Бейсенбі, 02 мамыр, 19:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Орталық алаң қашан ашылады?

20.04.2024

493 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ.

Осы мақсатта біз алаңға барып, жұмыс барысын көрдік. Бірнеше айдан бері айналасы қоршалған алаңдаға қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Мамандар осылай дейді.

Алаң қандай болмақ?

Қалада абаттандыру және көркейту шараларына ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда. Осы орайда қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай орталық алаңның абаттандырылуы жайлы кеңінен айтты.

– Бүгінде аймақ басшысының қолдауымен орталық алаңды абаттандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл жұмыс былтыр күз айларында басталған болатын. Айта кетуіміз керек, күрделі жөндеу жұмысын меценат Асқар Әубәкіровтың демеушілігімен абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Замануи дизайнмен әрленген орталық алаңның құрылысы жаздың алғашқы айында аяқталады деп күтілуде, – дейді қала әкімінің орынбасары.

Орталық алаң жұмысының неге ұзаққа созылғанының да себебі бар. Өйткені қыс айларында абаттандыру, алаңға кеспе тас төсеу жұмысы жүргізілмейді. Сонымен қатар көпшілікке көзайым боларлық жобаны бұл салада мол тәжірибесі бар  «Техоснастка-ремсервис» ЖШС жүзеге асырады.

Заманауи кейіпте жаңғыртылатын алаң жанға жайлы, көңілге қонымды болмақ. Мұнда көпшіліктің алаңсыз демалуына толыққанды жағдай жасалады. Кеспе тас төселіп, жолжиек тастары қойылады. Бұл балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Жарық диодты шамдар мен газондар, көпжылдық жасыл көшеттер көз тояттайтын көрікті орынға айналады. Жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары шаһар келбетіне шырай бермек.

Қала әкімінің айтуынша, қалада жасыл-желекке айналған демалыс орны аз. Сол себепті осы орталық алаңдағы басты мақсаттың бірі – жасыл-желекті ортаға айналдыру. Яғни осы кезде түрлі ағаштар, газондар егіліп жатыр. Аяқсу да қолға алынды. Сонымен қатар алаң ортасында субұрқақ болады, ал оның айналасында мрамордан жасалған кеспе тастар төселеді.

Тұрғындар не дейді?

Мұндай жаңалыққа қала тұрғыны, зейнеткер Айым Алтынбекова өз ризашылығын білдірді.

– Қаламыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Ал көрікті орта – кім-кімнің де мақтанышы. Орталық алаң қазір жабық болғанымен, алдағы уақытта жұмысы аяқталып, керемет демалыс алаңға айналады деп сырттай қарап, мәз болып жүрміз. Өйткені осындай жақсы жерлерге немерелерімізді әкеліп, демалып отырғызымыз келеді. Бұйыртса, ол күнге де жетеміз.  Халықтың қалауына орай осындай істерді атқарып жатқан азаматтарға алғыс айтамын, – дейді Айым апа.

Орталық алаңдағы абаттандыру жұмысының аяқталуын асыға күтіп жүрген студент Майра Ибрагимқызы да өз ойын жеткізді.

– Өткенде Астанадан құрбым келіп, орталық алаңды көргісі келген. Бірақ «жазда кел, апарамын» деп шығарып салған едім. Шыны керек, сырттан келген меймандар біздің қаладағы оң өзгерістерді көріп, бағасын беруде. Әрине, бұл бізді қуантады. Сол себептен орталық алаңның ашылуын асыға күтіп жүрмін, – дейді Майра.

Жаңа кейіпке енетін орталық алаңның ашылуын көпшілік күтіп жүр.

Ақтолқын Нұрлыбай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: