«Гүл – тек қана әдемілік сыйлайтын өсімдік емес, ол адам жанын түсініп, сырласыңа да айнала алады» дейді «Жасыл Қызылорда» мекемесінің бригадир-агрономы Гауһар Ержанова.
Қызылорданың кіреберісінен бастап, ішкі беттегі әрбір саябақ, адам көп шоғырланған жерлер мен даңғыл жолдың бойына қызылды-жасылды гүлдер егіліп жатыр. Көргенде көздің жауын алатын осы әдемілікті жасап жүрген де – осы елдің перзенттері. Бүгінде қаланың басым бөлігіне гүл егілді. Оны көктемде еккеннен бастап, күзге дейінгі күтімі осы кісілердің мойнында.
Сұлу Сырдың бойындағы шаһардың шырайын келтіріп жүрген Сыр сұлуларын бастаған Гауһар Балтабайқызы ұжымның көгалдандыру бағытындағы еңбегін «қыздың жиған жүгіндей» болып тұрғанын еңбекқорлықпен байланыстырады. Ол он бір жыл бұрын осы саладағы жұмысын бастаған. Әуелі «Зеленстрой» мекемесінде еңбек еткен ол қазірде «Жасыл Қызылорда» серіктестігінде тер төгіп жүр.
– Қызылорда – ортақ үйіміз. Осы қаланың көркіне көрік қосылып, әдемілігі арта түссе, менің қуанышым да еселенеді. Еңбегіміз нәтижелі болса, одан артық не керек?! Табиғатынан адам жанына жылулық сыйлайтын туған шаһарымның мұнан да әдемілене түскенін қалаймын. Қазір біз теміржол вокзалы, Тағзым алаңы, Асқар Тоқмағамбетов, Аменгелді Иманов көшелеріндегі аумақтарға гүл ектік. Үлкен көшелердің бойына әлдеқашан егіп тастағанбыз. Енді мұнан кейін сол гүлдердің қажетті дәрумендерін береміз, арам шөптен тазалаймыз және уақытылы суарылуын қадағалаймыз, – дейді Г.Ержанова.
Мекеме қызметкерлері көктемнен бастап күзге дейін көгалдандыруға қараса, күзден бастап көктемге дейінгі аралықта «Қызылорда тазалығы» мекемесімен бірге арықтарды, су жүйелерін тазалайды. Айналаны ақ мамыққа орайтын қаһарлы қыста да дамыл таппайды. Қаланы қардан тазартады.
– Әрине, оңай жерде нан жоқ. Маңдай терің сіңген еңбектің берекесі бар. Менің жұмысым, сенің жұмысың деп бөліне берсек, тірлік болмайды. Сондықтан біз санаспаймыз. Қазір еңбек алаңында тер төгіп жүрген әрбір жанның ойындағысы да осы. Қызылорданы гүл қала ету – арманым. Оған жетуге де сәл қалды, – дейді айнала гүлдерге қарап, көңілі көтерілген Гауһар Балтабайқызы.
Гүл және газон егілген аумақтарға су апару жұмыстарын қыс бойы лотоктар мен арық жүйесін тазалап, қалыпқа келтіргенмен су тасымалдап суаратын тұстар да аз емес. Бұл бағытта да жұмыс жауапкершілікпен атқарылуда. Мекеме директорының су жеткізу жөніндегі орынбасары Ерлан Оңласыновтың айтуынша, қазір тоқсан адам көшеде гүл егу, суару жұмыстарына жұмылдырылған.
– Қазір қала бойынша ескерткіштер мен аллеялар, саябақтардағы жұмыс бізге тапсырылған. Келер апта гүл егуді аяқтасақ, одан кейін газон егу жыл бойы жалғаса береді. Маңызды нысандардың бізге тапсырылғаны – бізге деген сенім. Сондықтан тиянақты орындау жолында барымызды саламыз. Түптеп келгенде әрбіріміз кіндік қаны тамған туған жерге маңдайымыздың терін төгуді мақсат етеміз ғой, – дейді Ерлан Қобланұлы.
Осы күні қала бойынша он шақты су таситын көлік ерсілі-қарсылы шапқылап жүр. Солардың бірін Бақытжан Маденбаев тізгіндеген. Көлік атаулының қай-қайсысын берсеңіз де, өзіне үйретіп, «бас білдіріп» алатын ол су таситын камаздың руліне отырған.
– Күніге осынша рейс су тасимыз деп айта алмаймын. Бірақ оның барлығы суаратын жердің көлеміне байланысты ғой. Таңның атысынан күннің батысына дейін еңбектенеміз. Әрине, біздің жұмыс уақытпен санаспайды. Мәселен, аптап ыстықта өсімдікті суаруға болмайды, сондай кезде кешкілік рулге отырғаннан түн жарымға дейін жүресің. Бір қуанарлығы, өзінің кішкентай ауласын көгерте алмай жүргендер бар. Ал біз тұтас қаланы көгертуде еңбек етудеміз, – дейді ол.

Осылайша «Жасыл Қызылорда» қаланы көгалдандырып, жасыл-желекке айналдыру жолында еңбектеніп жүр. Қаладағы жайқалған желек олардың маңдай тері тамған еңбегінің жемісі.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!