Сенбі, 28 желтоқсан, 09:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бастық

12.10.2024

329 0

– Басеке, сіздің арқаңызда осылай есен-аман жүрміз. Бала-шағамыздың атынан сізге мың алғыс, – деп сөзін бастады Тәмпіш жақында тағайындалған Тоңқаш бастығына.
Қарапайым ғана қарауылдың жағымпаздығын-ай шіркін. Астына көпшік қойғанда Тоңқашың тоңқаңдап, бұты талтайып, кеудесі аспанға қарап, бейнебір зілтемір көтеруге дайындалып тұрған палуанға ұқсап қалады. Анау айтқан денесі де жоқ, шағын ғана Тоңқаштың мұндай жүрісі шегірткенің айғырынан аумайды. Шіркінге жел үрлеп, аяғының астын көрмейтіндей алаңғасар етіп қою тек Тәмпіштің ғана қолынан келеді.
– Қолыңызды сүйейін, бастығым. Сіз болмасаңыз, мына елдің жағдайы не болар еді? – деді ауылды иегімен нұсқап. Қазақтың иегінің астында екі шақырым бар дейтін сөздің ырқымен тұтас ауылды бір-ақ айтты.
Алақандай мекеменің ішінде алты адам жұмыс істейді. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар» болған Тоңқаш мақтау естісе танауы делдиіп, көңірегі аспанға қарайды да қалады. Оның мұнысы Тәмпішке олжа. Қырманнан таситын түк қалмады, бәрін бітірді. Қарауылдың үйі директірдікінен де зәулім сарайға айналғалы қаш-шан. Тоңқаштың туған күні болып жатыр. Қызметкерлер бірінен соң бірі сөз алып, сыйлық беріп қол алып жатыр.
«Бастығым, менің бастығым,
Молынан болсын астығың.
Алшысынан түссін асығың,
Құлай сүйсін ғашығың.
Генералым өзіңсің,
Бастығым, менің сөзім – шын.
Екі еселеніп табысың,
Төбеңнен алтын құйылсын!», – деуі сол еді, бокалдарға қызылды-жасылды шараптар, мөлдір бұлақ арақтар құйылып, шынылар соқтығысып, құлақты жарар уралар шықты.
– Тәмпіш, – деді танауын кере сөйлеген Тоңқаш. – өзің бір ерекше жансың, ертеңнен бастап зәмсің. Маған тілеген алтының, өзіңе де тамсын.
Майлы қасықтай шылпылдаған қызметкерлер бірінен кейін бірі уралап, Тоңқаштың өнерлі екенін айтып жатты. Тіпті айналасына да зер салмады. Ал бастықты мақтаудан алдына жан салмайтын Тәмпіш қызметте жоғарылап жатқанда мекеменің ыстығына күйіп, суығына тоңып еңбек етіп жүрген бұрынғы зәм Қанапия қарауылға айналды. Оны елеп жатқан ешкім жоқ еді…


Жаңа күн, жаңа өмір. Тәмпіш үшін өмір жаңадан басталғандай. Айналасына мұрнын шүйіріп қарап, өзгелерді менсінбейтін күйге түсті. Бұрын қорасына, сарайына тыққан оны-мұныларын жарқыратып, ауласын да жаңартты. Көргенде көздің жауын алатындай дүниелердің шетіндегі мекеменің белгілерінің бәрін өшіріп, көрінетін жерге көшіріп тәп-тәуір дүниелер қойды. Қайсыбір жылы қырманның қақ ортасында сумен ойнап тұрған баланың кішкентай мүсіні бар еді, оған дейін ауласына қойып, «Енді маған не істей аласыңдар?» деп, жарқыратып қойды. Онысына өзін батыр санап, бұрынғы қарауылдың күйін жасырғанына масаттана қарады. Ал ауылдағылар оның қызметінің көтерілгенін көріп, «Есекке қанша жабу жапқанмен тұлпар болмайды» десіп жатты.
Бірде ауданнан уәкіл келді. Ауыл жаппай тазаланып, зыр жүгіріп, әлгінің ішіп-жеміне дейін қырманның бір бұрышындағы «көлеңкелі кәпеге» жайғаған. Отырыстың төрінде «Сөзге жоқпын, ісім – мығым» дейтін Тоңқаш сөз ала беріп еді әлгі уәкіл:
– Тоңқаш, сен тұра тұр. Тәмпіш сөйлесін. Сөзді майдалап, жанға жағатындай етеді екен. Оның сөзін естігенде жаның балқып кетеді екен. Оның айтқаны жүрекке тура жетеді екен, – деді.
Күні бұрын уәкілмен құдасы арқылы байланысып, танысып алып, үйіне қонақ қылып, тоқты сойып тоқ қылып жіберген Тәмпіштің айы оңынан туып, жұлдызы жанайын дегенін елдің іші сезгендей. Ал Тоңқаш состиған күйі тұрып қалды. Жәудіреген жанары оның қызметтен айрылатынын көрсеткендей.
Жиын соңында Тоңқаш пен Тәмпішті алып қалған уәкіл енді Тәмпіш басшы, Тоңқаш қосшы екенін айтып, шешім қабылдапты.
– Тоңқаш, сен ренжіме. Сен мені қырманда отырғыздың. Ал Тәмпіш төріне шығарып қонақ қылды. Сен Тәмпіштен көп нәрсе үйренуің керек, әйтпесе адам болмайсың, – деп қойып қалды.
Қырман төріндегі көне вагоннан әуелі қисалаңдап уәкіл шықты. Оның қасында қолтығынан сүйеп Тәмпіш те баспалдақтан тәлтіректеп өтті. Ұнжырғасы түскен Тоңқаш айналаны реттеп, вагонды жуып-тазалап, соңынан бір-ақ қайтқан…
Ертеңгі жиында Тәмпіш Қанапияны бұрынғы һәм бүгінгі қызметі – орынбасарлыққа отырғызды. Ал бұрынғы бастық қолына сыпырғышты ұстап, қырманның ауласын тазартады және келген-кеткенге есік ашып, оларды қадағалайтын болды.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: