Жексенбі, 08 желтоқсан, 10:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Кәсіп істегенге қолдау бар

22.02.2022

1642 0

Қазіргі кезде кәсіп ашып, шағын бизнесмен атану аса бір қиын шаруа емес. Кәсіп көзін тауып, еңбек еткісі келетіндерге мемлекеттен берілетін көмек те жоқ емес. Соңғы уақытта расымен мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібінің көкжиегі кеңейіп, еңбегін еселеген кәсіпкерлер саны артты. Әсіресе, Сыр өңірінде кәсіп ашқандар саны күннен-күнге артуда. Олардың ішінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы көмек алғандар да бар. Қала әкімдігі ұйымдастырған баспасөз турында бірқатар кәсіпкерлердің тірлігін көзбен көріп, танысып қайттық.

Негізінен, мемлекеттен көмекті кәсіптің қай түріне болса да алуға болады. Мәселен, Ақжарма ауылдық округінің тұрғыны, кәсіпкер Серік Жанайдаров мал шаруашылығымен айналысуда. Ата кәсіппен 2000 жылдан бері шұғылданған ол мал басын көбейту үшін 2018 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы арқылы «Ауылшаруашылығын қолдау қорынан» 5 млн теңге көлемінде қаражат алған. Одан бөлек кәсіп иесі өткен жылы «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығының» микроқаржы ұйымынан төмен пайызбен тағы да 5 млн теңге несие алған.

– 2017 жылы 5 гектар жерді жалға алып, «Қабыл» шаруа қожалығын аштым. Ата кәсіпті дамытып, мал басын көбейтіп, ауыл шаруашылығы саласын кеңейту мақсатында осы қызметке бет бұрдым. Мемлекет тарапынан екі рет көмек алып, мал басын көбейттік. Қазіргі кезде 3 адамды жұмыспен қамтып отырған жайым бар. Басты мақсат – малды жылдан-жылға көбейтіп, жергілікті халықты етпен қамтамасыз ету, – дейді «Қабыл» шаруа қожалығының иесі.

Қазіргі кезде «Қабыл» шаруа қожалығының өкілі ет өнімін шаһардағы «Сұлтан» және «Айтбек» базарларында халыққа қолжетімді бағамен сатады. Шаруа қожалығында қымыз бен саумал да бар. Кәсіпкердің айтуынша, қаладан арнайы келіп, қымыз бен саумал алатындар бар екен. Өз сөзінде кәсіпкер ауыл әкімдігінің мамандарына да мемлекеттік бағдарламалар жайында жол сілтеп, көмек білдіргені үшін алғыс айтты.

Мал шаруашылығымен айналысып, өңірді етпен қамтамасыз етіп отырған тағы бір кәсіпкер – ақсуаттық Беріккүл Қалиева. 2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы арқылы 3 млн теңге көлемінде несие алып, 11 бас мүйізді ірі қарамен кәсібін бастаған. Бүгінде 1 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің кәсібі кеңеюде.

– Мемлекет қолдауымен 2017 жылы ашқан кәсібімді екі бағытта, яғни ет пен сүт бағытында дамытудамын. Қазіргі кезде мал басының саны 20-дан асты. 2021 жылы кәсіпті кеңейту мақсатында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымының өз қаражаты есебінен 2 млн теңге несие алдым. Қаражаттың барлығы мал санын көбейту үшін жұмсалды, – дейді жеке кәсіпкер.

Ақсуат ауылында жеке мектеп те бар екен. «Ансар-Кәусар 2020» атты мектепте ауыл балалары 1-4 сыныпқа дейін оқи алады. 2020 жылы ашылған мектеп мемлекеттік бағдарлама аясында 86 баланы оқытып, қосымша 40 баланы түрлі үйірмелермен қамтамасыз етіп отыр.

Мектеп негізінен 110 орынға арналған. Білім ордасында асхана, спортзал және арнайы оқу кабинеттерімен жабдықталған. Мұнда оқитын оқушылар түске дейін білім алса, түстен кейін түрлі үйірмеге қатысады. Сондай-ақ бұл мектептің ашылуы ауылдың 19 тұрғынын жұмыспен қамтуға септігін тигізген.

– Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Сбербанк» АҚ Қызылорда облыстық филиалынан 230 млн теңге несие алдық. Бұл қаражатқа мектептің аумағын кеңейту, қосымша ғимарат салу жоспарда бар. Нәтижесінде алдағы уақытта «Ансар-Кәусар 2020» мектебінде жоғары сынып оқушылары да білім алатын болады», – дейді мектеп директор Айгүл Мағауияқызы.

Ауылда ашылған мектепке сұраныс та жоқ емес. Бұған ата-аналардың қосымша жоғары сыныптарды ашу туралы ұсынысы дәлел.

Қалаға іргелес жатқан Тасбөгетте де тындырымды тірлік көп. Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланып, кәсібін кеңге жайғандар бар. Мысалы, жеке кәсіпкер Жанар Молдашева осы кезге дейін мекемені жалға алып, құрылыс заттарын сатқан. Кейін 2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы 4,2 млн теңге қаражат алған. Бүгінде өзінің ғимаратында құрылыс заттарын сатумен айналысатын кәсіпкер кенттің 5 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

– Құрылыс материалдары мен бұйымдарын сатуды негізінен 2015 жылы бастадық. Қазіргі кезде кәсібімізді кеңейтіп, жаңа ғимаратқа көштік. Дүкенге келген тұрғын өзіне кажетті құрал-сайманды, құрылыс материалдарының керегін таба алады. Баға да көңілге қонымды, шаһардағы құрылыс дүкендерімен баға бірдей. Жалпы кәсіпті ашпас бұрын жан-жақты зерттеген едік. Саралай келе Тасбөгет кентінде құрылыс дүкені болмаған соң, тәуекел еттік, – дейді дүкеннің иесі Жанар Махамбетжанқызы.

Дүкен иесі бүгінде сұраныс та аз еместігін жасырмады. Тұрғындардың қалтасына қонымды бағада сауда жүргізіп отырған кәсіпкер сұранысқа сай кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Оның үстіне бұл құрылыс дүкені 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Тасбөгеттегі тағы бір тындырымды тірлік иесі – Ботагөз Төлегенова. Жеке кәсіпкер кентте кондитерлік цех ашып, тәттілерді кент тұрғындарына ұсынуда. Жаңа піскен әрі дәмі тіл үйірер тәтті нандардың бағасы да әлдеқайда арзан. Кәсіпкер 2018 жылы «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымынан кондитерлік цех ашу мақсатында 3 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Бүгінде аталған цехта төрт адам жұмыс істеуде.

– Кәсіп ашқанға дейін 10 жылға жуық кондитер болып жұмыс істедім. Осы мақсатта 2018 жылы жеңілдетілген несие алып, кентте кондитерлік цех аштым. Бүгінде мұнда 6 адам жұмыс істейді. Қаражатқа арнайы пеш, құрал-жабдықтар алдық. Қазіргі кезде несиені де өтедік. Цехта дайындалатын өнімнің 40-50 түрі кент пен қала көлемінде сатылады. Мерейтойлар мен отбасылық мерекелерге арнайы тапсырыспен торт пісіреміз, – дейді цех иесі.

Өз сөзінде қала аумағында кондитерлік өнім шығаратындар қатары көп болғанымен сұраныс та көп екенін атап өтті. Өнімнің сапасына баса назар аударатын кәсіпкердің бүгінде тұрақты тұтынушылары да бар. Сұраныстың артуына байланысты тағы бір ғимараттың құрылысын бастаған. Бұл нысан кондитерлік цехтің жұмыс күшін көбейте түспек.

Тасбөгет кентінде тағы бір тіс емханасы ашылды. Мырзахан Аманов өз қаражаты есебінен стоматология орталығын ашқан. Жыл басында пайдалануға берілген нысанның күніне 20 адам қабылдайтын мүмкіндігі бар. Кәсіп иесі бұл салада қызмет етуді, кәсіп ашуды бала кезінен арман еткен. Клиниканың атауын өзін осы салаға баулыған ағасы марқұм Мырзағұл Таңатаровтың құрметіне қойған.

– Халыққа қызмет көрсету мақсатында осы тіс емханасын аштық. Өзім медицина саласында жұмыс істеймін. Бір мейірбике мен дәрігерді жұмыспен қамтып отырмын. Қазіргі кезде дәрігер біліктілігін арттыру мақсатында Алматыда қосымша білім алуда, – дейді тіс емханасының иесі Мырзахан Аманов.

Берекелі бастаманы қолға алған жандар қатары Белкөл кентінде де жоқ емес. Мәселен, «KZO-ет» шаруа қожалығының иесі Бекболат Рсалиев кенттен қожалық ашқан. Мал бордақылау саласында 2019 жылдан бері қызмет ететін шаруа бизнесін кеңейту мақсатында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы 58 млн теңге қаржы алған. Бүгінде ол қаражатқа арнайы жер алынып, мал бордақылауға қажетті нысан салынған. Оның ішінде кеңсе, мал қора, мал сою цехы мен жұмысшылар үйі бар. Шаруа қожалығында қазіргі таңда 25 адам жұмыспен қамтылып отыр.

– Шаруа қожалық өз жұмысын негізінен 1998 жылдан бері жүргізіп келеді. Өткен жылы Белкөл кентінен 5 гектар жер алып, қожалық қызметіне қажетті нысандар орналасқан. Қазіргі уақытта қаладағы 6 ет дүкенін жылқы және сиыр етімен қамтамасыз етіп отырмыз. Оның ішінде екеуі – әлеуметтік дүкен. Онда күніне 200-300 келі ет жеткізіледі. Халық қалтасына қонымды баға белгіленген, яғни келісі 1600-1700 теңгеден саудаланады. Ал жылқы етінің келісін халыққа 2000 теңгеден ұсынып отырмыз, – дейді қожалықтың есепшісі Әсия Әлиева.

Сонымен қатар Белкөл кентінің кішкентай тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге қызмет ететін тағы бір нысан бар. Кәсіпкер Руслан Алматов салған спорт кешенінде кенттің 250 баласы түрлі спорттық үйірмелерге қатысуда. 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы 18 млн теңге несие алған кәсіпкер қазіргі таңда ауыл балаларына 8 спорт түрімен шұғылдануға мүмкіндік беріп отыр. Бастысы – барлығы тегін. Мұнда келген балалар кәсіби мамандардан дәріс алып, спорттық жарыстарда өнер көрсетуде.

– Ата-аналар спорт кешенінің ашылғанына алғыс білдіруде. Көктем мезгілінде кешен жанынан жастардың сұранысына сай шағын футбол алаңын салсақ дейміз. Балалардың қуанышын еселегеннен, әрі олардың уақытты тиімді өткізуіне үлес қосудан артық ештеңе жоқ шығар. Сол себепті ауыл балаларына осындай жағдай жасауды жоспарладық. Бүгінгі күні спорт кешені жоспарға сай өз жұмысын істеуде, – дейді спорт кешенінің иесі Руслан Алматов.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: