Жұма, 27 желтоқсан, 18:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бала тәрбиесі кімді толғандырады: Ата-ананы ма, мұғалімді ме?

19.10.2024

635 0

Сурет: ашық дереккөздерден алынды

Қоғамда ең өзекті мәселелердің бірі – бала тәрбиесі. Шектен тыс еркелеп, тыйымсыз өскен, тек өз айтқаны ғана болған баланың есейгенде қоғамда өз орнын табуы қиынға соғады. Себебі оның қасында айтқанын істеп отыратын ата-анасы мәңгі бірге жүрмейді. Ол – өмір шындығы.
Ал енді мұндай балалар өз айтқанын өзгелерге істете алмай, қарсылыққа, қиындыққа тап болған кезде тез мұқалады. Алайда осы баланың тәрбиесін ешкім өз мойынына алғысы келмейтін секілді. Таңнан қара кешке дейін отбасын асырау үшін жұмыста жүретін ата-ана да бұл жауапкершілікті балабақша мен мектепке жүктегісі келеді. Ал отбасынан тәрбие көрмеген баланың балабақшадағы тәрбиеші мен мектептегі мұғалімге бағынғысы жоқ. Сонда бұған кім кінәлі? Жалпы бала тәрбиесіне кімдер жауапты?
Комиссияда қаралған мәселелер

Қала әкімдігінің жанында кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия бар. Бүгінгі күнге дейін 18 отырыс өтіп, 43 мәселе қаралған.
Атап айтқанда, 43 кәмелетке толмаған баланың құқығы мен мүддесі қорғалған. Оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты ата-аналық құқықтарын шектеу туралы – 3 жинақталған іс-материалдар қаралып, сотқа талап арызы жолданды. Сонымен қатар ата-ана құқығынан айыруды ұсыну туралы 2 мәселе қаралған.
Оған қоса құқық бұзушылыққа бейім балаларды облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп интернатына жолдау туралы 2 мәселе талқыланып, тиісті шешім қабылданған.
Білім беру ұйымдарында оқушылардың мектеп формасын сақтамауы, яғни мектепке хиджаб киіп келу мәселесіне байланысты 3 мәселе қаралып, облыстық білім саласындағы бақылау департаментіне және облыстық білім басқармасына іс-құжаттарымен қоса ұсыныс жолданған.
– Негізі жасөспірімдерге қатысты мәселелер назардан тыс қалмайды. 2024 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес профилактикалық шаралар бойынша 27 мәселе комиссияда қаралып, кәмелетке толмағандардың профилактикасын күшейту үшін сала басшыларына тиісті ұсыныстарын енгізіп, тапсырма берілді. Комиссия бойынша жұмыс әлі де жалғаса береді, – деді кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының төрағасы Дархан Тұрсынбаев.

Бала тәрбиесін мектепке ысырып қою – үлкен қателік

Мақала дайындау барысында Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің директоры Бек Сұлтанбекұлына хабарластық.
– Халық даналығы «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Кез келген қоғамның келешегі ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Бала тәрбиесі отбасынан басталады. Негізі оның тәрбиесіне жауапты ата-анасы болып саналады.
Ата-ана тәрбие беруде өзі үлгі болуы керек. Өйткені бала айтқанға емес, көргеніне қарай бейім болады. Өзім бала тәрбиесін мектепке ысырып қою дегенді үлкен қателік деп білемін. Қазақта «Тәрбие – тал бесіктен», «Тәрбие – құрсақтан» деген даналық сөз бар. Әр ата-ана өз баласының тәрбиесін қолға алып, оған қолдау көрсетіп, сырлас, дос ретінде қарым-қатынас жасауы қажет. Сонда ғана бала ашық, мейірімді болып өседі.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, егер отбасында бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлінбесе, үйде ата-анасының арасында жиі жанжалдасу болса, дастархан басына жиналған кезде тәрбиеге қатысты өсиет сөз, салт-дәстүр, тыйым сөздер айтудың орнына қоғамды жамандап, балаларға қатысы жоқ проблемаларды айтатын болса, әрине, бала да соған қарай қалыптасып өседі. Оның да адамдарға, қоғамға деген көзқарасы ата-анасының айтуы бойынша қалыптасады.
Кез келген білім беру ұйымы балаға теріс тәрбие бермейді. Жалпы ата-аналардың жауапкершілігі туралы «Бала құқығын қорғау туралы заңның» 63,64,65 баптарында атап көрсетілген. Ата-ананың балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру жөніндегі құқықтары мен міндеттері бар.
Атан-ана өзінің қабілеті мен қаржылық мүмкіндіктерінің шегінде, оның дене, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қажетті өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жауапты. Сонымен қатар ата-ана балалардың орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті.
Соңғы кезде жасөспірімдер арасында қылмыс көбейіп кетті. Осы тұрғыда айтар болсам, қазіргі таңда жасөспірімдер арасында қылмыстың көбейіп кету себебін жан-жақты қарастырған жөн. Ата-аналар таңнан кешке дейін тіршілік қамымен үй көрмей жүргенде үйдегі бала тәрбиесіне көңіл бөлінбей, назардан тыс қалып жатыр.

Ата-ана баласының сабақтан нешеде шыққанын, үйге нешеде келгенін, бос уақытында не істегенін, досының кім екенін біліп отыруы міндетті. Сондай-ақ кешкі мезгілде баласының үйде болуын қадағалау қажет. Егер баладан ешқандай сұрау болмаса, онда бала өз білгенін жасап, жаман әдеттерге де әуестеніп кететіні сөзсіз.
Құқық бұзушылықтың көбіне түнгі мезгілде болатыны анық. Заң бойынша түнгі 22.00-ден кейін бала заңды өкілсіз жүруге болмайды. Ал үйде қадағаланбаған бала түнгі жүріске әуес болады. Түнде жүрген баланың ортасы да дұрыс болмайды және мұнан соң түрлі қылмыстарға барады.
Сонымен қатар бүгінде жасөспірімдерді қылмысқа итермелейтін әлеуметтік желілерде де түрлі ойындар, үгіт-насихаттардың бары ешкімге жасырын емес. Бұл жерде де ата-ана арасында міндетті түрде баласының ұялы телефонын қарап, қандай сайттарға кіріп жүргенін қадағалап отыруы тиіс. Сондықтан үштік одақтың (ата-ана – мектеп – оқушы) жұмысын нығайтқанда ғана тәрбие өз нәтижесін бермек.
Француздың ұлы ағартушысы Ж.Ж.Гуссо бала тәрбиесінің көзі еңбекте, сондықтан баланы жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуді отбасында еңбекке үйретуден бастау керек деп санаса, әйгілі орыс педагогы К.Д.Ушинский бала тәрбиесіне тоқтала келе, мектепке дейінгі бала тәрбиесінің негізгі ортасы – отбасы. Бала отбасында қарапайым білім, іскерлік, дағдыларды меңгеріп, ата-анасынан тәртіп, мінез-құлық ережелерін үйренетінін атап айтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуды тапсырған болатын. Осыған сәйкес Оқу-ағарту министрлігі тарапынан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қабылданды. Ондағы мақсат – қазақстандық мәдениет құндылықтары негізінде азаматтық жауапкершілік пен патриотизм, парасаттылық пен адалдық, ар-ұждан, рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру. Міне, біздің мектеп те осы бағдарлама шеңберінде түрлі шара өткізіп, балаға біліммен бірге тәрбиелі, саналы тұлға болып шығуына барынша атсалысуда, – деді мектеп директоры Б.Сұлтанбекұлы.

Отбасы мен мектеп
бірігіп жұмыс
істеуі керек

Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектептің педагог- психологы Лиза Палманованың пікіріне сүйенсек, отбасы мен мектеп бірігіп жұмыс істеуі керек.

– Бүгінгі қоғамда өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы қылмыс. Өмірге көзқарасы толық қалыптаспаған жастардың арасында қылмыс жасау жиі кездеседі. Қылмыстың көбеюі отбасындағы тәрбиеге, ортасына, ақпараттық технологияның қарқынды дамуына және сыртқы әсерлерге байланысты.
Жасөспірімдердің қылмыстық әрекетке баруының түрлі себебі бар. Отбасының жасөспірім қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауы салдарынан, яғни әлеуметтік жағдайдың төмендігі, отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі. Яғни баланың немен айналысып, қайда барып жүргеніне ата-ананың назар аудармауы, өз деңгейінде қадағаламау, баланың айналасындағы қатарластарынан кем қылмай өзін «батыл» етіп көрсеткісі келуі және еліктеуі, ғаламтор ақпараттары мен түрлі кино, видео жазбалар, шытырман оқиғалы ойындардың бала психологиясына кері әсері, кей жағдайларда бопсалаудың құрбаны болып, тығырықтан шығар жол іздеп қылмыс жасауға мәжбүр болады. Міне, осындай бірнеше мысалдарды келтіруге болады.
Жалпы қылмыстың алдын алу және олардың жолын кесу үшін маңызды шараларды жүзеге асыру қажет. Оларға қолайлы орта жасау, тығыз қарым-қатынаста болу, рухани және құқықтық тұрғыдан тәрбиелеу басты міндет болып саналады. Бұдан шығатын қорытынды олардың күш-қуатын оң арнаға бұру. Мәселен, қоғамдық іс-шараларға, яғни әртүрлі бағыттағы үйірмелерге және техникалық сабақтарға, спорт түрлеріне баулу. Сондықтан да ата-ана бала тәрбиесін мектепке ғана жүктемей, өздері де айырықша көңіл бөліп отыруы тиіс.
Осы мәселеге сәйкес қоғамда әртүрлі көзқарас қалыптасып отыр. Яғни бір тарап ата-ананың жауапкершілігінің аздығынан десе, келесі тарап мектептегі немесе ортасының тәрбиесіне байланысты деген уәжге тоқталады.
Алайда балаға әуелі білімнен бұрын, тәрбие берілу керек. Адамға тәрбиені ата-ана, мектеп, қоғам бірігіп береді. Бала тәрбиесіндегі басты тұлға – алғашқы ұстаз және оның ата-анасы. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ тәрбиесі, әр отбасы мен мектептің ынтымақтаса жұмыс істеуінің еншісінде, – дейді психолог.

Тәрбиесі жақсы баланың
болашағы жарқын

Бұл – Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің мұғалімі Дүзелбек Төлемісовтің сөзі.
– Дана халқымызда «Ұстаз мейірі мен ата-ана мейірі егіз» деген сөз бар. Десе де бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі басты орында екені даусыз. Өйткені отбасындағы тәлім-тәрбие, ата-ананың баламен қарым-қатынасы отбасынан басталады. Яғни «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.
Өз басым отбасымда екі қыз, бір ер бала тәрбиелеп отырған әкемін. Сондықтан балаларымның алдындағы әкелік, ата-аналық жауапкершілікті бірінші орынға қоямын. Ал педагог ретінде айтарым, тәрбиесі жақсы баланың өмірі де жақсы болатыны анық. Ендеше, бала тәрбиесі ата-ананың басты міндеті деп білемін. Бұл мектеп тек білім берумен шектеледі дегенім емес. Ұстаз ретінде айтар болсам, шәкірттерімнің әрқайсысы өмірде өзіндік тұлға болып қалыптасуы үшін оларды барынша түсініп, зерттеп, болмысын ашуда аянып қалмаймын. Өйткені олар – біздің болашағымыз.
Біз педагог ретінде шәкірттеріміздің білім алуын, тәрбиесін қадағалай отырып, бұрыс әрекеттерін түзетуге тырысамыз. Бала өмірін жемісті ететін жол, ол – ата-ана мен мектептің бірігуі. Баланы жастайынан мейірімге бөлеу арқылы ғана болашағының жарқын болуына себеп бола аламыз, – деді ұстаз.

Әке емес, көше тәрбиелеуде…

Қоғамда отбасы құндылығын насихаттап жүрген белгілі есім Зейнеп Ахметова ерлердің бойында өжеттілік жоғалып бара жатқанын айтып жүр.
– Қазір ер-азаматтардың көбі ынжық. Масылдыққа үйренген. Көшеде өзін-өзі жұмысқа жегуге сатып отыратындар бар. Былай қарасаң, тепсе темір үзетін азаматтар. Соларға қарап, намысың келеді. Бұрын әйел азаматының тапқанын ұқсатып, ағайын-туған арасындағы ынтымақты сақтап, балаларын тәрбиелеп отырған.
Тоқсаныншы жылдарда талайы ішімдікке салынып кетті. Шырылдаған бала-шағасын асырау үшін әйелдер ала қоржынын арқалап, саудаға шықты. Сөйтті де әйел – базаршыл, еркек қазаншыл болды. Содан бірте-бірте еркектер жалқаулыққа үйренді. Бірінші орынға әйелдер шықты. Сауда деген адамның психологиясын өзгертпей қоймайды. «Сен – маған, мен – саған» деген ой қалыптасады. Қаншама әйел сауда жасаймын деп жүріп, отбасын тастап кетті. Міне, сол кезде біз бүтін бір ұрпақты жоғалтып алдық. Сол кездегі ұрпақтан түрлі қылмыскерлер шықты. Себебі оларды көше тәрбиеледі. Бұрын бір жаққа барамын десең, «әкеңе айтайын» дейтін, бірдеңе керек десең, «әкеңнен сұрайын» дейтін. Сонда анамыз әкемізді бізге асқар тау қылып көрсететін, – дейді ұлт анасы З.Ахметова.

Балаларға көңіл бөлмейтін әкелер бар

Үш ұлдың әкесі, қала тұрғыны Өмірзақ Таймановтың да өз айтары бар. Ол таңертеңнен кешке дейін жұмыс істесе де, балаларымен бірге уақыт өткізетін сәтті ұтымды пайдаланатынын жасырмады.
– Біздің қоғамда «баланы орта тәрбиелейді» деген қатып қалған түсінік бар. Бұл пікірмен бір жағынан келісуге де болады. Ортаның белгілі бір деңгейде балаға әсер ететіні анық. Бірақ баланың тәрбиесі отбасынан басталады. Егер отбасындағы тәрбие мықты болса, ол баланы қандай орта болса да, өзгерте алмайды. Мәселен, менің ұлдарым да қалада, көпқабатты үйлердің ауласында, орысша сөйлейтін балалардың арасында өсіп жатыр. Мектептегі ортасы да орысшаға бейім. Бірақ ұлдарым солардың бәрімен тек қазақ тілінде сөйлеседі.
Меніңше, ең алдымен бала тәрбиесіне ата-ана жауапты. Күнде кешке жұмыстан кейін балалармен сөйлесіп, не жаңалық болып жатқанын, кімдермен араласып, әлеуметтік желілерден кімдерді тыңдап жүргенін, тіпті мына қоғамда болып жатқан жаңалықтарға қандай көзқараста екеніне дейін сөйлесіп отыру керек.
Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде көбіне әкелер балалардың тәрбиесіне мән бермейді. Әрине, бәрі емес. Бірақ арасында сондай ерлер қауымы кездесетіні бар. Тіпті кейде жұмыстан келген соң кешкі тамақ дайын болғанша ұялы телефонға үңіліп, уақыт өткізетіндерді де көріп жүрміз. Балаға қай кезде де әкенің демеуі, әкенің махаббаты, әкенің ақылы қажет.
Бірге кітап оқып, оны бірге талқылау да, балаларыңмен балық аулауға бару отбасын бір-біріне жақындата түседі. Өйткені өзіміз ауылда өстік. Әкеміз бізге уақыт табатын еді. Міне, мен әкемнің сол тәрбиесін көріп өскен соң соны өз балаларыма қолданып отырмын, – деді үш ұлдың әкесі Өмірзақ.

Тілші түйіні

Кейіпкерлеріміздің пікірлері осылай өрбіді. Сайып келгенде, ата-ана мен мектеп тығыз байланыста болса, қоғамда тәрбиелі, білімді ұрпақ тәрбиелеуге болады. Кей жағдайларда, мысалы, кейбір ата-аналар өз баласының нақты қай сыныпта оқитынын, кіммен дос екендігінен мүлдем хабары жоқ.
Жалпы кез келген адам өз баласының тәрбиелі, білімді тұлға болып қалыптасуын қалайды емес пе?.. Олай болса, ұрпақ тәрбиесін бесіктен бастауы керек.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: