Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Әлемді ғылым құтқарады – IV» атты ғылым айлығы аясында және Құмкөл кенішін игерудің 40 жылдығына орай тағылымды іс-шара өтті. Жиында мұнай саласының ардагері Ғалым Байманов жайында жазылған кітаптың тұсаукесері болды.
Ғалым Байманов еліміздің мәдениеті мен руханиятының, білімі мен ғылымының жанашыры ретінде зиялы қауымға жақсы таныс. Қандай қызметте жүрсе де ел мүддесін жоғары азамат. Ол Құмкөл кенішін игеру жұмыстарының басталуына байланысты 1988 жылы «Маңғышлақмұнай» қызметінен туған жерге ауысқан. Содан кейінгі еңбек жолында Құмкөл терең пайдаланымдық бұрғылау экспедициясының бұрғылау шеберінен «Оңтүстікмұнайгаз» АҚ-ның вице-президенті лауазымына дейін көтерілді.
1996-2000 жылдары «ХаррикейнКұмкөлМұнай» АҚ-да екі басқарманың басшысы болды. Үкімет шешімімен 1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті құрылған кезде қайта ұйымдастырылған инженерлі-экологиялық факультетінің оқу-зертханалық тұрғыда қалыптасуына, ғылыми-әдістемелік дамуына елеулі үлесін қосты. Әр жылдары Мұнай факультетінде мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы болып, өзінің мол өндірістік тәжірибесін білім алушылармен, әріптестерімен және жас мамандармен аянбай бөлісіп отырды. Ғылымға қолдауын әлі де жалғастырып келеді.
Ғалым Дүйсенбайұлының еңбегі еленіп, мемлекеттік наградалармен, ордендермен, медальдармен марапатталған. Мұның бәрі мұнай саласы мен облыс экономикасын дамыту жолындағы қажырлы еңбектің жемісі әрі жарқын көрінісі.
Кітап авторы Нұрлыбек Мыңжас өз еңбегінде Ғалым Баймановтың өмір жолын, кәсіби жетістіктерін және ел дамуына қосқан үлесін көркем тілмен шебер жеткізе білген. Кітапта кейіпкердің еңбек жолындағы маңызды кезеңдер, мұнай өндірісіндегі жаңалықтар мен тарихи сәттер кеңінен қамтылған. Сонымен қатар архивтік суреттер мен замандастарының естеліктері кітап мазмұнын байыта түседі.
Мадина ТЕҢІЗБАЙ,
Қоркыт ата атындагы Кызылорда университетінің, ІІ курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!