Жақында облыс орталығында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі үшінші Президенттік кітапхананың капсуласын салу рәсімі өтті.
Жаңа нысан Президент саябағы аумағында бой көтереді. Бұл жоба аймақтың мәдени-рухани әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ. Сонымен қатар қала тұрғындары үшін тиімді әрі жайлы мәдени кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында кітапхана қоры мыңдаған әдеби кітаппен толықтырылады. Бұл өңір жастарының білімге деген қызығушылығын арттырып, ғылыми ізденістеріне жол ашады.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жиналған жұртшылықты Жаңа кітапхана құрылысының басталуымен құттықтады.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшымыз өткен жылы аймағымызға жұмыс сапарымен келгенде Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхананың Қызылорда қаласында ашылатынын жеткізген болатын. Жерлестеріміз бұл бастаманы зор қуанышпен қабылдады. Бүгін өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі – білім мен мәдениеттің алтын діңгегіне айналатын Президенттік кітапхананың капсуласын салу рәсімінде бас қостық. Маңызды жобаны жүзеге асыруға демеушілік көрсеткен елімізге белгілі кәсіпкер-меценат Огай Эдуард Викторовичке барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін. Бұл – халықтың рухани дамуына, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Президентіміздің қолдауы. Жаңа нысан тек кітаптар жиналған жер емес, ұлтымыздың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін, жерлестеріміздің рухани тынысын ашатын тәрбие мен тағылым үйі болмақ! Жаңа кітапхананың құрылысы сәтті аяқталып, ел игілігіне қызмет етіп, ұлт руханияты мен білімінің өркендеуіне үлес қосуына тілектеспін, – деді облыс әкімі.
Жалпы аумағы 13 мың шаршы метр болатын ғимаратта 1 млн-ға жуық кітап қоры болады деп жоспарланып отыр. Жыл сайын кітапхана 300 мыңға дейін оқырманға қызмет көрсетілмек. Нысан ішінде оқу залдары, конференц-зал, архив, сирек кітаптар қоры орналастырылады. Сонымен қатар электронды кітапхана мен әлем әдебиеті бөлімі іске қосылады, галерея, көрме және коворкинг орталықтары да жұмыс істейді. Бұдан бөлек, көне кітаптарды қалпына келтіруге арналған арнайы шеберхана қарастырылған.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!