Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 01:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Кәсіпті қолдаудың нәтижесі

05.11.2022

581 0

Соңғы жылдары Сыр өңірінде халық саны өскен сайын түрлі өнім, қызмет түрлеріне деген сұраныс артуда. Оны қанағаттандыру мақсатында жергілікті кәсіпкерлер сапалы өнім шығарып, тұрғындарға  тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Нәтижесінде жылданжылға халықта таңдау еркіндігі арта түсуде. Осыған орай «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2020, 2025», «Нұрлы жер» секілді кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар тиімділігін дәлелдеп отыр.

Қазіргі кезде қала әкімі Асылбек Шәменов ай сайын кәсіпкерлерді салалық мәселелер бойынша қабылдауда. Олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кәсіпкерлікке байланысты нақты шараны жүзеге асыруды қолға алды. Әсіресе бұл кәсібін енді бастаған жас кәсіпкерлерге таптырмас мүмкіндік болып тұр.

Апта ортасында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жергілікті БАҚ  өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Онда қала әкімі Асылбек Шәменов жеке кәсіпкерлер арасында кәсіп бастап, одан әрі қарай дамыту үшін қосымша мемлекеттен жер сұраған кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.

Соның бірі – жеке кәсіпкер Жеңісбек Бердешов. Ол Қызылжарма ауылдық округінен өз қаражатына «Green house» жылыжай кешенін ашып, одан аптасына жарты тонна өнім алуда. Қазіргі кезде жылыжай кешенінің аумағы – 10 сотық. Кәсіпкер бұл жобаны өз қаржысымен жүзеге асырып, бірнеше отбасыны жұмыспен қамтыды. Алақандай жерден әлеуметтің сұранысына сай өнім ұсын­ған жеке кәсіпкерге қала әкімі жан-жақты көмек көрсетілетіндігін жеткізді. Былтыр қияр еккен кәсіпкер биыл қызанақ өсіруде. Бұл өнім жыл соңына дейін жемісін бермек. Бір ерекешелігі, кәсіпкер өнімді базардан 20 процентке дейін төмен бағада ұсынады. Сондай-ақ қаладағы әлеуметтік дүкендерді қам­тамасыз етеді.

– Негізі Қызылорданың тумасымын. Жиырма жылдай Астанада тұрып кел­дім. Өткен жылы туған жерге қайта келіп, жылыжай кәсібін қолға алып, қияр ектім. Осылайша 9 млн теңгенің өнімін сатып, нәтижесін көрдім. Енді биыл қызанақ егіп, одан 6 млн теңге­дей пайда табуды көздеп отырмын. Бүгінде кәсібімді кеңейту мақсатында мемлекеттен жер сұрадым. Қала әкімдігі қолдау көрсетсе, жылыжай орналасқан көшенің абаттануы мен жарықтануын өз мойныма алар едім, – деді жеке кәсіпкер Жеңісбек Бердешов.

Жасыратын несі бар, бүгінде шаруа­лар жергілікті халықты жеміс-жидек, көкөніспен толық қамтамасыз ете ал­мауда. Сондықтан жеке кәсіпкерлер бұл өнімдерді Өзбекстаннан алдырып, елге қымбатқа тасымалдауға мәжбүр болу­да. Қазіргі кезде баға тұрақсыздығы­ның бір себебі осы. Бұл мәселені шешу үшін жылыжай өндірісін дамытуды мықтап қолға алу қажет. Ал бұл бағыттағы кәсіпке ынталыларға барынша жағдай жасалғаны абзал.

Сонымен қатар баспасөз туры ба­рысында қала әкімі Ақсуат ауылдық округі аумағындағы жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Бұл жылыжайдың жұмыс бастағанына үш жылдай уақыт болды. Бүгінде жеке кәсіпкер Бауыржан Нұрмағамбет те жылыжайды кеңейту үшін мемлекеттен жер сұрап отыр.  Ол мемлекеттік бағдарлама арқылы шаруа­шылықты бастап, қазір дүкен иелерінің күнделікті тапсырысын орындауда. Аптасына жарты тоннаға жуық қияр, қызанақ алатын «Шапағат» брендісімен танылған кешенде 4 адам еңбек етеді.

Жылыжай агрономы қияр мен қыза­нақтан бөлек, алдағы 3 жыл ішін­де қала тұрғындарына лимон ұсы­нуды жоспарлап отыр. Өйткені шет мемлекеттен алынған лимон көшеттері қазір жерсініп, өркен жайып келеді. Дегенмен жылыжай ісін ілгерілету үшін бірқатар жұмыс атқарылу керек. Осыған орай қала басшысы кешенді ұлғайту, дамытуға байланысты ұсыныстарға қолдау жасалатынын жеткізді. Сондай-ақ мұндай шаруашылықты көбейту үшін кәсіпкерлерге семинар-тренингтер ұйымдастырып, тәжірибе алмасу қажет екендігін айтты. Жалпы жылыжай – көзін тапқан кәсіпкерге берекелі табыс көзі.

Бір қуанарлығы, Сыр өңірінде Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес сыртқы және ішкі есіктер шыға­рылуда. Кәсіпкерлік нысандарды ара­лау барысында Жаппасбай батыр көше­сінде орналасқан «Примжанов» ЖК цехының жұмысымен таныстық. Жеке кәсіпкер Дәулет Примжанов өз қаражаты есебінен құны 150 млн теңгені құрайтын жобаны бастап, сапалы есіктер дайындауда. Бүгінде 10 адамды тұрақ­ты жұмыспен қамтыған кәсіпорында күні­не 20 есік сатылымға шығарылады. Алда­ғы уақытта осы жұмысты екі есеге дейін арттыруды көздеп отыр. Жеке кәсіпкер өндіріс цехын өткен жылы іске қосты. Бүгінде өнімдері жоғары сұранысқа ие. Сондай-ақ қазір тұрақты тұтынушылары да бар. Заманауи құрылғылармен жарақтандырылған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді. Кәсіпкердің ен­дігі мақсаты – кәсіпорынның аума­ғын ұлғайтып, өнім түрін көбейту. Осы мақсатта бұл кәсіпорында мем­лекет тарапынан жер сұрауда. Цех жұмысымен танысқан қала әкімі шебер­лерге ризашылығын білдіріп, мем­лекет қолдауын тиімді пайдаланып отыр­ған кәсіпкердің ісі алға өрлеуіне тілек­тестігін білдірді.

– Кәсіпкерлерді қолдау мақсатын­да оларды жеке қабылдап, ұсыныстар­ын тыңдап, әкімшілік тарапынан қандай қолдау көрсету керегін анықтап, заң­дық тұрғыда жан-жақты зерттеп жатырмыз. Бүгін міне, әрбір кездесуде көтерілген мәселе бойынша жеке кәсіпкерлердің нысандарына келіп, кәсіптерімен таны­сып, жұмыс барысын көзбен көріп отырмыз. Осы жылы кәсіпкерлікке бай­ланысты 7 млрд теңгеге жуық несие берілді. Қазіргі кезде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекеттен түрлі гранттар бөлінуде. Оның жолдарын, қалай алу керегін халыққа айтып, ақ­параттандырып отырмыз. Әрі қарай жүзеге асыру бойынша көмек көр­сетіп, қадағалап, жол сілтеудеміз. Бү­гінгі нысандарды аралау барысында кәсіпкерлермен кездесіп, жылыжай жұмысын әрі қарай жандандыруға қандай мүмкіндік барын сұрадық. Жылыжай жұмысын дөңгелетіп отыр­ған кәсіпкерлерден жастарға  жол сілтейміз, үйретеміз деген уәдесін де алдық. Жалпы кәсіппен айналысамын деген әрбір азаматқа мемлекет та­рапынан барлық мүмкіндік бар, – деді қала әкімі.

Елімізде отандық өнімге қашанда сұраныс жоғары. Сондықтан жеке кәсіп­керлер халықтың сұранысын қанағат­тандырса, сырттан келген өнімге де мұқтаждық азаяды.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: