйек фьючерстерінің бағасы 0,47%-ға, барреліне 106,52 долларға дейін, WTI-ге тамыз фьючерстерінің бағасы 0,79%-ға, 103,96 долларға дейін төмендеген. Сарапшылар бұл жағдайдың мұнай сұранысына да әсер етуі мүмкін екенін айтуда.

КҚК жұмысын бір айға тоқтату деген сөз Қазақстан бюджетіне соққы жасаумен бірдей секілді. Мамандардың айтуынша, бір айда елімізге 300 млрд теңге шығын келеді. Бюджетке түсетін салық – 50, экспорттан түсетін түсім 70 пайызға азаюы мүмкін. «Мұнай-сервис компаниялары одағының» төралқа төрағасы Рашид Жарылқасынов мұнайдың сапасына не құжатқа байланысты ешқандай мәселе жоқтығын алға тартады.

– Біз Еуропа мен Ресейдің текетіресіне, ортасын­дағы саудаға түсіп қалдық. Себебі Қазақстан дүние­жүзі мұнай қорына 1,5 не 1,8 мұнай бергенмен, Еуро­паға 30 пайызға дейін мұнай береміз. Біздің құ­бырды тоқтату арқылы Еуропадағы шикімұнай тап­шылығын ұлғайту мақсаты жатыр. Сондықтан бұл Ресей мен Еуропаның ортасында шешілетін мәселе, – деді Р.Жарылқасынов «Аptа» бағдарламасының эфирінде.

Елдің энергетика министрлігі КҚК жұмысы өз дең­гейінде жүріп жатқанын мәлім еткен. Тіпті 6 шіл­деде Каспий құбыр консорциумы Новороссийск қаласының Приморск аудандық сотына сот шеші­мінің орындалуын тоқтата тұру туралы өтініш жібергені белгілі болды. Онда Каспий құбыр кон­сорциумының үздіксіз циклді кәсіпорын екені, оның қызметін тоқтату өндірістік процесс үшін қайтымсыз зардаптарға, техникалық объектіде қолайсыз және бақыланбайтын процестің пайда болуына әкелетіні баяндаған.

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізіп, бұл саланың экономикада ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ Президент Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланбағанын назарға салды. «Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңі­зінің жетекші хабтарының біріне ай­налдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсы­ныспен толық келісемін», – деген Мемлекет басшысы Транскаспий бағдарын да сөз етті.

– Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүм­кіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Са­мұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құ­­бырларының қуатын арттыру жөнінде шара­лар қабылдауы қажет, – деді Президент.

Президенттің пікірінше, отандық өнімнің экспортқа қауіпсіз әрі үздіксіз шығарылуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қа­былдау қажет. Мемлекет басшысы еліміздің Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтап, Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту керектігін айтты. Осы мақсатта балама теміржол бағыттарын қалыптастыру қажет. Бұл жерде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтарал – Дарбаза жобаларын жүзеге асыру, Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісін салу жөнінде сөз болып отыр.

Қазақстан Президенті айтқан осы бағыттар то­лық жүзеге асса мұнай тасымалдау ісінде де ешқандай мәселе болмас еді деген ойдамыз.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: