Дүйсенбі, 25 қараша, 04:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Ат қоюға абай болайық

07.09.2024

413 0

Адамның есімі де оның тағдырының төрешісіндей сезіледі кейде. Шындығында солай. Нәрестенің пешенесіне бұйырған ат қоюда да көп тылсым сыр жасырынған. Кейбір кісілер бала дүниеге келгенде қоғамда болып жатқан оқиғаларға негіздеп, сәбиге ыңғайсыз аттар қойып жатады. Ол көзге кәдімгідей ерсі көрінеді. Ғаламтордағы статистикаға қарасақ, расымен Қазақстанда Саммит деген есімі бар 22 ер бала, Саммита атты үш қыз және 15 Саммитхан бар екен. Зерделеп қарасаң, тарихи оқиғалардың сәбидің есіміне не қатысы бар деген ой санаңда қылаң береді. Ал жаңа туған нәресте өзіне қандай ат таңдалып жатқанынан бейхабар өсе береді. Бірақ ол өсе келе өзіне таңылған есімге көңілі толмай, қатарластарының арасында мазақ болуы да ғажап емес. Осы орайда бір оқиға есіме түсіп отыр. Менің жездемнің есімі – Құлақбай. Оны аянмен қойған деп естідім. Алайда есімі өзіне ұнамағандықтан есімін бұрмалап танысады. Көпшілік жерде «менің шын атымды байқамай айтып қойып жүрмеңдер» деп ескертіп отырады. Бұл әрине, кімге болсын қолайсыздық тудырады. Жігіт ағасы болғанмен әлі бүркеншек атпен жүр. Мінеки, кезінде дұрыс таңдалмаған есімнің себебінен ол үнемі сақтанып, өз-өзіне көңілі толмай күн кешуде.
Бұрынғы ата-бабаларымыз сәбидің есіміне ерекше мән берген. Ат қоятын адамның өзін аттай қалап, таңдап алған. Өздері құрмет тұтатын, елге сыйлы азаматтарға сәбиінің есімін қойғызған немесе бауыр еті баласына ырымдап, елге танымал тұлғалардың есімін берген.
Есімдер де кейде ескіріп, қайта түрленіп, жаңарып отырады. Бұған сол дәуірдің ағымы, сол кездегі мәдени-тарихи оқиғалар да әсер етеді. Мысалы, ертеде жиі қойылған Тоқсанбай, Сексенбай, Жетпісбай деген атышулы есімдер қазір сәнде емес.
Қазақстанда ең көп кездесетін есімдердің қатарында «ұл» деген түбірі бар есім тұр. БҰҰ-ның халықтың өсіп дамуымен айналысатын сала мамандары жүргізген зерттеуге сүйенсек, 1905-2010 жылдар аралығында елімізде есімі «ұлмен» басталатын 75 400 әйел бары анықталған. Ал 2010-2019 жылдары мұндай аты бар қыздардың саны 12 264 болған.
Қазір есім қоюдың өзі бәсекеге айналып кеткендей. Жұртшылық баласына елде жоқ ерекше есімдерді қоюға құмар. Ромео, Теңіз, Эдельвейс, Ақсақал, Арыстанбек, Саммидастана, Эверест деген есім соның қатарында. Сонымен қатар, елімізде 27 Мәслихат, 21 Мәжіліс, 13 Нұрлыжол, 9 Нұротан, 7 Сенат, 7 Партия есімді азамат бар екен.
Дүние есігін іңгәлап ашқан нәрестеге мән-мағыналы ат қою – ата-анаға аманат. Алайда кім баласының болашақ өмірі сәтті, олжалы болғанын қаламайды дейсіз?! Сондықтан тілеуқор қазекең ат қойып, айдар тағуға келгенде алдына жан салмайды.
Адамға есім қоюдың ғылыми жағын зерттесек, антропонимика деген ғылым бар. Осы саланы зерттеп жүргендер адамның аты оның өміріне, тағдырына әсер ететінін айтады. Бұл пікір жайдан-жай айтылмаса керек. Шынында кейбіреу осынау сенімге иек артып, ақыл тоқтатқан кезде атын өзгертіп жатады. Кейбір ата-ана бала тоқтамай шетіней берсе де, күлкілі ат қойып, соған сенім артып, өздерін жұбатып жатады.
Ал кейде жаңа туған сәбиге тіл, көз тимесін деп, сиықсыз есімдер де қойыла салатыны бар. Бірақ ең дұрысы – нәрестенің есімі айтуға ұялмайтындай, әдемі де, мағыналы болғаны абзал. Сондықтан ат таңдауда абай болайық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: