Бейсенбі, 18 сәуiр, 22:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Жылыжай көбейсе, баға арзандайды

09.04.2022

876 0

Соңғы уақытта өңірде жылыжай ісін дамытқандар қатары көбейді. Бұл тұрғындардың жергілікті өніммен қысы-жазы қамты­луына оң үлесін тигізуде. Өнім өндіру саласы қашанда маңызға ие екені анық. Сондықтан қандай өндіріс болса да саны көбейгені жақсы. Бүгінде Қызылорда қаласында осы мақсатта жұмыс істеп, жылыжайда өнім өсіру арқылы кәсібін дамытып отырған азаматтың бірі – Нұрлан Нұрмағанбет.

Мұнда әрқайсысы 200 шаршы метрді құрайтын үш жылыжай бар. Ол жерде жыл мезгіліне қарамастан қияр, қызанақ жүйелі түрде өсіріледі. Сондай-ақ сынама ретінде биыл баклажан, құлпынай, лимон мен мандарин де өсіруде. Құрылысы 2020 жылы басталған бұл жылыжай қазіргі таңда тұрақты түрде өнім беруде.

– Жалпы еліміздің оңтүстік аймағында жылыжай кәсібі кеңінен дамыған. Мен де Қызылордада осындай істі бастап көргім келді. Өз күшіммен құрылысын жүргізіп, алғашқы жылы-ақ жақсы өнім берген соң әрі қарай жалғастырамын деп шештім. Алдағы уақытта мемлекеттен 6 проценттік несиелік қолдау алып, жылыжай аумағын одан әрі кеңейтсем деген жоспар бар. Жаңадан салынатын аумаққа лимон мен мандарин егемін. Қазіргі таңда олардың өсінділерін егіп, сынамадан өткізіп көрдік, – дейді ЖК «Шапағат» иесі Н.Нұрмағанбет.

Сонымен қатар ол қазіргі таңда жылыжайды күтіп баптайтын маман мен агрономды жұмыспен қамтып отыр. Олар уақытылы суару, артық шөптерін жұлу, ауырған өсімдіктерді емдеу, тыңайтқыштар қосу секілді жұмыстармен айналысады. Одан бөлек Нұржан Нұрмағанбеттің отбасы мүшелері де бос уақытында жылыжайды күтіп-баптауға көмектеседі.

– Әр жылыжайда 528 түп қияр бар. Олардың әр түбі кем дегенде 5 келі өнім береді. Қызанақтың өнім беруі үшін біраз уақыт, яғни 4 ай кететіндіктен оны қыс мезгілінде егеміз. Ал қияр орташа есеппен 2 айда өнім бере бастайды. Жиналған өнімнің барлығын жергілікті сауда орындарына, базарларға жеткіземіз. Қазіргі кезде қиярдың «хайрот» және «шодыр» сорттарын өсіріп жатырмыз. Базар бағамындағы орташа есеппен келісін 400 теңгеден саудалаймыз, – дейді жылыжай иесі.

Жылыжайдың сыртқы аума­ғында тал егу жұмыстары да қарқынды жүруде. Яғни алдағы уақытта жылыжайдан бөлек алма бағы да осы жерде болмақ. Сонымен қатар кәсіп иесі сынама ретінде құстарды инкубациялаумен де айналысып көруде. Қазіргі таңда жұмыртқа мен ет бағытындағы «ломан браун» атты тауықтың 300 дана жұмыртқасы инкубацияда. Одан бөлек қаз бен үйрек өсіру де жоспарда бар.

Жылыжайды жылыту жүйесі де ахуалға орай оңтайландырылған. Эко­номи­калық бағалануына қарай «көгіл­дер отынмен» де, көмірмен де жылы­туға мүмкіндік бар. Сонымен қатар өнімдерді суару үшін де каналдан арнайы су келіп тұр.

Кәсіп иесінің айтуынша, қызығушы­лық­тың арқасында жасалған іс қа­шан да нәтиже береді. Бала кезден ауылда бақша еккен оның әлі де бұл салаға қызығушылығы азаймаған. Отбасындағылар да бұл бастаманы қолдап, қазіргі кезде ерекше ынтамен жылыжайда жұмыс істеуде. Өнім өсіруден бөлек топырақты арнайы тыңайтатын құрттар да бар. Олар дайын болған кезде арнайы дайындалған орынға жіберіледі. Нәтижесінде құрттардың тыңайтқан жерінде көбірек өнім алуға мүмкіндік болады.

Алдағы уақытта жылыжай иесі өз аумағын жасыл желекке толтырып, құс асырауды жалғастырмақ. Осылайша қа­ла­ның күйбең тіршілігінен бір сәтке ой бөліп, жылыжайда уақытын пайдалы әрі қызықты өткізбек. Бастапқыда қы­зығушылықтан бастаған бұл ісін үлкен кәсіпке айналдыру да жоспарда бар. «Бастысы тұрғындарды жергілік­ті өнім­мен үздіксіз қамтасыз ету», – дейді ол.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ,

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: