Бүгін Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің кеңейтілген мәжілісі өтіп, онда білім беру жүйесіндегі маңызды бағыттар жан-жақты сараланды. Мәжіліске қала мектептерінің директорлары қатысып, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Жиында Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Бағдат Бердаулетов білім саласындағы жүйелі жұмыстар мен жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды.
– Әрбір білім беру ұйымы тәрбие мен білім сапасына бірдей жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әсіресе, оқушылардың қауіпсіздігі, олардың құқықтық сауаттылығы мен рухани дамуы біздің басты назарымызда. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыстар жалғаса береді, – деді Бағдат Камбозұлы.

Күн тәртібіне сәйкес, ең алдымен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі қаралды. Бұл бағытта білім беру ұйымдары мен ата-аналардың бірлескен жұмысының маңызы ерекше екені атап өтілді.
Келесі кезекте жалпы орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің барысы талқыланды. Оқушылардың психологиялық ахуалын тұрақтандыру, олардың жеке дамуына жағдай жасау және кәсіби мамандардың жұмысын жетілдіру мәселелері кеңінен сөз етілді.
Сондай-ақ, ағымдағы оқу жылының білім сапасы мен ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер пысықталды. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және парасаттылық мәдениетін қалыптастыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл бағытта ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету басты басымдықтардың бірі.
Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, білім беру ұйымдарының жұмысын жетілдіру бағытындағы міндеттер белгіленді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
