Жексенбі, 28 сәуiр, 13:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

«Eco Green»: Дайын таңғы ас

11.07.2023

586 0

Қазіргі таңда өз ісін бастаймын деген жанға шектеу жоқ. Кез келген дүниені қиыннан қиыстырып кәсіп көзіне айналдыру ебін таба білген адамға түк емес. Тек тұтынушы талғамы мен талабын білсең болғаны. Десек те мұның бәрі еңбекпен, ізденіспен келетінін жасыра алмаймыз.

Елімізде бұл кәсіп түрінің тұсауы енді кесіліп, қадамын тәйтәй басып келеді. Алматы сынды үлкен шаһар тұрғындарына жақсы таныс болғанымен ел ішінде әлі де болса кең етек жая қоймаған. Ал оны өңірге әкелген кәсіпкерСамал Смаилова. Ол өндіретін гранолатабиғи таза өнім. Адам ағзасына пайдасы зор өнім дұрыс тамақтануды жөн көретіндер үшін таптырмас дүние.

– Граноланы – сұлы жармасынан жасалатын дайын таңғы ас десек болады. Көбіне таңғы асқа тұтынғанымен кез келген уақытта жей беруге болады. Оны әзірлеу үшін арнайы дайындалған сиропқа араластырып, пеште кептіреміз. Қызарып, әбден піскен кезде микро және макроэлементтерден тұратын жаңғақ, дән, мейіз қосамыз. Осылайша дайын өнім қапталып, тұтынушыға ұсынылады. Құрамы тек табиғи өнімдерден тұратындықтан ағзаға пайдалы, цинк, магний сынды витаминдерге бай. Дайын өнімді өзіңіз қалаған сүт, айран немесе йогуртқа араластырып тұтынсаңыз жеткілікті, – дейді экоөнім туралы Самал Сәнімханқызы бізбен әңгімесінде.

Бұған дейін де өзінің іскерлік қырымен танылған Самал Смаилованың өзі де табиғи таза өнім тұтынуды әдетке айналдырған. Бұған өзі қоныс аударған қаладағы ортасы әсер етсе керек.

– Карантин кезінде Алматы қаласына қоныс аудардым. Жалпы алматылықтар дұрыс тамақтану қағидасын бұрыннан қалыптастырған. Мен де жаңа ортада жүріп оның денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін ұға бастадым. Бұрын-соңды мән бермейтін тағамның құрамына қарауды әдетке айналдырдым. Көп ұзамай-ақ ағзада жеңілдік пайда болып, бет терісіндегі оң  өзгерісті байқадым. Осыдан соң мұны көпшілік білуі керек деген ой түйдім. Себебі қазіргі кезде зиянды қоспасы бар тағамдар дүкен сөрелерінде көп кездеседі. Тұрғындар да оның құрамына бас ауыртпайды. Соның салдарынан түрлі аурулар пайда болады. Әсіресе балалардың болашағы үшін алаңдаймын. Денсаулыққа бей-жай қарамасақ екен деген ниетпен «Eco Green» өндірісін ашуды жөн көрдім. Бұл кәсіпті бастағаныма көп уақыт бола қойған жоқ, – дейді кейіпкеріміз.

Осылайша ізгі ниеттен туындаған кәсіп үш айға жуық Сыр нарығында өзіндік орнын қалыптастырып үлгерді. Әу баста «қалай болар екен?» «Жаңа өнімді қызылордалықтар қалай қабылдайды?» деген ой қылаң берсе де, тәуекелге бел буған кәсіпкер пилоттық жобаны жүзеге асырды.  Қазіргі таңда өндірісте граноладан бөлек, эко-чипсы шығарылады. Бұл балалар ұнататын чипсыдың орнын алмастыратын таптырмас өнім. Ал экоөнімдерге деген халықтың қызығушылығы басым.

– Кәсіпті бастамас бұрын «Нарыққа қалай енеміз?» «Халық қалай қабылдайды?» деген сұрақ болды. Алайда белді бекем буып, пилоттық жоба ретінде жүзеге асырдым. Алғашқы 3 ай талдау жүргізіп, іс барысын бағамдап соңында халық арасында сұранысқа ие екеніне көз жеткіздік. Қаладағы сауда орындарынан көп көлемде тапсырыстар түсуде. Кәсіп аясын кеңейту мақсатында цех ашуды қолға алдық. Жоспар жүзеге асқан соң өнімдерді аймақ бойынша сауда дүкендеріне көтерме бағамен сату көзделуде. Одан бөлек Түркістан, Шымкент, Батыс, Солтүстік Қазақстан облысының нарығын да қамтысақ дейміз. Кәсіпті өз қаражатыма бастадым. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламамен кәсіп аясын кеңейту жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде көпшіліктің сұранысына ие болған граноланың өндірісте үш түрі бар. Кәсіпкер мұнымен тоқтамақ емес. Ендігі кезекте тағы арпа, бидай, күріш қоспасын дайындамақ. Ал бұл өнімдерді әзірге қаладағы табиғи өнімдер сататын «Eco shop» дүкенінен табуға болады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: