Сәрсенбі, 24 сәуiр, 10:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Кәсіпкерге қолдау керек

25.06.2022

581 0

Елімізде соңғы жылдары кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Осының нәтижесінде шағын және орта кәсібін бастап, нәпақасын өзі тауып жүрген жандар жетерлік. Өкінішке қарай елдегі пандемия мен төтенше жағдайдың зардабын жеке кәсіпкерлер тартты. Жасыратын несі бар, дағдарысқа ұшыраған кәсіпкердің басым көпшілігінің кірісі азайып, шығыны артты. Осыған орай қазір өз кәсібін қайта жандандырып, әрі қарай дөңгелетем деген жандарға мемлекеттен түрлі бағдарламалар аясында несиелер берілуде.

Қашанда кәсіптің көзін тапқан адам түбінде табысқа жететіні анық. Тек оған мемлекеттен қолдау болса болғаны. Осы мақсатта Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов «Бизнеске арналған Үкімет» ғимаратында жеке кәсіпкерлерді қабылдап, олардың мәселесін тыңдады.

– Елімізде экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы шағын және орта бизнесті дамыту екендігі белгілі. Сондықтан бұл салаға ерекше көзқарас керек. Кәсібін жолға қойған кәсіпкерлерге барынша қолдау қажет.  Қазіргі кезде кәсіп ашқысы келетін азаматтарымыз көптеген кедергілерге кезігеді. Ол жерді жалға алу, оған кепіл қою, инфрақұрылымы дамымаған аумақтарға орналасу, қаржылық сауатсыздық немесе қаражат жетіспеушілігі, жөнсіз тексерулер. Бұл тұрғыда біз барьерлерді алып тастап, олардың бизнес әлеуетін арттыруына дем беруіміз қажет. Міне, осы жағдайларды таразылай келе, жеке қабылдау өткізуді ұйғардық. Бетпе-бет сөйлесе отырып, шынайы форманы көргіміз келеді. Мұндай кездесулер ай сайын өтетін болады, – деді қала әкімі.

Қазір біреуге қызмет еткіңіз келмесе, шешім оңай – өз ісін ашу. Ал бизнес бастаушыларға елімізде қолдау көп. Мемлекет жеке кәсіпкерлердің жолын ашып, бизнес алаңда еркін жүруіне бар жағдай жасалуда. Нәтижесінде Қызылорда қаласында 28 330 шағын және орта кәсіпкерлік тіркелген. Бүгінде «2021-2025» жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында мемлекеттік бағлардама құны 2 млрд 647 млн теңгені құрайтын 76 жоба қолдау тапты. Ал қайтарымсыз мемлекеттік грант бағыты бойынша құны 11 млн теңгені құрайтын 9 кәсіпкердің жобасы қолдау алды. Сонымен қатар 3085 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, 3129 жаңа жұмыс орны ашылды.

Қала әкімінің қабылдауына келген Ұлан Сайлау мектеп оқушысы болса да, қазақтың қол өнерін өрге сүйреп жүрген жастардың бірі. Ол ирандық жіппен тоқымадан аяқ киімнің түр-түрін тігіп, берекелі іс бастауда. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз несие алып, шағын шеберхана ашуды көздейді. Оқушысының мұндай талпынысы мен өнерін қолдаймыз деген қала әкімі кәмелеттік жасқа толмағандықтан, мемлекеттік бағдарламаға ата-анасының біріне қатысу керегін айтты. Кез келген кәсіпті ашуға, ең алдымен бинес-идея керек. Осы тұста шаһар басшысы инновациялық жобалар арқылы қаржы алуға өзі көмек қолын созатынын жеткізді.

 Қала әкімімен кездесуге келген кәсіпкерлер қарасы қалың. Солардың қатарында Әбілда Достанбаев бар. Ол 2017 жылы Мерей 24а үйден 180 кв кәсіп ашуға жер алып, «Нұр алтынай» медициналық орталық ашты. Жеке кәсіпкер кәсібін кеңейту үшін қосымша жер алу үшін келіп отыр.  Алайда жерге байланысты түсінбеушіліктер туындап, осы уақытқа дейін ала алмай отыр. Қала әкімі бұл мәселені жан-жақты зерттеп, оңтайлы шешу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғалымжан Қайназаровқа тапсырды.

Кәсіпкер Жеңісбек Төлепбергенұлы да кәсібін дамыту үшін жер сұрап келген. Ол Қызылжарма ауылдық округінде он сотық жерден жылыжай салып, көкөніс өсіруде. Кәсіпті  кеңейту мақсатында алдағы уақытта жер телімі беріледі деген үмітте тұр.

– ИП «Умный дом» 2022 жылдың ақпан айында «КРЭК» АҚ  мекемесін тендер ұтып алдық. Біз қаладағы «КРЭК» мекемесі мен аудандық бөлімшелерінің өрт дабыл жүйелеріне ай сайын тексеріп, қызмет көрсетеміз. Жыл басынан бері бізге ақша аударылған жоқ. Негізі келісім-шартта жыл соңына дейін ай сайын 89900 теңгеден түсіп тұру керек. Мамыр айында бастығына арнайы хат жаздық. Алайда олар жауап берген жоқ. Бастығына кіреміз деп барғанымызда, мекеменің есепшісі осы аптаның соңында аударып береміз деген еді. Алайда әлі күнге дейін ақша түспей отыр. Бүгін міне, қала әкімі кәсіпкерлерді қабылдап жатыр дегенді естіп келіп тұрмын. Олар қолдан келгенше көмектесеміз деп уәде берді, –   деді жеке кәсіпкер Жансая Жүнісова.

Қазақта «Уәде құдайдың бір аты» деген әдемі тәмсіл бар. Жасыратын несі бар, ашық есік күніне келген кәсіпкердің көтерген мәселесі іс жүзінде  орындала ма,  әлде сөз жүзінде қала ма? Бұл туралы тек мен ғана емес, мұнда отырғандардың біразы осылай ойлап отырғаны анық. Нәтижесі де қуантарлық. Қала әкімі кездесуге келген кәсіпкер Жансая Жүнісованың мәселесін сол мезетте шешіп берді. 

Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті дамыту және қолдау мемлекеттік бағдарламасы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек», «Іскер», «Аргобизнес» жобалары, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялықорталығы» микроқаржы ұйымы арқылы қаржы алып, кәсіп бастауға мүмкіндік бар.

Қала әкімімен кездесуге келген кәсіпкерлер өздерін алаңдатқан мәселесін айтып, оған тұщымды жауап алды. Жиын барысында шаһар басшысы  «кәсіпкерді қолдау – міндетіміз» деп баса айтты. Расында, қазір көп ойланбай, қолдан қандай іс келсе, сол бағытта әрекет ету керек. Бір сөзбен айтқанда, сүйікті істі табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік бар.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: