Бейсенбі, 21 қараша, 23:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

«Алтын-күміс тас екен»: Сенімді инвестиция құралы неге қымбаттады?

02.11.2024

779 0

Фото: 7kun.kz

Алтын қымбаттады. Әлемде алтын бағасы кейінгі 30 жылда бес есе өскен. Дүниежүзілік алтын кеңесі осылай мәлімдеді. 1991 жылы баға орташа есеппен 362,3 доллар болса, 2010 жылға дейін ол мың доллардан әрі аспаған. Құнды металдың бағасы содан кейін шарықтап шыға келді. Мәселен, 2020 жылы 1769,6 долларға тең болса, 2021 жылы сауда-саттық нәтижесінде 1792,45 доллар деп бағаланды. Ал биыл алтын бағасы күн сайын қымбаттауда десек артық айтқандық емес. Тіпті сарапшылар мұны «рекордтық өсу» деп бағалауда. Ұлттық Банктің дерегі бойынша 2024 жылғы 30 қазанда 1 грамм алтынның бағасы бірден 638 теңгеге немесе 1,5%-ға өскен. Алтынның бағасы бір унция үшін 2800 долларға дейін (унция = 31,1034768 грамм), Нью-Йорктегі Comex биржасындағы сауда-саттықта алтын бағасы 2791 долларға дейін көтерілген.

Алтын бағасының өсуінің негізгі себебі – АҚШ-тағы сайлау жақындаған кезде алтынға баспана активі ретінде сұраныс және федералдық резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерінің төмендеуін күту. Инвесторлар бұл жағдай доллардың әлсіреуіне және алтынның қымбаттауына әкелуі мүмкін деген болжам айтуда. Алайда Америкадағы сайлаудан кейін баға төмендейді деп болжануда. Айта кетейік, жыл басынан бері алтын 43,3%-ға өсіп, инвестициялаудың ең тиімді құралы болды. Елдегі алтын бағамына келетін болсақ, ҚР Ұлттық Банкінің дерегі бойынша 2024 жылдың 30 қазанда қымбат металдың бағасы бір грамм үшін 43460 теңге деңгейінде тіркелді, бұл 1 қазанмен салыстырғанда 6%-ға (40999,46 теңге) артық. Ал 2024 жылдың 1 қаңтарында 1 грамм алтын 30323,51 теңгені құраған болатын. Бір айта кетерлігі, алтын қымбаттаған тұста Қазақстанда алтын сату көлемі де өсе түскен. Өзгелер алтын сатып алудан алға шықса, мұндай кезде Қазақстанның алтын сатуы нені білдіреді? Ұлттық банк ақпаратына сүйенсек, 2024 жылдың үшінші тоқсанында екінші деңгейлі банктер және жеке банктік емес валюта алмастыру орындары салмағы 475,5 келі болатын 14000 алтын құймасын сатқан.

Экономистердің пікірінше, алтын мен инфляция бірге жұмыс істейді, өйткені инфляция — бұл ақшаны тез девальвациялаудың бір тәсілі және бұл кезде адамдар ақшаларын алтынмен сақтауды жөн көреді. Сондықтан инфляция ұзақ уақыт бойына жоғары болғанда алтын инфляциялық жағдайлардан қорғайтын құралға айналады. Бұл алтын бағасының болжамын инфляциялық кезеңде жоғары деңгейге көтереді.

Алайда алтынды сақтау пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуіне жол берілмейтінін және жинақ құны қымбат металдың есебінен сақталатынын білдіреді. Шын мәнінде, сарапшылардың пікірінше, қалыпты жағдайда алтын мен пайыздық мөлшерлемелер арасында әжептәуір айырмашылық бар.

Бір қызығы, кейбір елдерде алтынның бағасы ауа-райы сияқты құбылып тұрады. Мысалы, Үндістан жыл сайын 800-850 тонна алтын тұтынады, ал Үндістанның ауыл шаруашылығымен айналысатындар елдегі алтын тұтынудың 60 пайызын құрайды екен. Осылайша, жаңбырлы маусым алтынды тұтынуда үлкен рөл атқарады, өйткені егер егін бітік болса, фермерлер активтерді құру үшін табысына алтын сатып алады.

Алтын бағасының ел экономикасына әсері қандай? Бұл орайда белгілі экономист Мақсат Халықтың пікірін білген едік.

– Алтын бағасының экономикаға әсері өте зор. Алтын – құнды металл және ұзақ жылдар бойы өзінің құндылығын жоғалтпайтынын дәлелдеген. Қаржысы бар азаматтар инвестиция құралы ретінде алтынды таңдайды. Әрине, экономикада алтын әшекей бұйымдарына емес, алтын құймалар алып қоюға кеңес береді. Себебі алтын әшекей бұйымдарда грамдалған көрінісі көбінесе сәйкес келмейді. Ал алтын құймалар өзінің құнын жоғалтпайды. Алтын бағасы қай кезде өседі? Көбінесе әлемде қор биржаларында тұрақсыздық орнайтын кездер болады, дағдарыс уақытында, көптеген ірі компаниялардың акциялары құлап жатады. Сол кезде инвесторлар сақтану үшін көптеп алтын сатып ала бастайды. Сондай-ақ шикізат және мұнай бағасы белгілі дәрежеде құлдыраған кезде алтын саудасы қыза түседі. Өйткені шикізаттық ресурстарға сұраныс төмендеп, өндіріс ақырындап баяулайтынын білдіреді. Сөйтіп, көптеген инвест компания өзінің құнын жоғалта бастайды. Осы кездерде инвесторлар алтынға ақша салғанды дұрыс көреді, – дейді экономист-сарапшы.

 Тағы бір айта кетерлігі, ақшалы азаматтар ақшасын сақтау үшін шетелдік валюталарды, долларды таңдайды. Әлемдік нарықта доллар құнын жоғалта бастаған кезде инвестиция ретінде тағы да алдыңғы кезекке алтын шығады. Әрине, бұл әр елге байланысты. Мысалы, долларға қатысты теңге құнын жоғалтып жатса, қазақстандық азаматтар өзінің ақшасын сақтау мақсатында алтын сатып алады. Соңғы жылдары Ұлттық банктің шығарған алтын құймаларын қалаған көлемде сатып ала алады. Сондай-ақ оның өтімділігі де жоғары, егер қайтып сатам десеңіз де Ұлттық банк қайта сатып алады, бұл айырбастау пунктері арқылы жүзеге асады. Алтынның бір үлкен артықшылығы сол, қаражатыңыздың ұзақ мерзімге сақталуына септігін тигізеді. Бірақ бір мәселе, бұл бүкіл ақшаңызды алтынға салып қою деген сөз емес. Қаржыгерлердің кеңесі мынадай: ешқашан қаражатыңызды бір ұяшыққа салмаңыз, оны әртараптандырып, бірнеше ұяшыққа салғаныңыз дұрыс. Сондықтан жинағыңыздың 30 пайызын ғана алтынмен сақтасаңыз болады, одан қалған бөлігін долларда, еурода және алты айға дейінгі жұмсауға қажет қаражатты теңгемен ұстауға кеңес береді.

Биыл алтын бағасының рекордтық көрсеткішке дейін қымбаттауының себебі неде? Бұл орайда тағы да белгілі экономист Мақсат Халықтың пікірін білдік. Айта кетелік, сарапшы елде алтын саудасының қыза түскенін қалыпты жағдай деп бағалайды.

– Алтынның бағасы соңғы кезде рекордтық көрсеткішке дейін өсіп жатыр. Қазір әлемдегі геосаяси жағдайлардың тұрақсыздығы, біраз елде соғыс өртінің өршіп тұрғандығы, әлемде көптеген экономика, қаржы, бизнес заңының бұзылуына әкеліп жатыр. Қор биржасында да тұрақсыздық байқалады. Сондықтан да  экономистер мен сарапшылар әлемде қаржы дағдарысы болуы мүмкін деген болжамдарын айтуда. Мұның барлығы белгілі дәрежеде инвесторлардың тәуекелді басқару саясатында жаппай алтын сатып алуға қаржы бөліп жатқанын көрсетеді. Сондықтан да алтын бағасының қатты өсіп жатқандығы белгілі бір дәрежеде қаржы дағдарысы орын алуы мүмкін деген белгіні білдіреді. Әлемде тұрақсыздықтың себебі осындай салдарға алып келуі мүмкін. Қазақстан алтынды неге сатып жатыр? Баға қатты өскен кезде алтынды сататын уақыт. Сондықтан Ұлттық банктің бұл қадамын құптаймын. Яғни бағасы өте жоғары болып тұрған кезде сатса, ол белгілі бір дәрежеде қазынаға пайда алып келеді. Сондықтан Ұлттық банк осындай саясат жүргізіп отыр. Алтынның қоры бойынша да біз әлемде 12-13 қатардамыз. Бұл алтын резервтерінің бар екенін көрсетеді. Бір маңызды мәлесе – халыққа да, артық қаражат сақтайтын азаматтарға қарата айтарым: алтын – қаражатты сақтап қалудың негізгі көзі. Өйткені алтын арзандады деген күнде де қатты төмендемейді. Ақшаны қандай да бір валютада сақтасаңыз, ол валюта құнсызданып кетуі мүмкін, ал алтынның тұрақтылығы бар. Сондықтан ақшаны басқаруда бірнеше валютада ақша ұстаған дұрыс және де артық қаражат болса, алтын алып қою керек. Алтын дегенде зергерлік бұйым емес, Ұлттық банк шығарған алтын құймаларды алып қоюға болады.

P.S.  Алтын ел экономикасы үшін де, қарапайым халық үшін де қауіпсіз қор саналады. Демек жиғаныңыз алтын болса, болашағыңызға қам жемесеңіз де болады.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: