Жұма, 26 сәуiр, 22:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

 Ерекше кәсіп

30.11.2022

583 0

Өңірде жеке кәсіпкерлік қанатын кеңге жайып келеді. Уақыт озған сайын заман талабына сай кәсіп түрлері көбейді. Әсіресе, кәсіп бастауға ынталылардың өнім өндіруге ықыласы ерекше екені көңіл қуантады. Бұл да болса нарықта өзіміздің өнім қатарын көбейтетіні сөзсіз. Бүгінде кәсіп ашсам дейтін жандардың қатары аз емес. Бұл еліміздегі кәсіпкерлік саласына жасалағн қамқорлықтың нәтижесі. Шынында, кәсіп бастағанға да, кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерге де мемлекет тарапынан қолдау көп. Кәсіпті демейтін түрлі бағдарламалар мен қайтарымсыз қаржылай қолдаудың нәтижесінде кәсіп түрі де көбейді. Тіпті, қайтарымсыз қаржы алып тігін цехын ашқан, сұлулық салонын кеңейткен, сабын шығарып, етік тіккен де, жылыжай жұмысын жүргізгендер де, құрылысқа қажетті материалдар шығаруды қолға алғандар да, кондитерлік цех қатарын көбейткендер де аз емес. Мұның барлығы кәсіпті қолдаудың нәтижесі екені сөзсіз.

Ал енді сөз еткелі отырған кәсіп тіпті ерекше. Қызылорда қаласының тұрғыны Мақпал Төлепбергенова ешкім бастамаған ерекше кәсіпті қолға алып, бұл іске білек сыбана кірісіпті. Алғаш естігін кезде тосырқап қалатынымыз жасырын емес. Себебі саңырауқұлақ дегенге қазақ соншалықты құмарта бермейтіні белгілі. Дегенмен бүгінде саңырауқұлақтан жасалған салаттан ешкім де бас тартпайтыны белгілі. Мейрамханалар саңырауқұлақтан әзірленетін тағам даярлау үшін бұл сұранысқа ие. Ал бұл бізге сырттан келетіні белгілі. Демек жаңа кәсіп бастаған Мақпалдың бұл кәсібі оның ерлігі десек те артық айтқандық емес. Сонымен, қызылордалық Мақпалдың саңырауқұлақ өсіру кәсібін қалай қолға алғанын баяндайық.

33 жастағы Мақпал Төлепбергенова биыл көктемде бір ерекше кәсіп ашты. Бұл кәсіпті қолға алу үшін бір жыл бойы ойланып, ізденген кәсіпкер уақыты келгенде бастап та кетіпті. Ағасымен бірге жоспар құрып, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясындағы байқауға қатысып, жобасын қорғап қол жеткізген грант қаржысына саңырауқұлақ өсіретін ферма ашты.

Бүгінде фермада төрт адам жұмыс істейді. Саңырауқұлақ фермасының ауданы – 250 шаршы метр. Ол субстратталған екі камерадан тұрады. Кәсіпкердің айтуынша, шампиньон өсіру ұзақ уақытты қажет етеді. Саңырауқұлақтардың пісуінің әр кезеңіне қажетті ылғал деңгейін сақтай отырып, бөлме температурасынан ауытқымау өте маңызды.

Қазір Мақпал екі айда 6 тоннаға дейін сапалы өнім жинайды. Өнімді сақтау үшін арнайы тоңазытқыш камералар сатып алған. Алдымен жергілікті мейрамханалар кәсіпкердің тұрақты тұтынушысына айналды, содан кейін шампиньонның пайдалы қасиеті жайлы білетін тұрақты тұтынушылар қатары да көбейе бастады.

Саңырауқұлақ бизнесімен айналыспас бұрын біздің кейіпкеріміз олардың барлық пайдалы қасиеттерін зерттеді. 

«Шампиньон – өте құнды, төмен калориялы өнім, оның құрамында ақуыз мен темір көп. Сондықтан олар вегетариандар үшін өте қажет және диета ұстайтын, анемия, қант диабетімен ауыратын адамдар үшін пайдалы»,- дейді Мақпал Төлепбергенова.

Саңырауқұлақтардың көптеген түрлері адамның иммундық жүйесін нығайтады.

Саңырауқұлақтар негізінде судан тұрады (көкөністердің құрамында қанша су болса, оның құрамында сонша су бар), сондықтан олар төмен калориялы. Саңырауқұлақтар дене массасын азайтуды қалайтын адамдар үшін жақсы. Саңырауқұлақтар өздері өсетін топырақтың минералдарға бай болуына не болмауына байланысты, бізге минералдық тұздардың шамалы мөлшерін береді. Сонымен қоса, олардың құрамында каротин түріндегі A дәрумені, сондай-ақ елеулі мөлшерде B1, B2 дәрумендері бар. Қалған дәрумендер аз мөлшерде болады. Саңырауқұлақтардағы микроэлементтердің арасында калий, фосфор, кальций және темір басым болады, олар негізінде қатпарлы табақшаларда және түтіктерде болады. Сондай-ақ саңырауқұлақтар нәруыздың көзі, ол саңырауқұлақтардың ауыр қорытылуынан тек 60%-ға сіңіріледі. Сүт өнімдеріндегі, еттегі және жұмыртқадағы нәруыздың құрамына қарағанда, саңырауқұлақтардағы нәруыздың құрамының құндылығы төмен, бірақ сәбіздегіге қарағанда жоғары болады.

Саңырауқұлақтарды тоңазытқышта ұзақ уақыт сақтау мүмкін емес, өйткені ол тез бұзылатын өнім. Сондықтан қауіпсіздік үшін фермаларда өсірілген шампиньондарды сатып алған дұрыс. Жиналған өнімді ұзақ сақтау үшін Мақпал саңырауқұлақ кептіретін арнайы жабдық сатып алды.  Ерекше кәсіпті жүргізуде қиындықтар да аз емес. Соған қарамастан кәсіпкер болашаққа жоспар құруда. Еңсе тіктеп алған соң ол «Даму» Қорының қолдауымен саңырауқұлақ өсіруге арналған топырақ шығаратын цех ашуды жоспарлап отыр.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: