Сейсенбі, 21 мамыр, 13:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40-2050
21.05.2024
PDF мұрағаты

Мектеп оқушысы тыңайтқыш дайындауда

09.04.2024

395 0

Сурет:Н.Нұржаубай

Қаламыздағы №10 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің 10 «Ә» сынып оқушысы Гүлжауһар Сайлауованың биогумус өндіру жобасымен айналысып келе жатқанына бір жыл болды. Тіпті түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп келеді. Оның арманы – биолог болу.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығындағы ең қажетті тыңайтқыштың бірі – биогумус. Биогумус – органикалық тыңайтқыш, ауыл шаруашылығы қалдықтары шылаушын және басқа да микроағзалармен  өңделеді. Асылбек Мақашев басқарып отырған мектепте тың жоба жетерлік. Мұндағы биология пәнінің мұғалімі мен оқушысы калифорниялық қызыл шылаушын өсіріп, биогумус өндіру жобасын дамытып отыр. Мектептің өжіресін арнайы зертханалық орын етіп қойған.

– Бұл жоба «Жасыл белдеу» аясында экологиялық проблемаларды жою бағытында қолға алынды. Яғни біз де осыған өз үлесімізді қосқымыз келді. Жалпы мәліметтерге сүйенсек, биогумустың шыққанына бірталай уақыт болғанымен оны бірде-бір білім ордасы жасап жатқан жоқ. Сондықтан осы жобаны алғашқылардың бірі болып, биология сабағында қолдана отырып, баланы білім алумен қатар кәсіпке қызығушылығын арттырғанды жөн көрдік. Ал кәсіп істеу үшін еңбектену керек. Яғни балаларды еңбекке де баулып жатырмыз.

Екіншіден, күзде мектеп алдындағы жапырақты өртесек, жанбайды. Жинап, қоқысқа тастасақ, желмен ұшып, айналаны ластайтыны тағы бар. Сол себептен биогумус арқылы біз осы мәселені де оңтайлы шешіп отырмыз. Ол үшін жапырақтарды жинап, қапқа салып осы биогумус жобасында қолдануға болады. Себебі шылаушындар жапырақ жейді.

Оған қоса асханадағы тамақ қалдықтарын да осы жоба аясында іске асырып отырмыз. Тағам қалдығын қоқысқа тастауға болмайды. Ол экологияға да зиян, бір жағынан астың киесі бар. Тағам қалдықтарын да жинап, шылаушындарға беру арқылы гумус тыңайтқышын шығарудамыз.

Негізі кез келген кәсіпті, жобаны бастаған кезде белгілі бір қаржыны талап етеді. Ал бұл жобаға қаржының қажеті жоқ. Себебі бұған керекті көңді біз шаруа қожалықтарынан тегін алудамыз. Сондай-ақ жапырақ та, асхана қалдығы да тегін. Осының бәрін тиімді пайдалану арқылы биогумус тыңайытқышын шығарып отырмыз.

Нәтижесінде осы өнімді мектепте бөлме гүлдерінің топырағына, мектеп айналасына көшет отырғызғанда тыңайтқыш ретінде пайдаланып келеміз. Ал бұдан дейін гүл топырағын ауыстыруға, көшетке ақша кететін. Қазір бұл мәселеден де құтылып отырған жайымыз бар. Сонымен қатар Қызылорда экологиялық аймаққа жататыны белгілі. Топырағының өзі тұзды болғандықтан гүлдің де, көшеттің де жайқалып кетуі екіталай. Енді өзіміз өндірген тыңайтқышты қолданамыз. Жалпы өзім ұстаздардың да, оқушылардың да қандай да бір бастамасын әркез қолдаймын, – дейді мектеп директоры А.Мақашев.

Бастапқыда бұл жобаны шағын қорапшаны қолдана отырып бастаған. Осы кезде сол шағын қорапшамен бастау алған топырақтың көлемі 1,5 тоннаға жеткен. Бұл жобаның басы-қасында жүрген болашақ биолог – Гүлжауһардың да еңбегі зор.

Болашақ биолог

– Біз бұл жобаны қолға алғанымызға бір жылдай уақыт болды. Өзіме жобадағы жүзеге асу жүйесі қызықтырды. Бір жағынан болашақта биолог болғанда да осы жобаны әрі қарай дамытқым келеді. Негізі биогумус – топырақтың құнарын, құрылымы мен физикалық қасиеттерін жақсартады. Биогумуспен тыңайтылған топырақты бірнеше жыл қолдануға болады. Осы органикалық тыңайтқышпен өсірген өнім адам денсаулығына зиянсыз. Сонымен қатар өсімдіктердің де, жеміс ағаштарының өнімдерінің де жақсы өсуіне, олардың тамырының дамуына көмектеседі.

Табиғаттан қажеттіліктерімізді алу үшін оған күтім қажет. Ал күтім үшін арнайы технология қажет емес, тек олардың процестік әрекетіне жағдай жасасақ  жетіп жатыр. Кәдімгі сіз бен біз күн сайын тастап жатқан қоқысты да осы жоба арқылы пайдаға асыруға болады. Оған қоса үйде және сыртта өсіретін өсімдік түрі болады. Міне, олардың да жақсы өсуіне біз тыңайтқыштың сұйық түрін жасап көрдік. Оны жасау – өте оңай. Ол үшін бізге кішкентай топырақ пен бес литрлік су керек болды. Сол сұйықтықты біз үй өсімдіктеріне қолданамыз.

Жоба аясында айта кетейік, шылаушындар тез көбейеді. Осы тұрғыда біз оларды қайда жібереміз? Оның да жауабы дайын. Алдағы уақытта балық шаруашылығымен және құстар өсірумен айналысатын адамдармен тығыз байланыс орнатқымыз келіп отыр. Себебі құрттарды кептіріп, балыққа беретін болса, олар алты ай ішінде емес, үш ай ішінде ет жинайды. Сондай-ақ тауыққа берсе де пайдалы, – дейді Гүлжауһар.

Шәкіртін мақтан тұтатын ұстаз

– Әр баланың өз ерекшелігі бар. Соның ішінде оқушым Гүлжауһармен осы ғылыми жобаны бастаған едік. Шәкіртім жоба арқылы жетістікке жетіп келеді. Алғашқы кезде үй жағдайында қолға алдық. Көңге шылаушынды сала отырып жүзеге асыра бастадық. Ал мектепте былтырдан бері директордың қолдауымен жүзеге асырдық. Ол кезде зертханалық жағдайда шағын қорапшаны пайдаландық. Қазір оның да көлемі ұлғайды. Нәтижесінде жоба сәтті шықты. Осы кезде бес мыңға жуық шылаушын бар. Күн сайын саны артуда.

Биогумус жобасына оқушылардың да қызығушылығы артып келеді. Бүгінде бір топ оқушымен жұмыс істеп отырмыз, – дейді биология пәнінің мұғалімі Бағила Әбілова.

Алдағы уақытта мектеп директоры жобаға қажетті аппараттармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Егер аппараттар алынса, биологтар  топырақтың қышқылдылығын, температурасын анықтай алады. Сонымен қатар шылаушындарды топырақтан айырып алатын илегішке дейін қол жеткізу ойда бар.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: