Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, жастардың ана тіліне деген қызығушылығын арттыру және шешендік өнерін дамыту мақсатында «Жастар және мемлекеттік тіл» тақырыбында дебат турнирі өткізілді.
Аталған іс-шараға өңірдегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарының белсенді студент жастары қатысып, өзара пікір алмасып, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылады. Дебаттың басты мақсаты – жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және азаматтық ұстанымын қалыптастыру.

Дебат турнирінің ашылуында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Раушанбекұлы Қамбаров сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде қазақ тілі – ел бірлігінің, ұлттық бірегейліктің негізі екенін атап өтіп, жастарды мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны күнделікті өмірде дұрыс қолдануға шақырды.
Іс-шараға келесі командалар қатысты:
• Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Ақиқаты осы», «Қисын», «Өзімізғой», «Қос қарлығаш», «Атау» фракциялары;
• «Болашақ» университетінің «Тас түйін» фракциясы;
• Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің «Құйын» фракциясы;
• М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Мәншүк» фракциясы.
Турнир барысында қатысушылар мемлекеттік тілдің өзекті бағыттарын талқылап, өз ұстанымдарын дәлелді түрде жеткізді. Пікірсайыс барысында жастардың білімділігі мен шешендік қабілеті айқын көрінді.
Осындай зияткерлік алаңдар жастардың тұлғалық дамуына, көшбасшылық қасиеттерінің қалыптасуына және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Турнир қорытындысы бойынша:
І орын – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Ақиқаты осы» фракциясы;
ІІ орын – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Өзімізғой» фракциясы;
ІІІ орын – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің «Құйын» фракциясы иеленді.
Сондай-ақ, «Ақиқаты осы» фракциясының спикері Асқар Әлихан «Үздік спикер» номинациясымен марапатталды.
Барлық қатысушылар басқарма басшысының Алғыс хатымен, ал жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
