Театр өнері – адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігі. Бұл тек көрерменге қойылым көрсету ғана емес, адам жанын тебірентіп, ой салып, рухани азық сыйлайтын ерекше өнер. Бүгінгі таңда театр әлемде маңызды әлеуметтік және мәдени рөл атқарады. Әлемде әр елдің өз ерекшелігімен жеткен театрлық дәстүрі бар.
\Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында биылғы қаңтар-наурыз айларында 60-қа жуық спектакль көрсетілген. Оның ішінде 24 драмалық қойылым, 9 балалар қойылымы және 27 қуыршақ қойылымы.
Өткен жылы Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында жыл көлемінде барлығы 214 спектакль көрерменге жол тартқан. Театр ұжымы толағай табыстарға қол жеткізіп, өскелең ұрпаққа арналған 133 балалар қойылымы мен 81 драмалық шығарма көрермен назарына ұсынылды.
Қазақ кәсіби театрының шымылдығы алғаш рет 1925 жылы Сыр топырағында түрілген болса, сол игі дәстүрді бүгінде тарихы 1955 жылдан басталатын Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық драма театры абыроймен жалғастырып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордаға келген сапарында: «Сыр елінде жаңа драма театр құрылысы басталуы керек. Бұл өңірдің рухани әлеуетін көтеруге, жас таланттардың шыңдалуына зор ықпал етеді», – деген еді. Міне, сол игі бастама аясында жаңа драма театрдың құрылысы басталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев зиялы қауым, ел ағаларының қатысуымен жаңа драма театрдың капсуласын салу рәсіміне қатысты.
Президент саябағының аумағында бой көтеріп жатқан жаңа театр ғимараты заманауи сәулет өнері мен соңғы технологиялық жетістіктердің тоғысқан жері болмақ. Бұл нысан тек сыртқы келбетімен ғана емес, ішкі мүмкіндіктерімен де таңғалдырады. Атап айтқанда, 510 орынға арналған көрермен залы, жарық жүйелерімен, халықаралық стандарттарға сай келетін ерекше акустикамен жабдықталады. Бұл жоба облыстық драма театр ұжымына ауқымды декорациялар мен қойылымдар сахналауға мүмкіндік береді. Мұндай заманауи өнер ордасының Президент саябағында орналасуы Сыр елінің мәдени келбетін жаңа деңгейге көтеріп, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті рухани мекеніне айналады.
Аймақ басшысы жаңа театрдың ашылуына жиналған жұртшылықты жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қаламызда өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында «Жалпы «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған», – деп атап өтіп, Қызылордадағы жаңа драма театр құрылысы биыл басталатынын айтқан еді. Театр ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, руханиятты байытуға зор үлес қосып келеді. Жетпіс жылдан астам тарихы бар, қазақ театр өркениетінің қарашаңырағы Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық академиялық драма театры – Сыр өңірінің мәдени өмірінің ажырамас бөлігі.
Президент саябағы аумағында іргетасы қаланатын жаңа театр – төл өнерімізді түлететін, жас буынның шығармашылық әлеуетін шыңдайтын, ұлттың жаны сөйлейтін киелі мекен болады деп сенеміз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Қызылорда – қазақ театр өнерінің негізі қаланған жер. Бір ғасыр бұрын жаңадан құрылған ұлттық театрдың алғашқы қойылымы осында сахналанған. Сыр жұртшылығы халқымыздың асыл мұратын, құндылықтарын сахна арқылы ұрпақ санасына сіңіріп келген ұлт театрының Қызылордадан бастау алғанын мақтаныш тұтады.
Қазақтың ұлттық кәсіби театрының шымылдығы түрілген Қызылордада бір ғасырдан соң жаңа ғимараттың іргетасы қалануының өзіндік мәні бар. Қызылорда – қазақ театр өнерінің қалыптасу тарихында ерекше орын алатын қала. Бір ғасыр бұрын ұлттық театрдың алғашқы қойылымдары осы өңірде сахналанған. Сондықтан жаңа театрдың дәл осы жерде салынуы тарихи сабақтастықты жалғастырып, рухани маңызы жоғары оқиға ретінде бағалануда.
Рәсімде сөз сөйлеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір Президент саябағы аумағында үлкен құрылыстар, үйлер салынып, керемет орталыққа айналып жатқанын, соның ортасында төл театр ғимараты тұрса, көрікті дүние болып шығатынын айтты.
2022 жылдан бері өңірде 22 мәдениет нысаны жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Барлық ауданда «Руханият орталықтары» ашылды. Облыстың бас шаһарында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Оқушылар сарайы» бой көтерді.
Айта кетейік, аумағы 11 мың шаршы метрді құрайтын нысан құрылысын қысқа мерзімде аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!