Сейсенбі, 23 сәуiр, 15:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым

23.04.2024
PDF мұрағаты

«Бай болғың келсе, кәсіп қыл»

01.12.2022

1423 0

Фотосурет ашық дереккөзден алынды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың осы бір ғибратты сөзін әр қазақ  есте ұстағаны жөн. «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек» деген екен.

Бүгінде кәсіп етуге ұмтылған жандар көп. Бір кәсіп бастап өркендетсем, бай болсам деген ниетпен жаңа жобаларды жүзеге асыруға ұмтылып, ізденіп жүргендердің қарасы қалың екенін көргенде қуанасың. Себебі кәсіпкерлік саласы ел экономикасының қозғаушы күші. Демек, кәсіп көбейген сайын экономикалық жағдай да жақсара беретінін дәлелдеудің қажеті жоқ. Ел Президенты Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шағын және орта кәсіпке нақты қолдау қажеттігін атап айтты: «Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет.

Келесі мәселе. Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне бас мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көблейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап.

Сонымен қатар мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады» атап айтқан болатын.

 Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін түрлі бағдарламалар мен қайтарымсыз қаржы, төмен пайызбен несие беру секілді қолдаулар аз емес. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға  арналған «Еңбек» бағдарламасы, «Жұмыспен қамтудың 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы» аясында «Іскер» бағдарламасы,  «Агробизнес» бағдарламасы, «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» және басқа да кәсіпті қолдауды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар тізбегі жетерлік. Біз атап айтқан бұл бағдарламалардың әрқайсысының да мақсаты бір – елде шағын және орта кәсіпкерлік дамытуға жағдай жасау. Осы орайда бір ғана «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны» алып қарайық. Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-еуі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған. Яғни өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту. Сонымен қатар жобада халықтың жас ерекшеліктеріне де басымдық беріп, халықтың кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасау жолын қарастырады. Мәселен, жоба аясында «Күміс жас» бағдарламасы арқылы зейнет жасына таяп қалғанда жұмыссыздарды қолдау, «Жастар тәжірибесі, «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» секілді жобалар жүзеге асады. Ұлттық жобаның алдына қойған айқын мақсаты бар. Атап айтсақ, Ұлттық жобаны әзірлеудің мақсаты:

Кәсіпкерлік құрылымындағы сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету:

 – халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту;

– экономика салаларын әртараптандырудың драйвері – орта бизнеске сүйену;

– кәсіпкерлік нысандар үшін тең жағдайлар – бәсекелестікті кешенді дамыту.

Ендігі мәселе  мемлекеттің кәсіпті қолдауға арналған жеңілдігін қалалықтар қалай пайдалануда? Жалпы Қызылорда қаласындағы кәсіпкерлік саласы қандай деңгейде? Бұл сұраққа жауап табу үшін сандарды сөйлеткеніміз жөн болар.

Бүгінде Қызылорда қаласында осы жылдың 1 қарашасына 34 202 шағын кәсіпкерлік нысаны  тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 27,4%-ға артқан. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны 31 060 нысанды құрап,өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 36%-ға артып отыр.

Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысан саны 90,8% құраса,облыс бойынша белсенді кәсіпкерлік нысанның 48,2%-ы Қызылорда қаласының үлесінде.

2022 жылдың 6 айында шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 4930 бірлікке (109,3%) артып, 58 115 бірлікті құрады. Шағын және орта бизнесте өндірілген өнім көлемі 43, 7 млрд теңгеге (120,5%) артып, 172, 4 млрд теңгені құрады. Демек, жылдан-жылға кәсіпке бет бұрғандар қатары көбейіп келеді.

«2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында субсидиялау бойынша10,6 млрд  млн теңгені құрайтын 609 жоба қолдау тауып, құны 4,4 млрд теңгені құрайтын 671 жоба ішінара кепілдендірілді. Қайтарымсыз мемлекеттік грант бағыты бойынша (5 млн тг дейін) 56,6 млн теңгеге 16 жоба қолдау тапты.

«Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы жүзеге асқалы қала бойынша жалпы құны 5 млрд 218 млн теңгені құрайтын 42 жоба қолдауға ие болса, биыл  716,1 млн теңгені құрайтын 2 жоба қаржыландырылған. Мұнан бөлек,  шағын және орта кәсіпті қолдауға арналған түрлі бағдарламар аясында қаржы бөлініп, түрлі жобалар жүзеге асуда.

Атап айтқанда, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға  арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарылған қаражат есебінен «Іскер» бағдарламасы бойынша 292,8 млн теңгені құрайтын  37 жоба, «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 100,1 млн теңгені 5 жоба (17%) қаржыландырылған.

Сондай-ақ жыл басынан бері «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жоба құны 306,6 млнтеңгені құрайтын 34 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар осы жылдың 30 қараша күні өткен «Бақылау Кеңесінде» облыс орталығы және елді мекендерден жоба құны 288,5млн теңгені құрайтын 37 жоба қолдау тапты.

«Жұмыспен қамтудың 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы» аясында «Іскер» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 15,9 млн теңгеге 3 жоба, «Групп Инвест» ЖШС арқылы 52,5 млн теңгеге 7 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ  «Atameken Qyzylorda» МҚҰ арқылы 188,1 млн теңгеге 25 жоба қаржыға ие болды.

«2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның» мемлекеттік грант бағыты бойынша (400 АЕК) жоба құны 997,3 млн теңгені құрайтын 814 кәсіпкер  қайтарымсыз қаржыға ие болды.

Мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, жеңілдіктерді пайдалану, қайтарымсыз қаржы алу да тынымсыз еңбек пен білімнің нәтижесі. Ал қолға алған жобаны жүзеге асыру, кәсіпкерліктің қанат жаюы – қажырлы еңбек пен төзімділікті, табандылықты қажет етеді. Сөзімізді түйіндей келе, нәтижелі жобалар көп болсын дегіміз келеді.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: