Бейсенбі, 28 наурыз, 19:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

«Сыбағадан» сыбағасын алғандар

02.02.2021

1142 0

«Біз – қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз». Бұл – Қазыбек бидің қалмақ қолбасшысы Қалдан Серенге айтқаны.  Әңгіме ауаны амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп бастайтын қазақтың ата кәсібі – мал шаруашылығы жайында өрбімек.

Мал шаруашылығы бүгінгі күнге дейін халық өмірінде өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Мемлекет те тиісті деңгейде қолдау көрсетіп келеді. Шаруаны шын қуантқан бағдарламаның бірі – «Сыбаға» бағдарламасы. Мемлекет бұл мақсатқа несие қаражатын бөліп, халыққа мүйізді ірі қараның экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында мол мүмкіндік берілді.

Қалалық ауылшаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда қала бойынша 22 327 бас мүйізді ірі қара, оның ішінде 14 474 бас аналық сиыр, 26 185 бас қой мен ешкі, 8 838  бас жылқы, 2 258  бас түйе, 15 186  бас құс өсірілуде. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 100,7%, аналық сиыр 121,3%, жылқы  111,3%, түйе 103,0%, қой мен ешкі110,6%-ке көбейгенін көрсетіп отыр, – дейді мамандар.

Бағдарлама – береке  бастауы

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға өткен жылы мемлекеттік бюджеттен 80 шаруашылық құрылымына 162,4 млн теңге субсидия төленген. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау арқылы 147 бас асыл тұқымды ет бағытындағы бұқашықтар, 147 бас отандық асыл тұқымды аналық ірі қара, 86 бас асыл тұқымды ет бағытындағы  қошқар және 542 бас асыл тұқымды аналық қой сатып алынған. Мұның барлығы Сыр өңірінің мал шаруашылығы саласына серпін беруде.

Қалаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округінен «Аруана» шаруа қожалығы асыл тұқымды репродуктор шаруашылықтар қатарына еніп, асыл тұқымды бұқаларды саудалайтын дәрежеге жетіп отыр. Сондай-ақ қаланың «Танкаман» ЖШС кәсіпорыны жылқы шаруашылығымен айналысып, асыл тұқымды ет бағытындағы «Мұғалжар» тұқымды репродуктор шаруашылық болып танылды. Берекелі істің бастауы болған бағдарламаға ел дән риза екендіктерін айтуда.  

«Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы да қызылордалық кәсіпкерлерге оң септігін тигізуде. «Сыбаға» бағдарламасымен 100 бас асыл тұқымды аналық сиыр және 4 ауыл шаруашылығы құрылымы «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы 80,0 млн теңге несие алып, 2000 қой және 500 бас асыл тұқымды, 364 бас отандық қой сатып алынды. Барлығы 2864 бас қой елге алынып, өсірілуде.

Тұқымдық түрлендіру

Мамандар мәліметіне сүйенсек, қала бойынша 11 935 бас ірі қара аналығы тіркеліп, қазіргі таңда 3368 бас аналық сиыр және 142 бас асыл тұқымды бұқа мал тұқымын түрлендіруге қатыстырылуда. Аналық сиырлардың тұқымдық түрлендіруге қатысуы жоғары деңгейде өткізілуде. Бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді.

Инвестиция  игілігі

Қызылорда қаласынан «МТС Агро» ЖШС 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы биылғы жылы іске қосылады деп күтілуде. Қаладағы «КZO ET» мал сою және бордақылау алаңы іске қосылды. Өндірілген өнімдер тұрғындарға нарықтағы бағадан төмен ұсынылуда. Мал бордақылау алаңында қазіргі таңда 260 бас  бұқашық бордақылануда.

«Сыр маржаны» ЖШС ирандық «Tavooni Faragir Inche Boroun Co» компаниясымен бірлесіп, экспортқа бағытталған жылдық қуаттылығы 5 мың тонна ет өңдеу комбинатының құрылысын салуда. Жобаның құны – 832,5 млн теңге. Жобаға Қызылорда қаласына қарасты Талсуат елді мекенінен 15 га жер телімі беріліп, 2019 жылы ет комбинатының іргетасы қаланып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ет комбинаты іске қосылған кезде тәулігіне 250 бас ірі қара, 1000 бас қой сойылады деп жоспарлануда. Ет комбинаты екі бөліктен тұрады. Біріншісі мал сою жұмыстарына бағытталса екінші бөлігі етті сақтау қызметін жүзеге асыратын болады. Сонымен қатар ет комбинатында шұжық, консерві, ет өнімдері шығарылатын болады. Вакумдық қаптамада жылына 5 мың тонна ет өндіріліп, 25 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы өндірілген өнімнің 60 пайызы экспортқа бағытталатын болады, – дейді қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары.

P.S «Сыбаға» бағдарламасы Сыр өңірінде осылайша серпінді іске асып келеді. Бұл елдің экономикалық-әлеуметтік ахуалының артуына зор септігін тигізеді. Ата кәсіп ширай түсуі үшін әлі де мал шаруашылығы саласын қолдау артық етпейді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: