Жұма, 26 сәуiр, 18:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Кәсіп көзін табу да өнер

26.10.2021

915 0

Елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту көзделген. Соның нәтижесінде тұрақты жұмысқа тұрып, енді бірі өз кәсібін ашып игілігін көруде.

Қазіргі кезде несие алып, өз кәсібін дөңгелетем дегендерге қаржы бөлініп, барлық жағдай жасалуда. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – жұмыс орындарын ашып, жұмыссыз азаматтарды тұрақты еңбекпен қамту. Қы-зылжарма ауылдық округінің тұрғыны жеке кәсіпкер Олжас Досмаханов «Шыңғыс» кәсіпкерлігін ашты. Қарапайым отбасында тәлім-тәрбие алған Олжас жастайынан мал шаруашылығымен айналысып келеді. Ол мемлекеттік бағдарлама арқылы 6 процентпен 3 млн теңге несие алды. Сөйтіп 10 ірі қара алып, Қызылжарма ауылын сүт өнімдерімен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар жұмыссыз жүрген бір ауыл тұрғынына жұмыс беріп отыр. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта алған несиені толығымен қайтарып, өз кәсібін әрі қарай дамытуды көздейді.

Бұл бағдарлама қоғамда өз орнын таппай, жұмыссыз жүрген азаматтарға мол мүмкіндік беруде. Нәтижесінде жыл озған сайын елімізде істің көзін тапқан іскер азаматтар қатары көбейіп келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Біздің кейіпкеріміз де екі қолға бір күрек тауып, жеке кәсіптен өз несібесін айырып отырған жанның бірі. Олжас мал тұқымын ет бағытында асылдандыру арқылы мүйізді ірі қараның ет өнімділігін арттырып, оның өзіндік құнын арзандатуды көздейді. Осылайша мал басын өсіріп, осы салада қосымша жұмыс орындарын ашқысы келеді. «Мал баққанға бітеді» деген сөз еңбекқор шаруаларды көргеннен кейін айтылса керек.

Жеке кәсіпкердің алға қойған жоспарлары да жетерлік. Қолға алған кәсібін одан әрі дамыту мақсатында ет сататын дүкен ашуды көздеп отыр. Жалпы еңбек етсем деген адамға жұмыс қашан да табылады. Тек бастайтын ісіңнің қыр-сырын жан-жақты білуің қажет. Одан кейін кішкене ынтаң болса, жалқаулықтан арылып тынбай еңбек етсең тірлігіңнің алға басатыны анық. Мемлекет жылдан-жылға ауылшаруашылығы саласын дамыту мақсатында тиімді бағдарламаларды жүзеге асыруда. Осы арқылы қарапайым халықтың жағдайын түзеуге барынша атсалысып келеді. Бүгінгі біздің кейіп-керіміз Олжас секілді істің көзін таба білген шаруалар дамудың сара жолына түсуде.

Ауыл шаруашылығы саласы қай кезде болсын экономиканың тұрақты болуының кепілі. Сол үшін мемлекет ауыл шаруашылығын өркендетуді, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға қатысты тиімді бағдарламаларды жандандыруды әрі қарай жалғастыра берері хақ. Олай болса атам заманнан бері тұрмыс-тіршілігі төрт түлікпен байланысып жатқан қазақ халқының ата кәсібі жаңарып, жаңғыра түсетініне сеніміміз кәміл.

Айта кету керек, аталған бағдарлама аясында несие алып, өз кәсібін бастағысы келетін әрбір жұмыссыз азамат «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымына барып, мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, кәсіпкер атануға мүмкіндігі бар.

А.ҚАДЫРХАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: