Сәрсенбі, 13 қараша, 01:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90-2100
12.11.2024
PDF мұрағаты

Аймақ басшысы бірқатар нысанды аралады

14.04.2021

1873 0

Сәрсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова шаһардағы әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен сол жағалау бойында жаңадан салынып жатқан 14 арендалық тұрғын үйлердің құрылысына қанығып, құрылыс барысына баға берді. Өңір басшысы пандемия кезеңіне қарамастан тұрғын үйлерді салу тоқтамайтынын айтып, қала әкімі мен мердігер компания басшысына құрылыс жұмыстарын сапалы орындау және уақытылы аяқтау қажеттігін қаперге салды.

Қазір мұнда жалпы алаңы 40,4 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйде 780 пәтер бой көтеруде. Баспаналарды салуға түрлі деңгейдегі бюджеттен 8 млрд 322,6 млн теңге қаржы бөлінген.

Мұнан кейін Гүлшара Әбдіқалықова сол жағалаудағы автономды блокты-модульдік қазандықты көрді. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылу жүйесіне қосатын қазандықты «Ария Жаңа Астана» ЖШС мердігер компаниясы үйлестіреді. Жобаның жалпы құны 2 млрд. 438,5 млн.теңгені құрайды.

Аймақ басшысы бірқатар нысанды аралады

Облыс әкімі қала көшелеріндегі абаттандандыру жұмыстарына да мән берді. Ең әуелі Ы.Жахаев пен Әйтеке би көшелеріне барып, көшедегі көркейту бағытында атқарылған жұмысты көрді. Бүгінде көше бойында 250-ге жуық жарық шамдары орнатылып, 3 субұрқақ салынған. Ал Әйтеке би көшесінде 100-ден аса түнгі жарық шамдары орнатылған. Сондай-ақ, заманауи үлгідегі орындықтар мен қоқыс жәшіктері де қала сәулетіне сән беруде.

Аймақ басшысы бірқатар нысанды аралады

Гүлшара Әбдіқалықова келесі бағытты бірнеше шағын өндіріс орындарына бұрды. Алдымен Талсуат ауылдық округіндегі «Сыр маржаны» ет комбинатының құрылыс жұмысымен танысты. Комбинат ауысымына 5 тонна ет өнімдерін өндіруге қауқарлы. Өндіріс орны 250 бас ірі қара малы мен 1000 бас ұсақ мал союға мүмкіндігі бар. Шағын комбинаттағы өнімдердің 70 проценті ішкі нарыққа, 30 проценті экспортқа жөнелтіледі. Бүгінде ет комбинатының құрылысы 30 процент аяқталған. Қажетті жабдықтар толық алынып болғаннан кейін нысан 2021 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.

Аймақ басшысы бірқатар нысанды аралады

Мұнан кейін облыс әкімі Ә.Қашаубаев көшесінің бойында орналасқан шыны зауытына барды. Өндіріс жылына 197 100 тонна табақша шыны шығара алады. Мұнда табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна мен ламинатталған шыны өндіреді. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жабдықтау жұмыстарына 91 жұмысшы тартылған. Бүгінде зауыт құрылысы 78 проценті аяқталып отыр. Балқыту ваннасы мен күйдіру пешін монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін зауыт толықтай іске қосылады. Айту керек, балқыту ваннасы және күйдіру пешін монтаждау үшін 4 ай уақыт және жылы режим жағдайы қажет. Шыны зауытындағы жұмыстарды саралаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары Нұрлан Тілешовке жабдықтау жұмыстарын нәтижелі аяқтап, зауыт жұмысын мерзімінде аяқтау қажеттігін тапсырды.

Аймақ басшысы бірқатар нысанды аралады

Облыс әкімі қала нысандарын аралау сапарын «Бақытты отбасы» орталығында қорытындылады. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы түрлі санаттағы отбасыларға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық көмектер береді. Бұл үшін орталықта 66 маман жұмыс атқарады. Гүлшара Әбдіқалықова көмекті қажет ететін, өмірде қиындыққа кезіккен отбасы мүшелерін қоғамға бейімдеу мәселесі өзекті екенін жеткізді. Сондай-ақ, көпбалалы, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың мемлекеттік қызмет алудағы кейбір қиындықтарды жою және көмек беруде орталық жұмысының маңызды екенін алға тартып, әлеуметтік қызметтерді көрсетудің тиімділігін әлі де арттыруды ұсынды. Яғни, мемлекет қолдауымен іске асырылатын жобалар нәтижелі әрі уақытылы аяқталуы қажет деп атап өтті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: