Аймақта кәсіпкерлікті дамытуда «Мен кәсіпкер» жобасы жүзеге асады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов айтты.
– Биыл кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау тетіктері енгізілуде. Қаржылай қолдау бойынша 2,5 пайызбен жастарға берілетін несиені және «Ауыл аманаты» бағдарламасын айтуға болады. Ал қаржылай емес қолдауға биыл басталған «Мен кәсіпкер» жобасын атап өткім келеді, – дейді Пірмұхаммед Айтбайұлы.
Жоба негізгі екі бағыт бойынша бірнеше саланы қамтиды. Соған сәйкес биыл 600-ге жуық азаматқа қызмет көрсетіледі деп жоспарлануда.
– Негізгі екі бағыты бар. Ол «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» және «Кәсіпке бағыт» деп аталады. Бірінші бағытта тек қана қыз-келіншектер қамтылады. Ал «Кәсіпке бағыт» ер азаматтарға да, әйелдерге де арналған. Басты талап – үміткердің кәсіпкер болуы керек. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлерге басымдық беріледі. «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері кеңес беріп, олардың қажеттіліктерін, сұранысын анықтайды. Соған сәйкес қыз-келіншектерді оқытады. Салалық сарапшылар жобаға қатысушы кәсіпкерлердің біліктілігін арттырып, олардың кәсібін алты ай сүйемелдейді, – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әсел Алушаева.
Қазіргі таңда «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асуда. Жоба аты айтып тұрғандай өндіріс саласына бағытталған. Оған қатысушыға қоятын басты талап – шикізаттың жергілікті өнім болуы. Бұған дейін еліміздің төрт өңірінде пилоттық жоба негізінде жүзеге асқан. Бұл идеясы бар, бірақ қалай жүзеге асыруды білмей жүрген қыз-келіншектерге үлкен қолдау болмақ.
А.СЕЙІЛ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!