Бейсенбі, 25 сәуiр, 15:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Бауыржан ИМАНҒАЛИЕВ, жүргеновтанушы, ғалым: Темірбек Жүргенов дегенде…

08.11.2022

1414 0

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «ТемірНарком» атанған Темірбек Жүргеновтің есімі бүгінде исі қазаққа етене таныс. ОлҚазақстан мен Орталық Азия республикаларындағы оқуағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сыншыкөсемсөзші.

Темірбек Қараұлының мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасын одан әрі жан-жақты сомдау үшін осы саладағы қызметімен қатар әдеби-публицистикалық мұрасын да түбегейлі зерттеп, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тарихында алатын орнын нақпа-нақ белгілеу міндеті, парызы бүгінгі ұрпаққа жүктелгені айдан анық. Мінеки, осы үдеде студент шағынан ізденіп, әдеби-мұрасын ғылыми айналымға түсіріп, терең талдап, алғаш диссертациялық деңгейде зерттеген Бауыржан Иманғалиев Нарком туралы жазған «Темірбек Жүргенов» атты үшінші кітабын қалың оқырманға ұсынды. Зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бауыржан Сәбитұлы бұл төрт жүз елу беттік кітабында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мұрағаттары мен кітапханаларының сирек қолжазбалар қорларында сақталған Т.Жүргеновтың құнды еңбектерін алғаш рет түпнұсқа негізінде тауып, араға сексен жыл уақыт салып, оқушыларымен қайта табыстырды. 1937 жылы 26 қыркүйекте «Халық жауы» деп қара күйе жағылып, қапыда атылып кеткен боздақ ұлдың халқына, ұлтына жасаған еңбегін бес тараудан тұратын осы құнды еңбекте жан-жақты аша білген. Журналист Ұмтыл Зарыққан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, зерттеуші-ғалым Бауыржан Иманғалиевпен қайраткер-қаламгер Темірбек Жүргенов хақында арнайы  сұхбат құрған екен. «Әдебиет» порталына шыққан сұхбатты Жүргеновтанушы Бауыржан Иманғалиевтің рұқсатымен газетке басып отырмыз.

Құрметті Бауыржан Сәбитұлы, сіздің негізгі зерттеу нысаныңыз Қазақстандағы білім, мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушысы, республи­каның көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткеріТемірбек Қараұлы Жүргенов­тің шығармашылық жолы. Әңгімеміздің әлхиссасын қайраткердің өмірінен, ата тегінен бастасақ

− Темірбек Жүргенов 1898 жылы Қызыл­орда облысы Жалағаш ауданының қазіргі Т.Жүргенов ауылында (бұрынғы Жаңаталап) дүниеге келген. Ол − кезінде Ырғыз бен Сыр бойы аралығын жайлаған қалың елге белгілі болған, ел ұстаған билік иесі, өз заманының талабын аңғара білген көзі қарақты жан Қара Жүргенұлының бел баласы. Осындай дәулетті, тәрбиелі ортада өскен Темірбек өз кезеңі үшін тиянақты білім, ұлағатты тәрбие алды: дәс­түрлі халықтық ортада тәрбиеленді, ұлттық психологияны, сөз бен саз мәдениетін ананың сүтімен, атаның қанымен бойына сіңірді. Жас Темірбектің ұстаздар жағынан да жолы болды. Осылардың ішінен екі кісіні – Сыр бойының белгілі ағартушы-ақыны Тұрмағанбет Ізтілеу­ұлы мен Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде сабақ берген, қазақ тарихындағы алғашқы орыс­ша-қазақша және қазақша-орысша сөз­діктің авторы Досмұхаммед Букинді атап айту жөн. Алғашқы ұстазының шарапатты әсерімен жас бала бірнеше шығыс тілін меңгеріп, шығыс мәдениетінің жауһарларымен жастай танысса, соңғы ұстазының көмегімен Еуропа мәдениетін, соның ішінде орыс мәдениетін, әдебиетін, тілін, осы қоғамдағы озық революцияшыл идеяларды терең игерді. Сөйтіп, Т.Жүргеновтың дүниетанымында шығыстық және еуропалық дүниетаным кіріге тоғысып, біртұтас рухани дүниеге ұласты. Қайраткер-қаламгердің көзқарас эволюциясындағы осы ерекшелік соңыра оның мәдени құрылысқа, ағарту саласына байланысты мәселелер түйінін әрі тез, әрі дұрыс тарқатып отыруына көп көмегін тигізді. Екіншіден, Т.Жүргенов 20-30 жылдардағы үркердей қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі. Оның ат жалын тартып мінген азаматтық өмірі бірден ұлттық ояну, көтерілу, серпілу және ұлттық-саяси тәуелсіздік жолында күресу кезеңіне тұспа-тұс келді. Т.Жүргенов Нәзір Төреқұлов, Әліби Жангелдин тәрізді қайраткерлермен бірге иық тіресіп, ең алдымен өзі өкілі болып сана­латын қазақ халқының мүддесіне қызмет етті.

Алаш қайраткері Темірбек Жүргеновтің алғашқы білім алу жолы, ұлтқа жасаған қызметіне тоқтала кетсеңіз

− Темірбек Тұрмағамбет ақын ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскі­­­дегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атын­дағы училищеде бастауыш білім алған. Ал 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құра­мына енеді. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. САГУ-де студент болып жүріп, қоғамдық өмірге белсене араласып, студент жастардың әлеуметтік қоз­ғалыстарына қатысады. Ол Қазақ АССР-нің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, ал 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.Бартольд, профессор С.Малов секілді атақты ғалымдарды Мәскеуден арнайы шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш сала­ды. Жоғары оқу орындарына арналған «Саяси экономия» және «Құқықтану» пән­дері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударады. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға атсалысады. 1929-1930 жыл­дары Тәжікстанның Қаржы комиссары, 1930-1933 жылдары  Өзбекстанның Халық ағарту комиссары, ал 1933-1937 жыл­дары Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметтерін абыроймен атқарады. Ол Қазақстан­ның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Сейфуллин, С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев сияқты қайраткер-қаламгерлерді тартты. Т.Жүргенов ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орын­дарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. өнер май­талмандарының шығармашылық жұмыспен айна­лысуына жағдай жасады. Т.Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А.В.Затаевичке көп­теген мәлімет берді. Жүргеновтің тікелей ат салысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мек­тептерінің артуына ықпал етті. Жүргенов Халық ағар­ту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. Ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнер­паздарының бірінші өнер слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің он­күндігін өткізудің басты ұйымдастырушысы болды. Онкүндік кезінде еліміздің өзге де мәде­ниет қайраткерлерімен бірге атқарған ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

Әдетте біз Темірбек Жүргеновтің саясиқоғамдық қызметтеріне көбірек көңіл ауда­рып, қаламгерлік қарымына назар сала бермейтін сияқтымыз, бұған не айтасыз?

− Пікіріңіз орынды. Темірбек Жүргенов – ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның жазушылық қызметін қайраткерлік қызметінен, қалам сапасын қайраткерлік сапасынан бөліп алып қарауға келмейді. Қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де, Т.Жүргеновтің қаламгерлік қарымы назардан тыс қалып, мемлекеттік қызметінің тасасында қалып келді. Қазіргі қолдағы мәлімет бойынша, Ағарту комиссарының әзірше 7 кітап, 150-ден аса әдеби-публицистикалық мақала жазғаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда, «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздық жою» кітаптары, «Саяси эко­номия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ халқының күйлері», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақын­дары мен жыршылары» т.б.мемлекетшіл тақы­рыптағы очерктері мен мақалалары бүгінгі ұрпақ үшін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Жүргенов қоғам қайраткері ретіндегі қызметін партиялық функционерліктен емес, 1918 жылы «Қазақ мұңы» газетінің жауапты хатшысы болып, қаламын қару етіп бастағанын атап айтқан жөн. 20-жылдар басында Т.Жүргенов республикалық «Еңбекшіл қазақ» газетінің буынын бекітіп, бұғанасын қатыру ісіне шы­ғармашылық, ұйымдастырушылық қажы­рымен атсалысты. 1924 жылы Ташкентке келіп, САГУ-де (Орталық Азия Мемлекеттік университеті) оқып жүріп, әрі Қазақстанның Түркістан республикасындағы өкілі қыз­метін атқарған кезде де Жүргенов қалам майданының қақ ортасынан табылды. Сөз қадірін білетін, сөз баққан ортада өскен Т.Жүргеновтің «Ұшқын» газетінде жарық көрген «Переводчиктің қиялы» атты сықақ өлеңі бала жігіттің сөз өнерінде қара жаяу еместігін бірден танытты. Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңінің үлгісінде жазылған бұл сахналық интермедия қазақ әдебиетіндегі сатиралық монологтардың алғашқы үлгі­лерінің бірінен саналады. «Переводчиктің қиялы» қазақ сахнасының майталманы Серке Қожамқұловтың репертуарынан ұзақ жылдар бойы тұрақты орын алып келді. Ал 1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының №4 санында жарияланған «Меруерт» әңгімесі XX ғасырдағы ұлттық прозамызда өз кезеңіндегі ең өзекті, ең көкейкесті тақырыптың бірі − әйел теңдігі мәселесіне арналған. Кейіпкерлер тағдырының ұқсастығы, тақырып ортақтығы және кейбір суреттеу тәсілі жағынан «Меруерт» М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесімен үндес. Ол сюжетті өмірде жалт еткен бір сәттік оқиғаға, яғни метонимиялық принципке құрады. Бұл жағынан әңгіменің новеллалық сипаты басым.

Темірбек Жүргеновтың еңбектеріне қарап отырғанда, ол кісінің әдебиет сынына белсене атсалысқанын байқаймыз

− Қайраткер 30-жылдар басында әдеби сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сынына көбірек көңіл бөлген. Бұл өреде Б.Майлиннің «Шұға» пьесасының алғашқы қойылымына арналған «Ушуға» рецензиясын («Казахстанская правда», 1934ж., 21 маусым) атап айту жөн. Автордың пайымдауынша, ендігі жерде әдебиетке Меруерт тәрізді шарасыз бейнелер емес, Шұға сынды сын­дарлы, рухты, кесек образдар қажет. «Өнер өнер үшін емес, өнер әлеуметтің мұң-мұқтажына, арман-тілегіне қызмет көрсетуі тиіс!» – дейтін өзекті ой Темірбек Қараұлының қаламынан қорытылып шыққан «О пьесе «Хан Кене» и ее критиках» («Казахстанская правда», 1934ж.,12 маусым) мақаласында жалғасын тапты. 1928 жылы жа­зылғанымен, содан бергі уақытта сахналауға рұқсат берілмей келген М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасын алғаш драма театры репертуарына енгізген – Т.Жүргенов. Спектакль 1934 жылы мамырда қойылды. «Хан Кенені» тірілткен Темірбек Қараұлы – өзінің тарихи принцип көзқарасын әдеби мұраны игеру ісіндегі тарихи сабақтастық принципіне ұластырған сыншы. «Казахский перевод» Шахнаме» атты көлемді мақаласы (Казахстанская правда, 1935, 1 сәуір) автордың осы өредегі көзқарасын толық та­нытты. Фирдаусидің туғанына 1000 жыл толуы қарсаңында оның мәңгі өлмес мұрасы – «Шах­нама» дастанын қазақ топырағында бі­рін­ші болып аударған Сыр бойының білімдар ақыны Молда Ораз нұсқасын ел ішіндегі бір қарапайым шаруаның қолынан таптырып ал­дырған Т.Жүргенов дастан жөніндегі ал­ғашқы әрі күні бүгінге дейін біздегі бірден-бір толымды зерттеу болып саналатын кө­лемді еңбекті жазды. Т.Жүргенов өзінің сын­шылық-зерттеушілік еңбегінде жекелеген шығармаларға ғана көңіл бөліп қоймай, әдебие­тіміздің зәру мәселелері бойынша перс­пективалық бағыттарды белгі­леп, әдебиет тарихындағы кесек дәуірлерге баға беріп отыр­ған. 1925 жылы Ташкентте қызметте жүріп тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан «Терме» деген жинақ құрастырды. Оған Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов т.б. автор­лардың шығармаларын кіргізіп, Шернияз, Едіге, Базар жырау т.б. туралы құнды мәлі­меттер берген. Темірбек Қараұлының «Жерұйық» атты мақаласында («Қазақ әде­биеті», 1936 ж. 10 шілде) Асан қайғы, оның идея­сына алғашқылардың бірі болып толымды баға бергенін атап айтқан жөн. Асан қайғы жөнінде зерттеу жұмыстары 1930 жылға дейін тоқтап қалған еді. Жүргенов мақаласы тоқырап қалған сол іске жаңадан серпін берді. Автор халық аңызы жасаған Асан Қайғы бейнесі белгілі бір дәрежеде тарихи Асанның кейпі, ол XIV ғасырда қазақ халқының жазба тарихы жасала бастаған дәуірде өмір сүрген деген ой айтты. Кейінгі зерттеулер оның бұл пікірінің дұрыс екендігін көрсетті. Темірбек Жүргенов – 30-жылдары А.Пушкин шығармашылығына да баға берушілердің бірі. Орыс ақынының дүниеден өткеніне 100 жыл толуы қарсаңында жарияланған «Орыс халқының ұлы жазушысы және қазақ халқы» деген көлемді мақаласында Пушкин шығармаларын қазақ тіліне аудару дәстүріне тоқталған. Осы орайда оның Абай үлгісіне берген бағасы биік. Сыншы орыс ақыны мен қазақ ақынының ақындық қуаты мен поэзия өрнегіндегі ұқсастықты нақты мысалдармен көрсетеді.

Темірбек Жүргенов өз заманында күйіп тұрған тақырыптардың бір парасы болған қазақ тілінің тағдыры, қазақ әдеби тілінің тарихы, аударма һәм терминология мәселесі төңірегінде де өткір, ұтымды ойлар айтқан тұлғаның бірі. Осы тұрғыдан келгенде қайраткердің жандүниесі ғылым­ға, зерттеушілікке жаратылғандай әсер береді

− Халық Ағарту комиссары екі тілде бір­дей жазған алғашқы билинг қайраткер-қалам­герлеріміздің бірі болды. Тілді жазушы еңбегі­нің құрылыс материалы ғана емес, мәдениеттің, білімнің іргетасы деп білген ол тіл туралы айтыстан шет қалмай, сол өредегі білікті де салмақты пікірлерін көп талқысына салып, ең бастысы, практикалық басшылық саласына көшіріп отырған. Қайраткердің қазақ тілінің түсініктілігі, мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері әлі күнге маңызын жойған жоқ. Жүргенов тіл қолданушыларды, әсіресе зиялы қауымды қазақ әдеби тілінің бұзылып, көпшілікке түсініксіз жаргонға айналуынан сақтандырды. Осы тақырыпты «Қазақ тіліндегі терминология мәселелері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» атты мақалаларында өрбіткен ол 20-жылдары А.Байтұрсынов бастаған термин жасаудың ғы­лыми принциптерінен ауытқымауды, яғни термин сөздерді метаморфалау, морфоло­гиялық және синтаксистік тәсілмен қазақтың төл сөздері мен ұғымдарынан жасау әдісін жалғастыруды, сонымен бірге аударуға кел­мейтін, қазақша барабар (адекват) мағына­сы жоқ халықаралық аталымдарды өзгеріссіз алуды ұсынды. «Тілді де тісті, жігерлі де, іскер адам» – деп Ғ.Мүсірепов баға берген Темірбек Қараұлының жан-дүниесі ғалым, зерттеушіге бейім еді. Жаратылыс сыйлаған осы бейім­діктің соңына біржола түсуге заманы, уақыты мұрша бермесе де, ол ғұмырының ақырына дейін тасқа басылған сөзге деген сағыныш-көрігін баса алмай өмірден өтті.

Темірбек Жүргенов ұлтқа қажетті қызыметтің барлық саласында аянбай тер төккен әмбебап тұлға екенін айтып жатырмыз. Сол қатарда қазақ өнерінің болашағы үшін жасаған еңбегі бір төбе. Ендігі әңгіменің басын осылай бұрсақ

− Темірбек қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті. Белгілі өнер майталманы Құрманбек Жандарбеков ол туралы: «Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз», − дейді, ал академик А.Жұбанов: «Жүргеновтың кабинетінен шыққанда Ала­тау­ды айырып, Қаратауды қайырып шыға­тындай күш-жігермен шығатын едік», − деп өнер басшысының қажыр-қайратын жоғары бағалайды. Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Жүргенов – тілді де тісті, жігерлі де іскер адам», – деп талантына ерекше ден қойып, ыстық ілтипатпен еске алады. «Біз қазақ мәдениетінің шырқау шыңдары үшін Темірбек рухының алдында қарыздармыз», − деген еді Әбіш Кекілбаев.

Бұл күнде еліміздің жастары білім алып түлеп ұшып жатқан көптеген жоғарғы оқу орындары мен институттардың негізін осы Темірбек Жүргенов қалағанын бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейтін сияқты

− Әрине, Темірбек Жүргенов дегенде 1927 жылы Ташкентте ұйымдасқан алғашқы Қазақ педагогикалық институтының (Абай атындағы ҚазҰПУ) тұңғыш ректоры, Тау-кен институтын (Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ), әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-ды құру, жаппай сауаттандыру, 10 жылдық білім берудің күні бүгінге дейін үзілмеген желісі еске түседі, Т.Жүргенов дегенде 30-жылдар басында Голощекин лаңынан кейін тұралап жатқан ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртіп 400 мектеп салдырып, қазақтың «Луначарскийі» атанған Ағарту комиссары еске түседі. Т.Жүргенов дегенде тұңғыш ұлттық опера өнерін дүниеге келтірген білікті басшы, 1936 жылғы Мәскеудегі сәтті өткен қазақ өнер декадасы, «Шахнаманың» тұңғыш қазақшаға аударылуы, «Хан Кене», «Жалбыр», «Шұға» пьесаларының алғаш көрсетілімдері, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін өзі басқаратын мәдениет комитетінің қарауына алған ұлтжанды азамат ойға оралады. Осындай іргелі, игілікті істерді басқарып жүріп, артынан мол әдеби-публицистикалық еңбектер қалдырған. Тарихи антология жағынан бұл мысал өркениеті мен мәдениеті теңескен батыс елдердегі қоғам қызметін қалам қызметімен қатар алып жүрген М.Робеспьер, Е.Дашкова, Ф.Раскольников тәрізді қайраткер-қаламгерлер үлгісімен теңеседі.

Мұхтар Әуезовтің «АйманШолпан» пьесасын алғаш жұртшылық алдында оқытуы да ел есінде қалған тарихи оқиға болған деседі

− Нарком Жүргеновтің қызмет еткен тұсында республиканың барлық өңірінде драмалық, музыкалық ұжымдар ашылып, қазақтың ел арасында жүрген әнші, күйші, бишілері бір шаңырақтың астына жинала бастады. Халық жыраулары мен жыршылар, термешілер мен барша өнерпаздар бас қосып, енді сала-сала бойынша профессионалды өнер ордаларына айнала бастады. Темірбек Жүргенов солардың бәрінде де тек ұйым­дастырушы болып қана қоймай, олардың жұмысына өзі тікелей араласып, театрлар мен бишілер тобының өнерлерін түн жарымы ауғанша көріп, пікір айтып, жаңа өнер, таза өнер қандай болуы керектігін елден келген өнер иелеріне айтудан, үйретуден жалықпаған. Ол бәріне де уақыт таба білген. М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасын алғаш жұртшылық алдында оқуды ұйымдастырған да Жүргенов екенін тарихтан білеміз. Бұл жөнінде академик Ахмет Жұбановтың естелігінен мына бір жолдарды келтіре кеткен дұрыс. «…Темірбек Халық ағарту комиссары болып, өнер май­данының «командованиесін» өз қолына ал­ғаннан кейін бұрынғы тыныштық, «бейбіт» заман келмеске кетті. Өнер майданы қыза, бұрқырай жөнелді. Отыз үшінші жылдың күзінде М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны» оқы­лады екен деген хабарды есітіп мен де үкі­мет үйіне келдім… Ол екі ауыз ғана сөзбен мәжілісті ашты да, Мұхаңа пьесаны оқытты… Пьеса тыңдаушыларды қанағаттандырды. Тек өзінің соңғы қысқа сөзінде Темірбек:

− Мұхтар! Осы «Басыбар» демей-ақ, сол шалдың азан айтып қойылған «Көтібар» атын өзіне қайтарсақ қайтеді. Қаншама мәдениетті ат қоямын, жаңа буыннан ондайды жасырамын дегенмен басы болса адамның басқа да жақтары болатынын бәрі де біледі ғой. Шекспир бұл жағынан аса қысылып-қымтырылмаған көрі­неді ғой», − деді. Отырғандар да біраз күліп, Мұхаң бұл ұсынысты сол арада қабылдап, Көтібар өз атымен қалды.

Мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов «Халық жауы» атанып атылып кеткеннен кейін, оның жары Дәмеш Әмірханқызы да ұзақ уақыт қуғынсүргінді көп көрді. Кедергілер мен қиындықтарға қарамастан жарын ақтауға атсалысты. Темірбектей терең тұлғаны бүгінде қалай танып, біліп жүрміз?

− 1937 жылы басталған жаппай саяси қуғын-сүргін науқаны қыруар игі істердің басы-қасында жүрген Т.Жүргеновті де өзінің шеңгеліне іле кетті. Оған «халық жауы, ұлтшыл, Кеңеске қарсы терроршы-көтері­лісші, шпиондық-диверсант­тық ұйымдарға басшылық еткен, жұмыстарына белсене ара­ласқан» деген сияқты бірнеше айып тағып, кейін сот оны ату жазасына кесті. Үкім 1938 жылы 25 ақпанда Алматының іргесіндегі Қандысай деген жерде орындалған. Бұл кезде есіл ердің жасы небәрі 39-да еді. Алаш ардақтысы Әлімхан Ермековтің туған қарындасы, қайрат­кердің зайыбы – Дәмеш Ермекова күйеуі атылғасын «халық жауының әйелі» деп оны 8 жыл­­ға бас бостандығынан айырып, «Алжир» ла­геріне қамайды. Бас-аяғы 20 жылға жуық уақыт қуғыншылық көріп, ол Алматыға тек 1957 жылы ғана оралды. Дәмеш Әмірханқызы кейін айнымас адал жарын жазықсыз жаладан ақтап алу жолында ғалым Мардан Байділдаевпен бірге талай есікті тоздырып жүріп, көптеген іс-шаралар, кездесулер өткізеді, естелік мақалалар жазалы. Осы кісілер мен Жүргеновке жанашыр азаматтардың ықпал етуінің арқасында Алматыдағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына Темірбек Жүргеновтің есімі берілді, сон­дай ақ Астана, Алматы қалалары мен Қызылорда, Ақтөбе облыстарының бірқатар мектептері мен көшелеріне қайраткердің есімі беріліп, ескерткіштер орнатылды. Ағарту ко­миссарының өміріне арналған деректі фильм­дер мен 1 пьеса жарық көрді. Өзі мерт болса да, оның ісі, атқарған қызметі, халқының болашағына сіңірген қалтқысыз еңбегі, атап айтқанда артында мұра болып қалған әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері шаң басқан мұрағат сөрелерінен алынып, жоғары бағасын ала бастады. Себебі асыл азаматтың өнегелі өмірі, еліне деген сүйіспеншілігі бүгінгі ұрпақ үшін Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болары хақ.

Салиқалы әңгімеңізге рақмет. Жүргенов­тану жолындағы еңбегіңіз жемісті бола берсін!

Сұхбаттасқан Ұмтыл ЗАРЫҚҚАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: