Сырын бүгіп өткен күннің маң дала,
Шарқ ұрамын күшімді іздеп айнала,
Жүгіремін қырқаларда гүл тұнған,
Самал желі маңдайымды аймала.
Шіркін дала! Балалығым бал күнім,
Қол бұлғасаң барар едім дәл бүгін.
Алыстағы сағымдарға оранған,
Жастығымның теріп берем, ал гүлін, – деп жырлап, лирикалық өлеңімен Алашқа танылған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының жетекшісі Қаршыға Есімсейітованың есімі елге белгілі.
Қаршыға Құрмашқызы – журналист, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан телерадио академиясының «Алтын жұлдыз» иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, Шиелі, Сырдария аудандарының Құрметті азаматы.
Ел ардақтаған аяулы ақынмен Ж.Нұрсейітов атындағы № 233 орта мектебінде кітапханашылар Айгүл Райкулова, Дина Пайызованың ұйымдастыруымен Ұлттық кітап күніне орай «Жырмен өрілген ғұмыр» тақырыбында ақынмен кездесу өтті.
– Кездесудің мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық әдебиетке құрмет сезімін қалыптастыру, жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, – дейді кітапханашы Айгүл Райкулова .
Басқосуда оқушылар ақынның өнегелі өмір жолдары және шығармашылығымен танысып, өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Шығармашылық иесіне сауал жолдап, еркін пікір алмасты. Ақынның сөзіне жазылған әндер мерекелік кештің сәнін кіргізіп, әдеби көріністер мазмұнын ашты. Оқушыларға ерекше әсер сыйлаған кеш соңында Қаршыға Есімсейітова оқырмандарға өз кітабын сыйға тартты.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!