Сенбі, 25 сәуiр, 01:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2242)
25.04.2026
PDF мұрағаты

Өрт сөндіргіш пен медициналық қобдиша бар ма?

25.04.2026

37 0

Соңғы күндері «WhatsApp» және басқа да әлеуметтік желілерде Қызылорда қаласына «басқа өңірлерден рейд келеді», «жасырын патрульдер шығады» деген мазмұндағы хабарламалар тарады. Бұл жаңалықты естіген кейбір жүргізушілер көліктерін тексеріп, алғашқы көмек қобдишасы, өрт сөндіргіш және басқа да қажетті құралдарды жаппай іздей бастады. Тіпті кей дүкендерде мұндай заттарға сұраныс уақытша көбейіп, тапшылық байқалғаны да айтылды.

Әлеуметтік желіде тараған хабарламаларда көлікке қойылатын талаптар тізімі де көрсетілген. Онда қосалқы дөңгелек, жазғы шиналардың толық жиынтығы, домкрат, болттар, әйнек жағдайы, дәрігерлік қобдиша, өрт сөндіргіш, авариялық белгі, трос, сақтандыру полисі, техникалық байқау, шамның дұрыстығы және басқа да көптеген шарт тізбектелген. Алайда бұл талаптардың бір бөлігі нақты ережелерге сәйкес келсе, бір бөлігі асыра айтылған немесе толық расталмаған ақпарат екені байқалады.

Халық арасындағы дүрбелеңнен кейін біз де жүргізушілер жиі із­дейтін алғашқы медициналық  көмек қобдишасы мен өрт сөндір­гіш құралдарын алу үшін авто­дүкендерді аралап көрдік. Алайда біз аралаған дүкендердің бар­лығын­да сатушылар бұл тауар­лардың таусылғанын, кейбірінің әлі жеткі­зілмей жатқанын айтты.

Осындай жағдайға тап болған қала тұрғыны Бағлан да бір күнін қажетті жабдықтарды іздеумен өткізгенін айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік желідегі ақпараттан кейін көлігін толық тексеріп шығуға кі­ріскен, алайда ең алдымен қажет болған дәрігерлік қобдишасын табу қиынға соққан.

Осы жағдайға байланысты Қызылорда облыстық полиция де­партаментінің баспасөз қызметі түсініктеме  беріп, таралған ақпа­раттың жалған екенін ресми түрде мәлімдеді. Яғни, әлеуметтік желілерде тараған «арнайы рейд келеді», «жаппай тексеріс бола­ды» деген хабарламалар шындыққа сәйкес келмейді.

Полиция департаментінің мә­лі­­метінше, жол қозғалысын бақы­лау және тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде, заң аясында тұрақты жүріп оты­рады. Бірақ әлеуметтік желі­дегі жазбалардағыдай арнайы «сырттан келетін рейд» туралы ақпарат шындыққа жанас­пай­тынын айтты.

Әлеуметтік желілерде тексеріл­меген ақпараттар тез тарап, жүр­гізушілер арасында алаңдау­шы­лық туғызды. Соның салдарынан кейбіреулер көліктерін алдын ала тексеріп, қажетті жабдықтарды іздеуге көшті, ал нарықта сұраныс уақытша артты.

Көлік құралдарының техника­лық талаптары мен жол қозғалысы ережелері бұрыннан бар және тұ­рақты. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар жиі кездеседі және олар негізінен тексерілме­ген ақпараттың тез таралуынан туындайды. Сондықтан кез келген хабарламаны ресми дереккөздерден алу қажет.

Думан РАХЫМЖАНҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: