Бейсенбі, 25 сәуiр, 20:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Президент жарлығы: Кәсіпке кедергі болмайды

09.12.2022

647 0

 Ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа қол қойды. Бизнесті тексеруге мораторий жариялауды 2024 жылға дейін ұзартуға арналған жарлық кәсіпкерлерді қуантқаны рас.

Айта кетелік, Мемлекет басшысы кәсіпкерлік саласын дамыту үшін кедергі жасамау қажетін, барынша қолдау жасауды атап айтты. Осы апта «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау салтанатына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жеті жылда кәсіпкерлік барынша қолдауға күш салатынын айтты.

 – Бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері. Басынан бастап реттеу институтын енгізуге бір жыл қалды. Үкімет  бизнестің дамуына кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау жөнінде ауқымды жұмыс жүргізді. Экономиканың түрлі саласында жаңа реттеу саясатына сай келмейтін 6,5 мыңнан астам талап анықталды. Енді Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, заңнамаға және нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістерді жедел енгізуі керек. 2024 жылдың басынан бастап жаңа тәсілдерге іс жүзінде көшуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар бизнесті негізсіз бақылауға, қылмыстық қудалауға жол жоқ. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу шаралары жүріп жатыр. Нәтижесінде кәсіпкерлерге негізсіз салынған айыппұлдан босатуға қол жетті.

– Биыл 6 мыңнан астам кәсіпкер жалпы құны шамамен 700 миллион теңге болатын заңсыз айыппұлдан босатылды. Заңсыз салынған 1200 тыйым салу және шектеу шараларының күші жойылды. Кәсіпкерлерге қатысты заңсыз іс-әрекеті үшін мыңнан аса лауазымды тұлға жауапқа тартылғанын атап өткен жөн. Әрбір алтыншы іс қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болмауына байланысты тоқтатылды. Биылдан бастап азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынды. Сонымен қатар өткен жылдардың оң нәтижесіне сүйене отырып, ұсақ және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийді тағы бір жылға созу жөнінде шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа қол қойылды, – деді Президент.

Сонымен қатар ауылшаруашылығы саласы экономиканың қозғаушы күші екенін атап айтып, фермерлерге қолдау жасалатынын атап айтты. Мемлекет басшысы атап айтқан форвардтық несие осы агробизнеске арналған.

– Фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету міндетті түрде жалғасын табады. Осы жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алу үшін берілетін қаржының көлемі 40 миллиард теңгеге көбейді. Соның арқасында диқандарымыз бір мыңнан астам қосымша техника алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ егін егу және оны жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі екі есе артты. Ал диқандарға жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай өнімдерінің көлемі 820 мың тоннаға дейін өсті. 2023 жылдан бастап көкөніс өнімдерін шығару үшін фермерлерге алдын ала, яғни форвардтық несие беру бағдарламасы іске қосылады. Осы мақсатқа шамамен 100 миллиард теңге қаржы бөлінеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ жиында ел Президенті кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді ашып айтып, шынайы индустрияландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру қажеттігін, өңдеу өнеркәсібіне шикізаттың қолжетімсіздігі, кейбір заң нормаларының кібіртіктеп тұрғаны да ашық айтылды. Бір сөзбен айтқанда, ел экономикасының қозғаушы күші саналатын кәсіпке уақытша емес, жүйелі шаралар қажеттігін атап айтты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: