Қызылорда қаласында облыстық татар этномәдени орталығының 35 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерейтой аясында орталықтың көпжылдық қызметі, өңірдің қоғамдық келісімі мен этносаралық татулықты нығайтуға қосқан сүбелі үлесі кеңінен насихатталды.
Салтанатты кеш орталықтың 35 жылдық тарихынан сыр шертетін бейнероликпен басталды. Одан кейін татар этномәдени орталығының құрылу кезеңін бейнелейтін театрландырылған көрініс ұсынылды. Көрермендерге орталықтың қалыптасу жолы, оның негізгі мақсат-міндеттері мен атқарған жұмыстары жан-жақты таныстырылды.
Шара барысында сөз алған Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов этномәдени бірлестіктің өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы рөліне тоқталып, мерейтой иелерін құттықтады. Ол татар этномәдени орталығының ұлттық құндылықтарды сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда, сондай-ақ этносаралық татулықты нығайтуда айрықша еңбек сіңіріп келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, Руслан Мұхамедәліұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер аясында өңірде бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Қызылорда қаласында жаңа Достық үйі бой көтергенін атап өтті. Бұл – өңірдегі қоғамдық келісімді нығайтуға, этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыруға және этносаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Мерекелік жиында Татарстан Дүниежүзілік конгресі Атқару комитеті мен Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Өкілетті өкілдігі тарапынан да бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.
Кеш аясында татар этномәдени орталығының 35 жыл ішіндегі атқарған ауқымды жұмыстары сараланды. Орталықтың бастамасымен жүзеге асқан тарихи-танымдық, мәдени-ағартушылық жобалар мен игі істер көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, көрнекті педагог Нағима Ахмадеева есімін ұлықтау, қоғам қайраткерлері Фарит Фаткульдинов, Фаат Китаев, Фуат Сайфельмулюков, Камал Шүкенов және Батырхан Шүкенов сынды тұлғалардың есімдерін дәріптеу бағытында атқарылған жұмыстар кеңінен айтылды.
Сондай-ақ, татар этносының мәдени мұрасын насихаттаудағы маңызды жобалар – «Сабантой» мерекесі, «Татарча диктант» халықаралық акциясы, «Тақиямен жүгіру» спорттық шарасы, «Еңбектеу жарысы» отбасылық жобасы және басқа да дәстүрлі іс-шаралар таныстырылды. Өткен жылы Сыр өңірінде «Сабантой» мерекесінің 20 жылдығы да кең көлемде аталып өткенін ерекше атап өткен жөн.
Мерейтой барысында татар этномәдени орталығы жанынан құрылған «Сарман» вокалдық ансамблі мен «Жасмин» би тобының шығармашылық жетістіктері де ерекше аталып өтті. Бұл ұжымдар ширек ғасырдан астам уақыт бойы өңірдің мәдени өміріне белсенді араласып, түрлі байқаулар мен фестивальдерде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Шараға Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Татарстан Республикасынан арнайы қонақтар қатысты. Олардың қатарында татар қоғамдық ұйымдарының жетекшілері, қоғам қайраткерлері және танымал өнерпаздары болды. Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Чулпан Юсупова, Рүстем Насыбуллин және баяншы Ильнур Ғаниев көрермендерге ерекше концерттік бағдарлама тарту етті.
Мерейтойлық кеш – достық пен рухани сабақтастықтың, мәдени әртүрлілік пен қоғамдық келісімнің жарқын көрінісіне айналды. Үш жарым онжылдық ішінде Қызылорда облыстық татар этномәдени орталығы өңірдегі этносаралық татулықты нығайтуға, ұлттық мәдениетті дамытуға және жас ұрпақты достық пен толеранттылық рухында тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып келеді.
Бүгінде Қызылорда облысында 2000-ға жуық татар этносының өкілдері өмір сүруде. Орталық тек татар этносының мәдениетін дәріптейтін ұйым ғана емес, ол – Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісімін нығайтатын маңызды қоғамдық институттардың бірі. Оның 35 жылдық белесі – татулық пен бірліктің, мәдени сабақтастық пен рухани жаңғырудың айқын айғағы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
