Тағдырдың сынағына мойымай, өмірдің әр сәті үшін күресе білетін жандар бар. Олар рухы мықты, жігерлі, үмітін үзбеген жандар. Олардың әрбір қадамы – батылдықтың, әрбір жетістігі –
қайсарлықтың айқын көрінісі. Осындай жандар үшін қоғамда жасалып жатқан қолдау мен мүмкіндіктер күннен-күнге артып келеді. Бүгінде олар тек көмекке мұқтаж топ ретінде емес, керісінше, өз орнын таба алатын, еңбек етіп, білім алып, қоғам дамуына үлес қоса алатын толыққанды азаматтар ретінде қарастырылуда. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау, инклюзивті білім беру жүйесі мен еңбекке орналастыру бағдарламалары – соның айғағы. Елімізде оларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, кедергісіз орта қалыптастыруға жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек» деп ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы орта қалыптастыру қажеттігін тапсырды.
Жұмыс істеуге мүмкіндік
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау және өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта елде ресми тіркелген мүгедектігі бар адамдар саны – 725 мың. Мемлекет басшысы инклюзивті қоғам құру мәселесіне үнемі назар аударып, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды мемлекеттік қолдау бойынша жүйелі шараларды қолға алу керектігіне басымдық беруде.
Апта басында өткен Үкімет отырысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмыспен қамтудың жаңа тетіктері талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев инклюзивті еңбек нарығын дамыту және қолдаудың проактивті моделін енгізу жоспарын айтты.
Министрдің мәлімдеуінше, биылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған квота саны айтарлықтай артады. Сондай-ақ министрлік биылғы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін ұйымдар тізбесін цифрлық есепке алудың жаңа тәсілін әзірлейді.
– Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін цифрлық жұмыспен қамту қызметі енгізіледі, ол жұмысқа орналастырғанға дейін азаматтарды белсенді сүйемелдеу моделіне көшуді қамтамасыз етеді. Өткен жылы еңбекке қабілетті 413,7 мың мүмкіндігі шектеулі жанның ішінен 110,8 мың адам немесе 30%-ы жұмыспен қамтылған. Осы жылдан бастап біз квотамен 17 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жанды қамтуды жоспарлап отырмыз, бұл 2025 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Жұмыспен қамтудың ең жоғары көрсеткіші Ұлытау облысы мен Қарағанды өңірінде байқалады, – деді А. Ертаев.
Министрлік өзге кәсіпорындарға үлгі болатын «ТОП-10 әлеуметтік жауапты жұмыс беруші» тізімін де ерекше атап өтті. Бұл компаниялар инклюзияны кеңейтуде мемлекеттің басты серіктестеріне айналып отыр.
Мемлекет мүгедіктігі бар жандарды жұмыспен қамту үшін екі түрлі тетікті қолданған. 25 мыңнан астам адам мемлекеттік қолдаумен (оқу, грант немесе субсидияланған жұмыс орындары) қамтылса, тағы 8,1 мың адам компанияларға заңмен жүктелген міндетті бос орындар арқылы жұмысқа тұрған. Бұл шаралардың басты мақсаты – азаматтарға кәсіп үйретіп қана қоймай, олардың тұрақты табыс тауып, қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.
Қалада қандай әлеуметтік қолдау бар?
Бүгінде Қызылорда қаласында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау, оларды жұмыспен қамту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл – олардың қоғамға толыққанды араласуына, өз мүмкіндігін жүзеге асыруына берілген үлкен мүмкіндік.
Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің «Қызылорда қаласының Мансап орталығы» филиалының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бойынша бірқатар нәтижелі жоба жүзеге асқан. Атап айтқанда, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 349 адам тартылса, жастар практикасына – 16, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1 азамат жолданған. Сонымен қатар «Күміс жас» жобасы аясында 15 адам жұмысқа орналасқан. Ал мемлекеттік грантқа ие болған 56 азамат өз бизнес жобаларын қорғап, бүгінде жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Қазіргі таңда ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 207 азамат тартылып, «Күміс жас» жобасы бойынша 7 адам жұмыспен қамтылған. Мүгедектігі бар азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыруда квота жүйесінің де маңызы зор. Қызылорда облысы әкімдігінің 2024 жылғы 12 желтоқсандағы №188 қаулысына сәйкес, 2025 жылға 28 азаматты квота бойынша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Нәтижесінде 22 мекемеге 28 азамат толықтай жұмысқа орналастырылып, жоспар межесі орындалған. Ал 2026 жылға арналған жаңа жоспарға сәйкес, 21 мекемеде 32 мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамту көзделген. Қазіргі таңда оның аясында 11 мекемеге 15 азамат тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш толық орындалады деп жоспарланған. Сонымен қатар қала көлемінде үш рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұмыс іздеуші азаматтарға тікелей жұмыс берушілермен байланыс орнатуға мүмкіндік берілді. Бұл көрсеткіштер – мүгедектігі бар жандарға жасалып жатқан нақты қолдаудың айқын дәлелі. Қоғамның басты міндеті – мүгедектігі бар азаматтардың әлеуетін көтеруге жағдай жасап, олардың өз күшіне сенуіне ықпал ету. Себебі мүгедектігі бар жандардың рухы мықты, ал олардың табысы – қоғамның жетістігі.
Инклюзивті спорт – тең мүмкіндік алаңы
Соңғы жылдары елімізде кедергісіз орта қалыптастырудың бір көрінісі ретінде инклюзивті спорт орталықтары ашылуда. Бұл – ерекше жандарға тек спортпен шұғылдануға ғана емес, қоғаммен етене араласуға жол ашатын маңызды қадам. Қаламыздағы инклюзивті спорт орталығы – әр адамға, оның физикалық немесе психологиялық ерекшелігіне қарамастан, спортпен айналысуға мүмкіндік беретін орта. Спорт клубында 14 спорт түрі бар. Атап айтқанда, көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін – голбол, жеңіл атлетика, парадзюдо, тоғызқұмалақ, қол күресі бар. Есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін – қол күресі, таеквондо, еркін күрес, шахмат, шағын-футболға қатысуға болады. Тірек қимыл мүшесі зақымданған азаматтар үшін – арбадағы теннис, жеңіл атлетика, қол күресі, оқпен ату, отырып ойнау волейболы, пауэрлифтинг, тоғызқұмалақ, таеквондо, үстел теннисі спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Интелектуалдық мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін үстел теннисі бөлімшесі бар. Спорт түрлерімен шұғылдануға 296 адам келеді. Оның ішінде көру қабілеті бұзылған – 87 азаматтар, есту қабілеті бұзылған – 79 азаматтар, тірек қимыл мүшесі зақымданған – 118 азаматтар және де интелектуалдық мүмкіндіктері шектеулі – 12 азаматтар спортпен шұғылданады.
Мұнда балалар да, ересектер де өз қабілетіне қарай түрлі жаттығуларға қатысып, денсаулығын нығайтып қана қоймай, өз-өзіне деген сенімін арттырады. Мұндай орталықтардың басты ерекшелігі – жаттығулардың арнайы әдістемемен ұйымдастырылуы. Әр қатысушының денсаулық жағдайы, мүмкіндігі ескеріліп, жеке бағдарлама жасалады. Ерекше балалар мен ересектер ортаға бейімделіп, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді. Ал ата-аналар үшін бұл – үлкен үміт пен сенім. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қоғамның қызығушылығы бұл бағыттың дамуына серпін беруде. Бүгінде инклюзивті спорт орталығының азаматтары түрлі жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Атап айтқанда, клуб спортшылары ҚР ұлттық құрама командасы сапында табысты өнер көрсетіп келеді. Биыл негізгі құрамға 52 спортшы енсе, жастар және жасөспірімдер құрамаларында 6 спортшы бар. Осылайша, ұлттық құрама командалар тізімінде клубтан барлығы 58 спортшы қамтылған. Бұл – мүгедектігі бар жандардың да үлкен жетістіктерге жете алатынының айқын дәлелі. Ең бастысы, оларға мүмкіндік беру және қолдау көрсету.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!