Бейсенбі, 28 наурыз, 23:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

«Әкеңе айтам» емес, «әке, сен тыңда» деп жүрмесін…

23.01.2021

7511 0

Кешегі «әкеңе айтам» деген жалғыз ауыз сөздің құдіреті бүгінде құр сөз болып қалғалы тұр ма, қалай өзі?
Өйткені «ендігі жерде өз балаңа билігің де, тәртібің де жүрмей қалайын деп тұр. «Ұят болады», «үлкенді сыйла» деген бүкіл қазақы тәрбие құрдымға кетеді десек те болар. Қоғам белсенділері Президентке жазған үндеуде осыны айтып отыр. Бұл үндеу, халық арасындағы түсініспеушіліктер неден туындады? Сонымен елді елең еткізген қандай құжат, нендей заң жобасы?

Халықты қорқытқан құжат

Өткен жылдың қыркүйегінде Мәжіліс депутаттары «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Әзірше құжат Мәжілістің екінші оқылымында талқыланып, Сенаттың сүзгісінен өткен жоқ. Осыған қарамастан бірқатар ақындар үндеу жариялап, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында әйелдер қауымы митингіге шықты. Бұл аз десеңіз, қоғам белсенділері мен блогерлер һәм әншілер мен әртістер заңға қарсы пікір білдіріп, заңгерлер уәж айтуда. Оның ішінде біздің Сыр елінің ақын-жазушылары, ел ағалары да өз үлестерін қосуда. Тіпті халық арасында онлайн-петиция ұйымдастырылып, заң жобасына қарсы қол жиналды. Осының барлығына қолданысқа енбеген заң жобасының кейбір баптары мен тармақтары түрткі болды. Қоғамдық резонанс туғызып жатқандардың пікірінше, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы ата-ана мен бала арасына іріткі салып, отбасы институтының құтын қашырады.
Құжатта көрсетілгендей, отбасылық зорлық-зомбылықтың экономикалық, психологиялық, физикалық түрі бар. Ата-ана баласына ұрысса – психологиялық, қол көтерсе – физикалық, әлеуметтік жағдай жасай алмаса – экономикалық қысым көрсеткен болады. Шынымен осылай ма, әлде басқаша ма, дөп басу қиын. Алайда қоғам заң жобасын осылай түсініп, осылай қабылдап жатыр. Бұған қоса заң жобасында қолданылған «жыныстық еркіндік» деген ұғым жұрттың жағасын ұстатып отыр. Заң жобасының «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл қағидаттары» деген бөліміндегі 5-бап қалың көпшіліктің төбе шашын тік тұрғызды. Осы баптың 11-тармақшасында: «Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау» деген сөз бар. Заңға қарсы шыққандар құжат қабылданса, ер балаларды сүндетке отырғызу рәсіміне тыйым салынуы мүмкін, себебі бұл рәсім отбасылық зорлық деп танылуы ғажап емес деген болжам жасап та қойды. Болжам қаншалықты рас? Бұл жағы бізге беймәлім.
Бір жыл бұрын мәжілістің мінберінен мәлімделгендей, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы еліміздегі отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шараларды жетілдіруді көздейді. Құжат отбасылық зорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың құқықтық, институционалдық, ұйымдастырушылық және әлеуметтік бағыттарын жетілдіреді және жауапты органдардың құзыретін нақтылайды.

Мәжілістегілер мәлімдеді

«Президенттің тапсырмасына сәйкес депутаттар бастамашы болып, осы заң жобасы әзірленді. Құжаттағы жаңа нормалар ел, халық, қоғам болып отбасындағы жанжалға қарсы күресуге мүмкіндік береді. Бұл халқымыздың денсаулығы, өмірі және балаларымыздың болашағы үшін өте маңызды заң», – деді құжатқа қатысты пікір білдіргенде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Спикердің сөзінше, заң жобасы отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің құқығын және қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін көрінеді.
Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина халық заң жобасын дұрыс түсінбей жатыр деп санайды. «Талқыланып жатқан заң жобасының жекелеген нормаларын қате түсіндіретіндер бар. Мысалы, «жыныстық еркіндік», «экономикалық зорлық-зомбылық», «психологиялық зорлық-зомбылық» ұғымдарына қатысты теріс пікір қалыптасқан. Бұл ұғымдар заңнама үшін жаңалық емес. Қолданыстағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» 2009 жылы қабылданған заңдағы 4-бапта «жыныстық еркіндік» деген сөзбен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрі көрсетілген. Енді осы ұғымдардың болуы «олардың жыныстық еркіндігіне қысым жасау» себебінен қанша қазақстандық отбасынан балаларды тартып алуға мүмкіндік берді? Сондай-ақ «жыныстық еркіндік» – отандық заң әдебиетінде және қылмыстық құқық теориясында қолданылатын қалыптасқан заңды термин. Тиісінше, жыныстық еркіндікті қоғамға тән емес азғындық термин деп бекіту – тұрмыстық философиялық пайымдау», – деді депутат.
– Кейбіреулер балаларды басқа отбасына асырауға береді деген пікір айтып жүр. Балаларды балалар үйіне беру оңай шаруа емес. Бұл үшін салмақты себеп болуы керек. Оған баланың шынымен жақын туыстары жоқ екенін немесе ата-анасы ата-ана құқығынан айырылғанын растау қажет. Қамқоршылық және қорғау органдарының міндетті қатысуымен тиісті сот рәсімдерінен өтуге, барлық қажетті құжатты жинауға тиіс. Сондықтан үрей туғызудың қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды бұзу емес, проблемаларды шешуде кешенді тәсілді енгізуге бағытталған тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының қолданыстағы тетіктерін жетілдіру арқылы көмекке мұқтаж адамдарды қорғау. Өкініштісі, кейбіреулер заң жобаларында жоқ мәселелерді айтып, халықты шатастырып жүр», – деді Айгүл Нұркина.

Сенатор сендірді

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Сенат депутаты:
– Қоғамда «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР заңына қатысты наразылық пікірлер көптеп айтылуда. Жақында ғана осы заңға орай біраз мәселе көтеріп жүрген екі азаматшамен кездестім. Пікір алмастық. Бұл – заң қолданыста жүрген заң. Оған енді енгізілмекші түзетулердің басым көпшілігінде ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерімізге қайшы келетін баптар бар. Пікірталас осы өзгертулер арасында болып жатыр. Біз отбасымыздың ішіндегі кейбір кикілжіңдерді шетелдік ұйымдардың ақылынсыз өзіміз-ақ шешіп аламыз.
Біздер отбасы зомбылықтарында орын алатын салдармен емес, оны тудыратын себептермен күресуіміз керек. Бұл – өте ауқымды мәселе. Отбасы құндылықтары мен институтын барынша нығайтуға жұмыс істеуіміз қажет. Еліміз бен ұлтымыздың мүддесінен артық ешнәрсе жоқ. Сондықтан да бірлесе отырып дұрыс шешімдер қабылданатынына сіздерді Парламент мүшесі ретінде сендіргім келеді, – деді сенатор.

Алаңдаған ана

Толқын Сейітжаппарова, алты баланың анасы:
– Көпбалалы ана ретінде мені де бұл заң жобасы алаңдатуда. Бүгінде алты балам бар. Үйде отырсам да әлеуметтік желідегі жаңалықтарды жібермеуге тырысамын. Заң жобасына келсек, 5 баптың 11 тармақшасында: «адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау» деп жазылған. Егер осы заң бекитін болса, бірнеше ғасырдан бері ислам жолымен сүндетке отырғызылып келе жатқан ер балаларын ата-аналар сүндетке отырғыза алмауы мүмкін. Көбінесе 3-5 жас аралығында өткізілетін бұл рәсім отбасылық зорлық деп табылып, әке-шешесі заңға тартылуы ғажап емес. Сонда бұған келісіп отыра беру керекпіз бе?
Осы жобаны пилоттық режимде сынап көрмекші болып Түркістан облысына енгізген екен. Жуырда мектепте оқитын оқушы қызға анасы «сабағыңды оқы» деп ескерту жасаса, қыз шұғыл 111-ге звондап, сотқа шағым түсірген. Сол сәтте заң өкілдері келіп қызды анасынан бөліп, он шақты күн бөлек арнайы орында ұстаған. Бір-бірімен сөйлесулеріне қатаң тиым салған. Ұзақ сарсаңға түскен анасы құқық қорғаушылардың көмегімен қызын зорға қайтарғаны интернетте жүр. Сондықтан баланың айтқанымен жүре берсек, ұл-қызымыз қайда барады? Біз өз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бала тәрбиелеудегі ұлы ұстанымдарын естен шығармауымыз керек. Қандай заң жобасы болса да өзіміздің ұлттық тамырдан ажырамағанымыз абзал, – деген ойын ортаға салды ақ жаулықты ана.

Зорлық-зомбылық – әлеуметтік мәселе

Дәл осылай деп бастады әңгімесін «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.
– Себебі бүгінде әрбір үшінші отбасында зорлық-зомбылық жағдайы кездесіп отыр. Бұл әлеуметтік мәселеге айналды. Өкініштісі осы…
Қазір халық арасында осы заң жобасы қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл заң нормаларының бәрі бірдей халыққа қолданылмайды. Өзім дағдарыс орталығының директоры ретінде қоғамдағы мұндай мәселені қалт жібермеуге тырысамын. Соңғы кезде безбүйрек ата-аналар, тастанды сәбилер, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар көбейіп кетті. Айталық, бізде туған әкеден зорлық көрген жасөспірімдер де бар. Міне, осындай жандарға заң нормалары қолданылады. Ол бәріне бірдей емес. Тек көпшілік арасында түсініспеушілік кеткені рас. Содан қоғам екіге бөлінуде. Мүмкін заңға түзетулер енгізу керек шығар. Тағы да айтайын, ол өзгерістер жаппай халыққа қолданылмайды.
Біздің орталықта мынадай жағдайлар бар. Небәрі 26 жастағы ата-ана өзінің бес баласынан қағаз жүзінде өз еркімен бас тартты. Сондай-ақ кей балалар өз ата-анасын әкеп тастайтын жағдай да кездесті. Ащы болса да шындық. Соларға қарап жаның ауырады. Осындай қатыгез адамдарға заң нормаларын қолдануға болады деп ойлаймын. Негізі заңның әлі қабылданатыны, қабылданбайтыны белгісіз. Әлі де болса жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, – деп түсіндірді ол.


Заңгер не дейді?

Ернар Бағдатұлы, заңгер:
– Соңғы күндері елімізде, әлеуметтік желілерде және қоғамдық орындарда тұрмыстық зорлық-зомбылық сипатындағы заң жобасы үлкен резонанс туғызып, талқыға түсіп жатыр. Маман ретінде айтар болсам, бұл заң жобасы халық ойлағандай жалпылама қолданылмайды.
Қазіргі қоғамымызда барлығымыз көріп, естіп жүрген түрлі тұрмыстық зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстар, безбүйрек аналар мен қатыгез әкелер арасында өз балаларына қол жұмсау, далаға тастау іспетті деректер көптеп орын алып жатыр. Статистикаға сүйенсек, отбасында ата-ана арасындағы ұрыс-керістер, ажырасу себептері балаларға психологиялық тұрғыдан кері әсерін тигізеді.
Ата-бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық құндылығымызды сақтаған жөн. Мұндайларды тек шетелдерде болады деп еститінбіз. Өкінішке орай батыстық үрдіс қазақ қоғамына да келіп жетті. Өйткені қазіргі таңда ажырасып, баласы бола тұра екінші мәрте некелесіп, тұрмыс құрып, өгей әке-шешесінен зорлық көріп отырған балалар да көптеп кездесуде.
Мысалы, көпбалалы ана өз балаларынан бас тартқан, туған баласы қарт анасын ұрып соққан, өз балаларын аяусыз ұрып соғу салдарынан кекештеніп, науқас болып қалған ұрпақ мәселесі жұмыс тәжірибеде кездесті. Жоғарыда аталған көптеген проблемаларды болдырмау үшін әзірленіп отырған заң жобасы бұл. Ал мұны басқаша түсініп, халық арасында арандатуды ұйымдастыру мақсатында көптеген арандатушы топтар бар. Сондықтан алаңдап, шу шығарудың қажеті жоқ деп есептеймін. Заң шығаруда көптеген бақылаушы органдар, сарапшы мамандар, халық қалаулылары отыр. Осы заң нормаларына байланысты халық арасындағы әлеуметтік резонанстық жағдайға байланысты алдағы уақытта толықтай атқарушы органдар тарапынан ақпараттар берілетін болады, – деді заңгер.
Иә, маман әлеуметті «алаңдауға негіз жоқ» деп отыр. Соңы қалай болатынын көрейік…

Батыс бізге үлгі ме?

Белсенділердің пікірінше, отбасылық істерге қатысты заңнамаға енгізілетін өзгерістер ата-аналардың балаларын тәрбиелеудегі табиғи құқығын бұзады. Мұндай араласудың салдары балаларды ата-анасынан алыстатуға, балалардың үлкендерге наразылық білдіруіне, мінез-құлқына, неке санының азаюына, қоғамның моральдық деградациясына және соның салдарынан отбасы институтының бұзылуына әкеледі. «Егер «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң және оған ілеспе заң жобалары қазіргі уақытта ҚР Парламентінің сайтында орналастырылған нұсқада қабылданатын болса, онда бізге көп ұзамай ювеналды әділеттің батыстық моделі барлық жағымсыз салдарымен келеді» деп есептейді қоғам белсенділері.


Тілші түйіні:
Азаматтық қоғам өкілдері аталған заң жобасын парламенттік талқылаудан алып тастауды сұрап отыр. Заң тек бірінші оқылымда қаралған. Әлі бекітілмеген, сәйкесінше Сенатқа жіберілмеген. Енді жаңа сайланған депутаттар құжатқа өзгеріс қажет деген жұрттың үндеуіне құлақ аса ма? Оны алдағы уақыт көрсетеді.
Жақында Сыр еліне танымал журналист Айткүл Шалғынбаева әлеуметтік желідегі парақшасында сүйінші жаңалығын жариялады. Онда:
«Құрметті ұлт жанашырлары!
Мен сенатор Мұрат Бақтиярұлымен телефон арқылы хабарластым. «Отбасылық зорлық-зомбылық туралы» заңдағы ұлт мүддесіне, ұлт құндылықтарына, менталитетімізге қайшы келетін 7 бап бар. Сол 7 бапты заңға енгізуді ұсынып отырғандар – ұлт мүддесінен алшақтаған, санасы батыстанған әйелдер тобы. Ұлттың мүддесін, ұлт құндылықтарын тәрк ететін сол 7 бапты Парламентте қолдамайтын депутаттар көппіз. Ол баптар өтпейді, өткізбейміз, – деді. Мен Мұрат Бақтиярұлының сөзіне сенемін» деп жазды.
Жақсы, біз де сенейік…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: