Сенбі, 21 желтоқсан, 22:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ажырасқандар неге көбейді?

02.04.2024

950 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Мұсылман халқы арасында қазақ көшпелі тұрмыс кешсе де ата-баба салтын қатаң сақтауымен ерекшеленген ұлт қатарында. Ұлттың ұстанымында некеге тұру, отбасын құру, ерлізайыптылардың ортақ шаңырақ көтеруі қасиетті үрдіс саналған. Дала заңын өмір сүру дағдысына айналдырған халқымыз некеге тұрып жаңа өмір бастаған жастарға тәлім-тәрбие мен ұлағат ұстынын зердесіне терең сіңірген. Ұлттық тәрбиеге ұйыған жұртымызда ажырасуды намыс санап, өз ұясын бұзғандарға кешірім бермеген. Жат жұртқа ұзатылып, күйеуге шыққан қызды шиден тысқары етіп, тұңғыш перзентін босанғанша туған үйіне төркіндетпеген. Сол қазақы қағида тектілікке бастаған. Тіпті өз ұлтымыз арасында өнегелі үрдіс қалыптастырған. Тектілігі сондай, қазақ өз перзенттерін өзге ұлт өкілдерімен некелестірмеген. Сол қағиданың алтын тінін үзіп алған қазіргі қоғамда ажырасу көз ілеспес жылдамдықпен көбейіп жатыр. Тіпті өткір мәселеге айналып отыр деуге болады.

Бұл дегеніңіз, бұрынғы Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолындағы қатаң қағидаға сүйенсек, сүйекке таңба басқандай жазаға тартылатын қателік болып есептеледі. Бұдан бұрын біздің ел ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орынға жайғасқаны айтылған болатын. Бұл шынында жаға ұстататын жағдай ғой деп алаңдағанымыз рас.

Бірақ көп ұзамай Ұлттық статистика бюросы оны жоққа шығарды. «Ажырасу коэффициенті 4.6-ға тең Қазақстан Мальдив аралдарынан кейін екінші орында тұрғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, – делінген хабарламада. Алайда бұл тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлем назар тігіп отырған күрделі мәселе. Елімізде ажырасу дерегі аз деп те айта алмаймыз. Себебі статистика сәт сайын өзгеріп отыр. Тіпті мемлекеттен жалғызбасты анаға берілетін әлеуметтік жеңілдіктерді алу үшін де уақытша ажырасып жатқандар жайлы да қоғамда талқыланып жатыр. Айналып келгенде ортақ шаңырақтың ыдырауына не себеп деген сауал туындайтыны жасырын емес.

Кей сарапшылар еліміздегі ажырасудың негізгі себебі деп туыстарының араға түсуі, моральдық шектеудің болмауы, ажырасу процесінің жеңіл болуы деп атап өтуде. Сондай-ақ олар қазіргі замандағы қазақстандық әйелдер мен ерлерге сәйкес келмейтін қатал гендерлік теңдіктің сақталуы және некеге деген көзқарастың өзгеруі де өзекті мәселе қатарында екендігін баса айтуда. Осылайша еліміз ажырасу көрсеткіші бойынша рейтингте 105 елдің ішінде 2-орынды иеленіп, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Ал сарапшылар, психологтар, көпбалалы аналар, шәкірт тәрбиелеген ұстаздар бұл тосын құбылысқа түрлі пікір білдіруде. Көпбалалы ана Оразгүл Оспанованың пікірі де көңілге қонымды. «Қазақ баласын үшақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Оның алғашқысы – ұят болады. Екіншісі – жаман болады. Үшіншісі – обал болады.

Ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті, ұятты іс істеме, жаным – арымның садағасы дегені еді. Жаман болады дегені – жақсы сөз жарым ырыс, жамандықтан аулақ жүр, жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді дегені еді. Обал болады дегені – әр нәрсенің сұрауы бар, саған түкке тұрғысыз болған нәрсе басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін, ешкімге көлеңкең түспесін дегені екен, – дейді алтын құрсақты ана.

Шынында, рухы мықты бабаларымыз алдындағы жауапкершілікке селқос қалпымызға қарап, санамыздың сансырап, әдеп-ибамыздың төмендегенін сезінудің өзі қандай қиын. Ұрпақтың ұсақталғаны уайым ғой. Сол ажырасқандардың бәрі тұрмыстық тауқымет, зорлық-зомбылық құрбандары деп айту ақылға қонымсыз. Мен жоқшылықтан емес, тоғышарлық пен тоқшылықтан деп ойлаймын. Жаңадан қосылған екі жас көбінде қиындықты айналып өтіп жатыр. Ата-аналары оларға тырбанып көмек беремін деп кейде астамшылық жасап бүкіл керек-жарақты дайындап алдарына әкеп береді. Олар осындай өмірден еңбектенуге ерініп, тоғышарлыққа қадам басады. Ал бұрын жас отбасы арқа еті арша болып еңбектеніп, тірнектеп жинап ынтымақты ел болатын. Қиналғанын ата-анасына білдіртпейтін. Өз еңбегіңмен жинаған дүние-мүлкіңнің қадірін де білесің. Ерлі-зайыптының мұқтажы да, керегі де бір болған соң екеуі өзара ақылдасып мәмілеге келіп, екеуінің бойында шыдамдылық қалыптасады. Ал біз бұл осы отбасылық дағдыдан алыстап кеткеніміз арқаға аяздай батады.

Дана Ұлықпан, психолог:

 – Отбасын құрар алдында әр адам психологтан кеңес алса, сол жерде «неге осы адамды таңдап отырмын, неге дәл қазір тұрмысқа шыққым келеді немесе үйленгім келеді, мен оның отбасын білем бе, мен оның кемшілігін қабылдаймын ба, әлде тек жақсы жағын ғана көргім келе ме?» деген сұрақтың жауабын тапса, бұл отбасылық өмірге дайындықтың басы дер едім. Егер адам өз сезімін түсінетін болса, басқаның да сезімін түсіне алады, қолдай алады, сөйлесе алады деген сөз.

Бір-бірін жете түсінбей, отбасын құрып, кейін балалы болып ажырасса, ол балаға психологиялық соққы әкеледі. Отбасын құлдыраудан сақтап қалатын көмектің бірі осы болар. Екіншіден, қаржылай дайын болуы керек. Қазіргі заманда материалдық жағдай көп нәрсеге ұйытқы болады. Отбасын сақтап қалуға, бақытты, жеңіл өмір сүруге көмектеседі.

Жадыра Әкімтаева, ұстаз:

– Қазіргі күні әлеуметтік желіде блогерлер «сен өз өміріңнің қожасысың», «сен патшайымсың», «сен патшасың», «ең бірінші орында өзің тұруың керек» деген сияқты кеңес береді. Мұны көбісі «менің айтқаным ғана болуы керек» деп түсінеді. Бұл – қиын жағдай. Мұндай жұптардың бәрі ажырасып кетеді демеймін. Өйткені олар психологиялық тұрғыдан бір-біріне сәйкес келіп, бірге өмір сүріп кетуі мүмкін. Алайда қазір ұят деген нәрсе қоғамда аздау, сондықтан ажырасу бұрынғы кезге қарағанда оңайырақ, – дейді ол. Қалай десек те, жаңа өмірге қадам басқан жастарды салт-дәстүрімізге жат, әдеп-ибамызға қарсы, ар-намысымызға дақ түсіретін теріс жолмен жүруден шектеп, идеологиялық тәрбиені нығайтуымыз керек. Бұл бағытта қоғамда отбасы, ана, әже мектебінің жандануына басымдық бергеніміз жөн. Себебі дәстүрге дәрумен болған тәлім мектептерінің қазақ халқы үшін орны ерекше.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: