Ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы қоғамда кеңінен қолдау тапты. Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қабылданған бұл жоба өзінің өміршеңдігін көрсетті. Жоба аясында әлеуметтің табысын арттыруға, шағын кәсіпті түлетуге мол мүмкіндік туып тұр.
Елімізде 2029 жылға қарай жоба аясында 1 миллион ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Құлашын кеңге жайған жоба өңірімізде сәтті жүзеге асуда. Мәселен, 2023 жылы 3 млрд теңгеге 406 жоба іске қосылып, 713 жұмыс орны ашылған. Ал биыл 4 млрд 596 млн теңгеге 575 жобаны жүзеге асырып 610 жаңа жұмыс орнын ашу мақсат етілген. Осы уақытқа дейін 1 млрд теңгеге 150 жоба қаржыландырылған. Несие қаржысы 4 бағытқа ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы және түрлі жобаларға бағытталып отыр.
Бағдарлама ауыл тұрғындарына өте қолайлы болып отыр. Аталған жобаның негізінде құс өсіруге, сүтті ешкі өсіріп, ет өнімдерін өңдеуге және де шағын бизнес түрлерін ашып, халыққа қызмет көрсететін көптеген кәсіп түрлерін дамытуға оң ықпал етеді.
Ал ауыл тұрғындaрының әл-aуқaтын жaқсaрту үшін қаламызда «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында бірінші лекте 142,13 млн теңгеге 16 жоба қаржыландырылған.
Аталған жобаның басталуына алғаш қуанғандар ауыл тұрғындары болды. Себебі олардың кәсібін қолдауға қаражаттың керегі анық. Несие алғандар қатарында қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Сәрсенгүл Аралбаева да бар. Ол көптен бері өз ісін бастауды жоспарлап жүреді. Алайда кәсіп бастау үшін көп қаражат болмағандығы кедергі келтіреді. Осылайша, тұрақты табысы болмаған Сәрсенгүл апай өз кәсібін бастап кетті.
– «Ауыл аманаты» арқылы 5 млн теңге несие алдық. Ол қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға мүмкіндік болды. Осылайша, шұлық шығаруды қолға алдық. Қазір күніне 350-400 дана шұлық сатылуда. Іс алға басса, өндірісті көбейту жоспарда бар. Қазіргі уақытта 2 адам жұмыс істейді. Өндіріс ауқымын кеңейтсек 8 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, – дейді кәсіпкер Сәрсенгүл Сапарбекқызы.
Шұлық цехын ашу кәсіпкердің ойына ойда-жоқта келген. Бағдарлама талабы бойынша ауылдан өнеркәсіп ашу қажет екен. Отбасымен ойласа келе осы кәсіпті бастауды қолға алады. Қайбір істе де қиындық болатыны анық. Дегенмен отбасының қолдауының нәтижесінде, кәсіпкер өзінің сүйікті ісімен айналысып отыр. Арнайы құрылғыны Қытайдан, ал таза мақта жіп өнімін Өзбекстан елінен алдырып отырғанын айтып өтті.
– Негізі еңбек ететін адам сылтауды қажет етпейді. Көп адам өнеркәсіппен айналысқанды қиын санайды. Мұның себебі жұмыс істеуге құлшынысы жоқ деп ойлаймын. Кәсіпте береке бар. Сондықтан мемлекет беріп тұрған мүмкіндікті пайдаланып, әрбір істі бастап көру қажет. Біз де қиналдық. Бұл істен мүлде бейхабар едік. Алайда қолға алғаннан кейін, тастап кетуге болмайды. Сондықтан арнайы құрылғыларды орнататын маманды Ташкенттен шақырттық. Баламыз сол маманнан үйренуде. Қазіргі таңда басқа облыстарға Тараз, Ақтөбе, Түркістан, Ақтауға, Қарағанды және Өскеменге шақыртып үлгі тұтып жатыр. Мемлекеттің кәсіпті қолдағанына қуаныштымыз әрі мақтанамыз, – дейді кәсіпкер.
Ақсуаттың шұлығын кез келгеннің қалтасы көтереді. Дайын шұлықтар «Сұлтан» сауда үйінде 150 теңгеден бастап, 300-400 теңге аралығында сатылуда. Сапасы мықты әрі өте тиімді бағада халыққа ұсынылып отыр. Сондықтан да дүкені бар кәсіпкерлер өзіміздің өнімді қолдап, көтерме бағадан алып сатса да болады.
Жасыратыны жоқ, жұмыс тапшылығы ауыл халқының табысына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан да аталған жоба аясында түрлі жұмыс орындары ашылып тұрғындар табысының артуына да септігін тигізгені көңілге қуаныш ұялатады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!