Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты болса, сол елдің еңсесі де биік болатыны белгілі. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтпаса керек. Өркениетті ел, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, тілімен, рухани қазынасымен, көркем әдебиет пен өнерге қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Сыр елінің бас қаласы Қызылорданың мәдени өмірінде елеулі жаңалықтар бар. Сән-салтанаты келіскен шаһардың мәдени, рухани өмірінің гүлденуінде, ұлтымыздың өміршең салт-дәстүрін, ана тілін, өркениетін, тарихын елге танытып, мәдени дамуымызда көшбасшы болып жүрген Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің атқарып жатқан жұмысы аз емес.
Алты Алаш қадір тұтқан бас шаһардың бұл күнде сәулеті айшықталып, мәдени нысандар көбейіп, рухани, танымдық шаралар кең ауқымда өткізілетін мерейлі мекенге айналды. Қалада мазмұнды іс-шаралар өткізу, дүйім елге насихаттау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің құзырында. Мәдениет, театр, өнер, кітапхана, тарихи-мәдени мұра нысанын қорғау және пайдалану, мемлекеттік тілді және басқа тілдерді дамыту мақсатында атқарылған жұмыстар аз емес.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаевтың айтуынша, жыл басынан бері қала бойынша 261 мәдени-көпшілік іс-шара өткен. Сыр елі өзге өңірлерге үлгі болып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, насихаттау және дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Нәтижесінде мемлекеттік мекемелердің құжат айналымы түгелімен қазақ тіліне көшкен. Сонымен қатар қала көшелерінің атауын жүйелеп, заманауи қалыпқа келтіріп, оларға елге еңбегі сіңген тұлғалар мен жер-су аттарының есімін беру мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің міндетінің бірі. Бүгінде комиссия шешімімен нақтыланған 1279 көше болса, 830-ы қаланың, 449-ы ауылдық округтің меншігінде.
Республикалық ономастика комиссиясы 48 ардагердің есімін қолдап, бекіту туралы оң қорытынды берсе, 17 ардагердің есімі ауылдық округтен бекітілген. Сонымен қатар республикалық ономастикалық комиссиясымен бекітілген көше атауын жазу және орналастыру жөніндегі ұсынымға сәйкес қала көшелеріндегі тақтайшаларды жаңалау мақсатында қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс жолданып, бірлесіп жұмыс атқарылуда.
Қалаға қарасты кент және ауылдық оругтегі идеологиялық тұрғыда ескірген атаулар ауыстырылып, тарихи тұлғалар мен жер, су атаулары берілген.
– Қала көшелеріндегі көрнекі ақпарат құралдарында «Тіл туралы» заңның 21-бабының, «Жарнама туралы» заңның 6-бабының сақталмауы жиі кездеседі. Заңнамада белгіленген талапты бұзған меншік иелеріне түсіндірме жүргізіліп, жазбаша ескертпе беріліп, көрнекі ақпараттың мәтінін жазу және орналастырудың үлгісі таратылуда. Зерделеу мақсатында қала орталығындағы 59 нысанға түсіндірме жүргізіліп, 37 кәсіпкерге ескертпе берілді. Сонымен қатар қаладағы мейрамхана мен жылдам әзірленетін дәмхананың ас мәзірін қазақ тілінде жазу мәселесі көтеріліп, нәтижесінде бүгінде 91 пайызға жуық ас мәзірі қазақ тіліндегі мәтінге ауыстырылды, – дейді бөлім басшысы.
Бүгінде екі ғасырдан астам тарихы бар Қызылорда қаласында 85 тарихи-мәдени мұра мемлекет қорғауына алынған, оның 4-і республикалық, 34-і жергілікті маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіштері. 47 нысан тарихи-мәдени мұра тізіміне алдын-ала енгізілген.
Халықтың рухани, ағартушылық дамуында кітапхананың рөлі зор. Өйткені онда өткізілген тәрбиелік іс-шаралар қоғамды тәрбиелеп қана қоймай, кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, ой-сананың өркендеуіне, ізгілік пен адамгершілікке баулиды. Рухани қазынаның иесі кітапханашының ұйымдастыруымен қаладағы 21 кітапханада үздіксіз тағылымдық кештер, кездесулер, салтанатты іс-шаралар өткізіледі. Кітапқа қызығушы оқырман санының өсуі асыл қазынаға деген ел құрметінің еселенуінің дәлелі. Бүгінде оқырмандар сұранысына сай кітап қоры – 648257, қазақ тіліндегі кітап саны – 265544. Биыл алынған жаңа әдебиеттер саны – 60, оның ішінде ана тілімізде – 60.
Алғашқы тоқсанның өзінде оқырмандармен 162 мәдени-көпшілік шара өткізілген. 21 кітапхана интернет желісімен қамтылып, қызметін 1652 оқырман пайдаланған.
Қаладағы «Жастар театрының» да жұмысы жолға қойылған. Шығармашылықпен жұмыс істейтін өнер иелері биылдың өзінде 16 қойылым сахналаған. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы өткізілген конкурс нәтижесінде жылжымалы сахна және дыбыс күшейткіш құрылғы сатып алынған. Сахна шеберлері әйгілі француз жазушысы А.Галланның «Аладдин» балалар ертегісін, М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясын, М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» психологиялық драмасын, Зейнолла Шүкіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?» лирикалық драмасын ұсынып, көпшіліктің құрметіне бөленді.
Тасбөгет кентінде орналасқан С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Мұзтаудың мұзбалағы» атты әдеби-сазды кеш өткізіліп, ақын жырларынан үзінді оқылып, оның өмірі мен шығармашылығы кеңінен насихатталған. Мұқағали өлеңдеріндегі махаббат, сағыныш, өмір, адамгершілік тақырыптары көрермен жүрегінен орын тауып, поэзия кеші шынайы эмоцияға толы рухани жүздесуге айналды. «Мұзтаудың Мұзбалағы» кеші – поэзияны сүйетін жандардың басын қосқан, Мұқағали рухына тағзым еткен мағыналы мәдени шара болған.
«Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Креативті HUB» бағыты бойынша «Тоқыма өрнектері – ұрпақ сабақтастығы» атты шеберлік сағаты ерекше үлгіде өткен. Шеберлердің тәжірибесі мен тағылымды кеңесі қатысушыларға үлкен әсер қалдырып, ұрпақ сабақтастығын дәріптеудің маңызын айқындай түсті
Дүниежүзілік мейірімділік күніне орай Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Абай ауылдық мәдениет үйі мен Белкөл кенті клубының өнерпаздары тағылымды мәдени-рухани шара ұйымдастырып, концерттік бағдарлама ұсынған. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда мейірімділік, ізгілік, адамгершілік құндылықтарды насихаттау, рухани қолдау көрсету.
Өнегелі істі үйлестіріп, мерекелік мезіретті кең көлемде ұйымдастырып, қала тынысын ашуға тынымсыз еңбек ететін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызу жұмысы халықтың көз алдында атқарылып, елдің ықыласына бөленуде. Уақытпен санаспайтын сала өкілдері елдің қуанышымен ортақтасып, қала өміріндегі мерейлі сәттердің куәгері болып, тарихтың тағылымын қалалықтарға насихаттап келеді.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!