Бейсенбі, 10 қазан, 03:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Жастар газеті: 10 жылдық белес

27.06.2023

36960 0

Осыдан он жыл бұрын Сыр өңірінде алқалы жиындардың бірінде жастар тарапынан «төл газетіміз болса» деген ұсыныс айтылған. Көп ұзамай облыс әкімі ұсынысты қолдап,  2013 жылдың күзінде Сыр журналистикасы тарихында алғаш рет  «Ақмешіт жастары» газеті жарық көрді. Осы тұста  Тараз қаласы мен шы­ғыс қазақстандықтар қалыс қал­май  аймақтық жастарға арналған газе­тін шығара бастады. Осылайша «Ақмешіт жастары» газеті  республика бойын­ша жастарға арналған облыстық үш газеттің бірі болды.

«Ақмешіт жастары» газетінің ең алғашқы ұжымы жастардан құралған. Бас редактор – Айжан Абдуллаева, бастап жаңа басылымда жұмыс істеген алдыңғы лек қатарында Гүлбану Мақажан, Құралай Рахымбаева, Ақмарал Олжабаева, Дастанбек Садықов, Сара Омарова, дизайнер Мұс­тафа Байходжаев газеттің алғашқы нөмірінен бастап жастар тақырыбында қалам тартып, газеттің бет-бейнесін қалыптастыруға үлес қосты.

Жастар басылымы А3 форматпен, аптасына бір рет, 12 бет болып, ал­ғашқы санынан-ақ 5000 таралыммен тұңғыш 2013 жылдың 7 қыркүйегінде жарыққа шыққан. Жастарға арналған газет дегенімен, мазмұны жағынан үлкен де, кіші де, жас та, кәрі де оқитын газет. Тіпті кез келген жастағы адам өзінің мақаласын, шығармашылық туындысын  газет бетіне шығара алды. Себебі газет­те «Ардагер», «Студент», «Бота» арнаулы беттері болды. Басы­лым алғашқы күннен бастап әрбір арнаулы бетке ой саларлық дүние жариялап, оқырман тартып тұратындай, жастардың білімін арт­тырып, тіл байлығын кеңейту үшін  ізденген жас журналистердің еңбегі басылым бетінен-ақ сезіле бастады.

Сондай-ақ жастар басылымының журналистері оқырмандармен тығыз байланыс орнату мақсатында жыл сайын түрлі байқаулар өткізуді дәс­түрге айналдырған.

Алғаш күннен-ақ өз оқырман­дарының жүрегінен орын алған «Ақмешіт жастары» газеті  жарыққа шыққанша биыл 10 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде басылымның аға буыны ауысып, құрамы жаңа жастармен толықты. Жастар құрамы жаңарған сайын, газеттің өз кеңейіп, сапасы көтеріліп,  шығармашылығы жыл сайын артып, таралымы көбейіп, мазмұны да, айтар ойы да, беделі де көтеріліп келеді. Алғашында басылым А3 форматпен шықса, кейін газеттің форматы D2 болып өзгеріп, арнаулы беттер саны мен айдарлар саны көбейген. Қазіргі таңда оқырманның іздеп оқитын басылымына айналған газет те заман талабына сай электронды нұсқасы яғни «Ақмешіт жастары» ақпараттық агенттігі құрылды.

Басылымның ең алғаш халық жүрегінен орын алып, газеттің сәтті шығуына, жастар саясатын жүзе­ге асыруға, басылымның өз оқыр­мандарын табуына үлес қосқан  облыстық «Ақмешіт жастары» газеті­нің алғашқы бас редакторы, бүгінде «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева былай дейді:

− Біздің «Ақмешіт жастары» газеті аймақ жастарын танытуда, өз ісінің үздіктерін насихаттауда, үлгі-өнеге етуде, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар туралы кеңінен ақпа­раттандыруда өзінің миссиясын 100 пайыз орындап отыр­ған газет деп сеніммен айта аламын. Бүгінгі заманауи гаджеттер газеттердің орнын басып келе жатыр деген күннің өзінде «Ақмешіт жастары» газетіндегі кейбір танымдық мәлі­меттерді, мөл­тек әңгімелерді, жастардың өзіндік көзқарас-пайымын газеттің өзінен ғана тұшынып оқуға болатынын бай­қаймын. Сондықтан жарық көр­геніне 10 жыл толып отырған жастар басылымының болашағы жарқын, оқырманы көп болсын деген тілек білдіремін.

Сондай-ақ басылымның қазіргі жас буынын басқарып, өзінің тың идеяларымен, шығармашылығын арт­тырып келе жатқан «Ақмешіт жас­тары» газетінің бас редакторы Мөлдір Қалымбет басылымның алға қойған мақсат үлкен екенін айтады.

− «Ақмешіт жастары» газеті – Сыр журналистикасы тарихында жас­тарға арналған тұңғыш басылым. Басылымның мақсаты айқын, аудиториясы да белгілі. Қаламы қуатты журналистер жастар ұйым­дастырған іс-шараларды және жастарға қатысты мәселелерді бүкпей баяндап, көш­басшы, іскер, өз ортасында жетекші жастар жайында жазылған мақаласын оқырман қауымға ұсынды. Зияткерлік қабі­летке ие, өнертапқыш жастардың жаңалығын үздіксіз жариялап, дерек пен дәйекке сүйеніп журналистік зерттеулер де жүргізді. Жетістікке жетіп, дамудың даңғыл жолына түскендердің тасада қалмай, еңбе­гінің еленуіне титімдей болса да үлес қосу, дарындының дара жолын көпке үлгі ету жастар басылымының негіз­гі миссиясы еді. Сондықтан арт­ылған жүкті абыроймен атқарып келеміз деген ойдамын.

Биыл басылымның 10 жылдығын атап өтпекпіз. Газет жарыққа шыққан сәттен бастап оқырманмен тығыз байланыс орнатып, ой-пікір алмасуды тоқтатқан емеспіз. Ұйымдастырған әр байқауымызға қалмай қатысып, жарыса материал жазып жолдайтын жастардың көптігі соның айғағы. Жазуға бейім, журналистикаға қы­зығу­шылығы жоғары жастарға ылғи есігіміз айқара ашық. Қысқасы оқыр­манның қатары көбеюі – газетіміздің өз жұмысын жүйелі атқаруында. Осы тұста редакция ұжымы үміт пен сенімді ақтауда аянып қалмаймыз, – дейді

«Ақмешіт жастары» газетінің 10 жылдығына орай еңбек жолын «Ақмешіт жастары» газетінен бастап, бүгінде «Кызылординские вести» газетінің жауапты хатшысы Ерхан Ақын басылымның қолына қалам ұстаған жастар үшін жақсы мектеп болған­ын айтады.

«Ақмешіт жастарына» – 10 жыл. Алғашқы он жылдық белес. Ең бастысы басылым тақырыпты жас­тар тақырыбын үлкен мақсат-міндет­термен  қозғап келе жатқан үлкен белді, басылымдар қатарынан келе жатыр.  «Ақмешіт жастары» әлі де талай шығармашылық белестерді бағындырып, асулардан асу қажет! – деп өз пікірін білдірді.

Жастардың үніне айналған «Ақмешіт жастары» газетінің көтерер жүгі жеңіл емес. Жаңашылдыққа ұмтылған басылымның оқырманы жылдан-жылға көбейе беретініне сенім мол.

Назира Мұқатаева

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: