Сейсенбі, 25 ақпан, 12:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15,2128
25.02.2025
PDF мұрағаты

Болат Нұрқожаев, Өңірлік кәсіпкерлік палатасы жанындағы кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің төрағасы:  Нарықтық экономика негізгі сипатын жоғалтып алды

25.02.2025

78 0

Экономика саясаттан бұрын жүреді. Өйткені экономикалық жағдайы нашарлаған елге саясаттың қажеті де шамалы. Бүгінде бұл тұрғыда көптеген сарапшы мінберге шығуда.

Бұған байланысты біз өңірдегі кәсіпкерлерді қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрқожаевпен пікірлескен едік…

– Болат Жолтайұлы, өзіңіз бір жағынан кәсіпкерсіз. Осы біз нарықты түсінетініміз бар, түсінбейтініміз бар, кәсіпте бір қиындық көрсек, нарық қой деп жатамыз. «Нарық бүйірден қысып тұр» деп тағы дабыл қағатынымыз бар. Біз осы нарықтық экономика дегенді қалай түсініп жүрміз?

– 90-жылдары нарықтық экономикаға көштік. Негізінен бұл нарықтық экономиканың ең маңызды тетігі – акционерлік қоғамдар. Былайша айтқанда, қор нарығы дейміз. «Егер акционерлік қоғамдар болмаса, темір жолдар мүлде болмас еді» деген бар. Мәселен, Америкадағы кен орындарын игеру үшін алдымен акционерлік қоғамдар құрыла бастады. Акционерлік қоғам деген не? Ол – сол жердегі ірі мәселелерді шешетін қауымдастық. Нарықтық экономиканың осы маңызына қарап баға беретін болсақ, Қазақстанда нарықтық экономика жоқ деуге негіз бар.  Мысалы, біздегі инфрақұрылымдардың тозығы жетті. Энергетика, ауызсу, темір жол саласының барлығы көнерген. Кезінде біз нарықтық экономиканы дұрыс түсінбегеніміз сонша, ауыл шаруашылығындағы колхоздардың өзін жекешелендіріп жібердік. Ол негізінен ұжымдық шаруашылық. Біз айтып отырған акционерлік қоғам екеуі екі басқа нәрсе.

– Демек, акционерлік қоғам­ның нағыз өзегі – коммуналдық шаруашылық саласы. Осыны талдап жібе­ріңіз­ші. Бізге оның қандай пайда­сы, артықшы­лықтары болар еді?

– Күнделікті көз алдымызда­ғы мысалды айтайық. Мәселен, су жүйесі саласы. Кәдімгі ауызсумен қамтамасыз етіп отырған мекеме. Ол құрылғалы бюджеттің мой­нын­да, бірақ өмірі оған қаржы жетпейді. Осы мәселемен алы­сып келе жатқанымызға отыз жыл бол­ды. Бюджеттен қаржы жет­пеген соң қосымша құн салы­ғын, кәсіпкерлерге салықты көбейтейік деген бастама бас көтереді. Бұл – бір ғана себебі. Қанша көбейткенмен, ол да мәселені түп-тұқиянымен шеше алмайды. Өйткені нарықтық эко­­­номиканың негізгі ережесі сақ­талмаған. Қор нарығын қа­лып­­тастыра алмадық. Ал ол – ха­лық­­тың қаржысын экономикаға акку­муляциялау көзі.

– Ол қандай ереже?

– Мәселен, су жүйесін акционерлік қоғам етіп, соның ішінен әр адам өзінің қаржысын сала алатын тетік жасау керек. Ол көлемге байланысты емес, 100 теңгелеп те, мың теңгелеп те, миллиондап та сала алатын ету керек еді… Сол салған қаржы­сынан пайда көріп, дивидендін алып отыру керек. Су да, энер­гия да қай кезде де пайда әке­леді. Демек, сіз тұтынушы әрі қаржы салушы ретінде сол сала­ның дамуына қызығушылық таны­тасыз. Суды үнемдеуге де мүдделі боласыз. Себебі мекемеде сіздің де үлесіңіз бар. Жүйенің негізгі мақсаты да осыны көздейді. Бірақ біз акционерлік қоғам де­ген атын ғана алдық та, затына қызығушылық танытпадық.

– Дегенмен тұрғындар сал­ған ақшасының пайдасын ала ала ма? Оған нақты бір кепілдік, болмаса сенім болу керек шығар…

– Дұрыс айтасыз, су жүйе­сі мекемесі әкімдікке қарай­ды. Сондықтан онымен келіспей, соттасқан жағдайда тұтыну­шының құқы қорғалу керек. Ол үшін ең алдымен, әділ сот жүйесі болу керек.  Одан бөлек, аудиторлық сала әділ болу керек. Яғни, ол мекеменің пайдасы, кірісі мен шығысы ашық көріну керек. Түптеп келгенде мекеменің нақты қаржылық жағдайында ашықтық болған дұрыс. Демек, қаржыңды саласың, табысын ала­сың, ал егер ала алмасаң, сенің құқыңды әділ сот қорғайды. Ал сотқа негіз ретінде әділ қараған аудитордың есебі алынады. Жүйе осылай болу керек.

– Әлемдік тәжірибеде мұн­дай жағдай бар ма?

– Әрине, Америка осы жағ­дайды бастан өткерді. Мысалға АҚШ-та ірі әуе компаниясы жалған аудиторлық есеп жүр­гіз­ген. Қаржылық жағдайы жақсы деп бағаланғанмен, ол компания шын мәнінде банкроттық жағ­дайда тұрған. Оған сенген халық қаржысын салады. Егер ол ком­пания банкрот болса, бүкіл Амери­каның экономикасына әсері тиеді. Міне, Үкімет жина­лып, басын қасиды. Ұзақ ойлана­ды. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай өтетін жол жоқ еді. Екі нұсқаның бірін таңдау керек болды. Біріншісі, банкрот деп таныса, елдің экономикасы құлдырайды. Екіншісі, банкрот деп танымаса, мұндай құйтырқы жол кейін дағдыға айналып, «осылай да болады екен» деген ой қалыптасады. Халықтың сені­мі жоғалады, нарықтық эконо­миканың негізі бұзылады. Міне, сол кезде Америка үкіметі «Біз қазірді ойлап, банкрот деп танымай, аудиторлық компа­ния­ға кешіріммен қарасақ, ал­дағы уақытта бұл қоғамдағы тенденцияға айналуы мүмкін. Біз банкрот деп танып, аудитор­ларды соттауымыз керек, сонда алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайды. Ал экономиканы тиімді тетіктерін тауып, алдағы уақытта да дамыта беруге болады» деген екен. Кейін Аме­рика өзінің экономикасын қайта дамытты, ал бірақ нарықтық эко­номиканың сипаты, оған деген сенім сақталып қалды.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: