Орталық Азия елдері үшін экологиялық сын-қатерлер бұрыннан ортақ болса, енді оларды шешудің жолдары да біртұтас сипат ала бастады. Осы ретте 22-24 сәуір аралығында Астанада өткен өңірлік экологиялық саммит – аймақтың экологиялық дипломатия тарихындағы бетбұрыс кезеңі. 2023 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық деңгейде ұсынған бастама небәрі екі жылдың ішінде ауқымды стратегиялық жобаға айналып үлгерді. Алғашқыда тек климаттың өзгеруіне бағытталған талқылау ретінде ұйымдастырылған бұл іс-шара күн тәртібін айтарлықтай кеңейтті. Астана төрінде су қауіпсіздігі, биоалуантүрлілікті сақтау, халық денсаулығы, ауа сапасын жақсарту және қалдықтарды тиімді басқару сынды өміршең мәселелер жан-жақты талқыланды.
Бұл бастама халықаралық деңгейдегі Біріккен Ұлттар Ұйымының тікелей қолдауымен өтуде. Орталық Азиядағы экологиялық түйткілдердің тек жергілікті деңгейде емес, жаһандық тұрақсыздыққа әсер ететін фактор екенін айқын көрсетеді.
Бастаманың институционалдық негізі де өте берік. 2023 жылдың соңында БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған арнайы қарар Орталық Азияның орнықты даму жолындағы өңірлік ынтымақтастығын нығайтуға ресми мәртебе берді. Соңғы екі жыл ішінде бұл идея Түркі мемлекеттері ұйымының жоғары деңгейдегі декларацияларында және Орталық Азия басшыларының консультативтік кездесулерінде бірнеше мәрте мақұлданып, саяси қолдауға ие болды. Әсіресе, 2025 жылы Алматыда БҰҰ-ның Өңірлік орталығының ашылуы және Антониу Гутерриштің бұл үдеріске тікелей қатысуы Астана саммитінің маңызын арттыра түсті.
Халықаралық сарапшылардың талқылауы нәтижесінде жаңартылған экологиялық тұжырымдама әзірленіп, болашақ декларацияның іргетасы қаланды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазірдің өзінде өңірлік маңызы бар 20-дан астам нақты бастама дайын тұр. Астанадағы бұл басқосу тек жиын емес, Орталық Азияның экологиялық қауіпсіздігі мен басқару жүйесінің жаңа архитектурасын қалыптастыратын стратегиялық кезеңге айналды. Мұнда қабылданған шешімдер алдағы онжылдықтарда өңірдегі экожүйелердің орнықтылығын қамтамасыз ететін негізгі тетік болмақ.
Жиын жүгі
Елорда төрінде өткен алқалы жиынның ауқымы мен мазмұны стратегиялық маңызы бар тарихи белес екенін айқын аңғартса керек. Саммиттің қазіргі форматы ұйымдастырушылар көтерген мәселелердің өзектілігінен көрініс тауып отыр. Бір алаңға үкімет басшыларын, халықаралық ұйымдар мен даму институттарының өкілдерін, іргелі ғылым мен бизнес саласы және азаматтық сектор белсенділерін қосқанда, жалпы саны 1500-ге жуық қатысушының жиналуы жаһандық деңгейдегі сенімнің белгісі.
Жиынның ресми бағдарламасы сегіз негізгі бағытты қамтиды, олардың әрқайсысы қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап беруге бағытталған. Алдымен, климаттық өтпелі кезеңді қолдау мақсатында зиянды шығарындыларды азайту, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын қуат көздерін іске қосу мәселелері назарға алынды. Сонымен қатар экономикалық орнықтылық пен бейімделу тетіктері, азық-түлік қауіпсіздігі және табиғи экожүйелерді сақтау жолдары жан-жақты талқылануда. Аса маңызды аймақтар саналатын Арал мен Каспий теңіздерінің тағдыры, су ресурстарын ұтымды басқару мәселесі де бағдарламаның өзегіне айналды. Мұнымен қоса, ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды өңдеу және циркулярлы экономикаға көшу сияқты экологиялық міндеттермен қатар, жасыл қаржыландыру мен технология трансферінің нарықтық тетіктері қарастырылып жатыр. Әлеуметтік аспектілер де ұмыт қалған жоқ, «әділ өтпелі кезең» қағидаты аясында жаңа жұмыс орындарын құру мен мамандарды қайта даярлау, ал цифрлық дәуір талабына сай жасанды интеллектіні ресурстарды басқаруға жұмылдыру мәселелері де күн тәртібінде.
Форум аясында мұздықтардың еруі, Арал өңірінің экологиялық жағдайы мен халық денсаулығы, жасыл энергетика үшін кадрлар даярлау және су секторына инвестиция тарту сияқты нақты тақырыптық алаңдардың іске қосылуы бұл процестің практикалық сипатын бекіте түсті.
Су тапшылығы мен экологиялық трансформация
Саммит Орталық Азия мемлекеттерінің климат өзгерісіне қатысты ұстанымын айқын көрсетті. Қазақстан үшін өзекті мәселе – су қауіпсіздігі, энергетикалық өтпелі кезең және өңірлік институттар құру. Мемлекет басшысы өз сөзінде экологиялық таза энергияға көшу, тозған жерлерді қалпына келтіру, су үнемдеу саясаты, биоалуантүрлілікті қорғау және өңірлік ынтымақтастықты күшейту негізгі басымдық ретінде белгіленгенін атап айтты. Ол Қазақстанда электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергиядан өндірілетінін, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15 пайыздан асуы тиіс екенін айтты. Сонымен бірге Қазақстан Каспий мәселесін мемлекетаралық бағдарлама деңгейіне көтеріп, БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру идеясын қайта ұсынды.
Өзбекстан ұстанымы климаттық әділеттілік пен су тиімділігіне көбірек ден қояды. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өз сөзінде Орталық Азиядағы температура жаһандық орташа деңгейден екі есе жылдам өсіп жатқанын, мұздықтардың үштен бірі жоғалғанын, су тапшылығы жылдан-жылға артып келе жатқанын және жердің тозуы 80 миллион гектарға жеткенін айтты. Оның негізгі саяси тезисі – климат өзгерісіне аз үлес қосқан мемлекеттер мұның салдарын жалғыз көтермеуі керек, сондықтан дамушы елдер үшін климаттық қаржыға, технологияға және инновацияға тең әрі дер кезінде қолжетімділік қажет. Өзбекстан сонымен қатар «Орталық Азияның таза ауасы» атты мемлекетаралық консорциум құруды, бағдарламаларды тереңдетуді, су үнемдеуді күшейтуді және 2026-2036 жылдарды суды ұтымды пайдалану онжылдығы ретінде қабылдауды ұсынды.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың айтуынша, Қырғызстанда 2020 жылдан бері сел мен тасқын секілді төтенше жағдайлар үш есе көбейген, мұз басу аумағы 16 пайызға азайған, ал ғасыр соңына қарай мұздықтардың 80 пайызына дейін жоғалу қаупі бар.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мұздықтардың еруі су теңгерімін бұзып, апат тәуекелін ұлғайтып жатқанын ескертті.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов болса, өңірде БҰҰ қолдауымен климат технологиялары мен шөлейттенумен күрес орталықтарын ашу, сондай-ақ Арал мәселесі бойынша IFAS-пен ынтымақтастық туралы жаңа БҰҰ қарарын әзірлеу қажеттігін көтерді.
Елдер арасында кемінде үш ортақ түйін бар екенін көруге болады. Біріншіден, бәрі де климат өзгерісін енді тек экологиялық емес, су, азық-түлік, энергетика және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі ретінде қабылдайды. Екіншіден, барлығы дерлік сыртқы климаттық қаржы мен технология трансферіне әділ тиімділікті талап етеді. Үшіншіден, өңірлік ынтымақтастықтың жаңа институттарынсыз яғни су ұйымы, криосфера бағдарламасы немесе IFAS-ты жаңғырту ұлттық деңгейдегі шаралар жеткіліксіз екенін түсінеді.
Арал мәселесі алаңдатады
Астанада өткен экологиялық саммит Арал тақырыбын, Орталық Азияның болашағын айқындайтын мәселені күн тәртібіне шығарды. Бұл жолы Арал теңізі жай ғана экологиялық қасірет ретінде емес, су қауіпсіздігі, халық денсаулығы, өңірлік басқару, климатқа бейімделу, деректер алмасу және халықаралық қаржыландыру тоғысатын үлкен мәселе ретінде қарастырылды. Саммит алаңындағы талқылаулар мен қабылданған шешімдер осыны айқын аңғартты.
Арал мәселесі форумда екі негізгі бағыт бойынша көтерілді. Бір жағынан, мемлекет басшылары Халықаралық Аралды құтқару қоры аясында бас қосып, бірқатар маңызды құжаттарды қабылдады. Екінші жағынан, саммиттің сарапшылық және салалық панельдерінде Арал маңы халқының денсаулығы, экологиялық тәуекелдер және өңірдің болашағы бөлек талқыланып, жаңа бірлескен құжаттар мен жол карталары ұсынылды.
Саммиттің ресми бағдарламасында Аралға арнайы арналған сессиялардың болуы да көп нәрсені аңғартты. «Болашақ ұрпақты қорғау: экологиялық күн тәртібінің өзегіндегі денсаулық – Арал өңірінің сабақтары мен шешімдері» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылды.
Жиында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан Президентінің экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы және халықаралық экологиялық күн тәртібін ілгерілетудегі айрықша рөлін атап өтті.
– Экологиялық саммиттің пленарлық отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев экологияны салалық мәселе емес, даму идеологиясы мен өмір салты екенін нақты айтты. Оның негізінде болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, әділетті экологиялық модельге көшу қағидаты және халықаралық ынтымақтастықтың ұйыстырушы рөлі жатыр. Осы тұрғыда бастау алған «Таза Қазақстан» қозғалысы жаңа экологиялық мәдениетті – жеке жауапкершілік, табиғатқа жанашырлық және азаматтық белсенділік мәдениетін қалыптастырып келеді, – деді ол.
Аралға қатысты ең маңызды саяси шешімдер саммит аясында өткен Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында қабылданды. 2023-2026 жылдары атқарылған жұмыстар сараланып, Арал бассейні елдеріне көмек көрсету бағдарламасы мен өңірлік экологиялық бағдарламаны жалғастыру жайы айтылды.
Саммитте айтылған деректер Арал мәселесінің ауқымы әлі де аса күрделі екенін көрсетті. Солтүстік Аралдың шамамен 36 пайызы қалпына келтіріліп, теңіздегі су көлемі 18,9 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін артқан. Бұл – белгілі бір жетістік. Бірақ осы жетістік жалпы ахуалды түбегейлі өзгертті деуге әлі ерте. Себебі Арал маңында жазғы ауа температурасы орта есеппен 2-2,5 градусқа жоғарылаған, жүз шақырымдық белдеуде жауын-шашын азайған, ал өңірдегі су ресурстарының 80 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады.
Денсаулыққа қатысты келтірілген мәліметтер де алаңдатарлықтай. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Арал маңы өңірінде 3 миллионнан астам адам тұрады, ал бұл аймақтағы аурулардың 40%-ға дейіні экологиялық факторлармен байланысты. Экологиялық дағдарыстың салдары ретінде тыныс алу және жүрек-қан тамыры ауруларының көбеюі, сондай-ақ әйелдер мен балалар арасында қаназдықтың кең таралуы байқалып отыр.
Сессия барысында қатысушылар болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғауға бағытталған басым шараларды талқылап, экологиялық қатерлерді азайтуға және денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға арналған «Арал теңізі өңірінің салауатты болашағы» жол картасының жобасын таныстырды.
Аралдың құрғаған табанынан жыл сайын атмосфераға көтерілетін шаң көлеміне қатысты мәліметтер де алаңдатты. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, теңіздің құрғаған табанынан жыл сайын 100 миллион тоннаға дейін тұз, шаң және улы пестицид қалдықтары ауаға көтеріледі. Бұл тек Қазақстанға немесе Өзбекстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңіріне, тіпті одан да кең аумаққа әсер ететін экологиялық факторға айналып отыр.
Халықаралық ұйымдар өкілдерінің пікірі де осы ұстаныммен үндесті. ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пирич ғылыми қорытындыларды нақты іс-қимылға айналдыру қажеттігін айтты. Ал БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсен Арал тақырыбын климат өзгерісі, жердің тозуы және су тапшылығы тізбегіндегі түйінді салдардың бірі ретінде бағалады.
Экологиялық дипломатия мен өңірлік интеграция
Астана төрінде өткен халықаралық экологиялық форум Орталық Азияның жаһандық климаттық күн тәртібіндегі рөлін қайта қарап, аймақтық ынтымақтастықтың сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін айқын көрсетті. Саммит аясында айтылған сарапшылық пікірлер бұл іс-шараның стратегиялық маңызы жоғары, институционалдық негізі берік бастама екенін айғақтайды.
Белгілі сарапшы Оливье Ариффон «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатында бұл форумды «өңірлік қозғалыстың бастамасы» деп бағалап, оның геосаяси және интеграциялық әлеуетіне ерекше тоқталды. Оның пайымдауынша, аталған диалог алаңы бес Орталық Азия елін ғана емес, Әзербайжан мен Моңғолия сынды іргелес мемлекеттерді, сондай-ақ жаһандық институттарды бір арнаға тоғыстыруымен құнды. Дегенмен, сарапшы мұндай ауқымды іс-шаралардан кейін нақты бағдарламалар мен шешім қабылданбаса, бұл тек символдық деңгейде қалып қою қаупі бар екенін ашық айтты.
Ғылым мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты жою мәселесі ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пиричтің пікірінше, қазіргі таңдағы басты міндет ғылыми қорытындыларды нақты іс-қимылға айналдыру маңызы, экологияны жақсарту қарапайым қағидаларды сақтаудан басталатынын атап өтті.
Халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығы БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының басшысы Ингер Андерсеннің баяндамасында айқын көрінді. Ол аймақтағы температураның жаһандық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жылдам көтеріліп жатқанын, биоалуантүрліліктің кемуі мен Арал және Каспий теңіздерінің тартылуы миллиондаған адамның тағдырына тікелей әсер ететін экзистенциалды қатер екенін мәлімдеді.
Осы маңызды жиынға арнайы қатысқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Электрэнергетикасы, техносфералық қауіпсіздік және экология» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы Светлана Кужамбердиеваның пікірінше, саммит аймақтың климаттық күн тәртібіндегі рөлін түбегейлі өзгертті.
– Елордамыз Орталық Азияның климаттық дипломатия орталығы ретінде халықаралық алпауыт ұйымдар мен сарапшылардың басын қосып, өзекті мәселелердің шешілуіне тың серпін берді. Саммиттің практикалық сипаты мен ұсынылған инновациялық шешімдердің деңгейі ерекше атап өтуге тұрарлық. Біз бұдан былай экологиялық мәселелерді теориялық тұрғыда ғана емес, Арал бассейнін қалпына келтіруге арналған интеллектуалды жүйелер, «жасыл» энергетика және қалдықтарды қайта өңдеу стартаптары арқылы нақты іс жүзінде шешуге көштік. Бұл жиын біздің аймақты климаттық күн тәртібінің сырттай бақылаушысынан белсенді субъектісіне айналдырғанының айқын дәлелі. Бірінші күнгі пленарлық мәжілісте БҰҰ Бас хатшысының орынбасары мен ЮНЕП басшылары Арал мәселесін көтерді. Саммиттің екінші күні Каспий теңізінен мұздықтарды қорғауға дейінгі өзекті тақырыптар қозғалды. Қырғызстанның тау климаты, Тәжікстанның мұздықтары, Түркменстанның шөлейттенумен күресі және Өзбекстанның таза ауа бастамалары бір арнаға тоғысты. 2035 жылға дейінгі «жасыл қалқан» бағдарламасы, шағын гидроэнергетиканы дамыту және көміртегі құнын белгілеу тетіктері сынды нақты құралдардың талқылануы экологиялық саясаттың нақты технологиялық және заңнамалық арнаға түскенін көрсетеді. Орталық Азияның экология тілінде біртұтас сөйлей бастауы және мұндай ауқымды бастамалардың елорда төрінде жүзеге асуы – мемлекетіміздің тұрақты даму бағытына деген берік ұстанымын айғақтайды, – дейді ол.
Астана саммиті үш маңызды өзгерісті айқындады. Біріншіден, климат мәселесі алғаш рет су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігімен тұтас жүйе ретінде қарастырылды. Екіншіден, мемлекеттер өз мүдделерін ортақ жауапкершілік ретінде тұжырымдай бастады. Үшіншіден, Орталық Азия халықаралық аренада жаһандық экологиялық басқарудың нақты тетіктерін ұсына алатын дербес субъект ретінде бой көрсетті. Егер бұл үрдістер тұрақты қаржыландыру және мониторинг тетіктерімен бекітілсе, Астанада басталған диалог өңірдің тұрақты дамуының жаңа тарихи кезеңіне айналмақ.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!