Жыл сайын елімізде мыңдаған түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басады. Бұл кезең – түлектер үшін ең жауапты сәттердің бірі. Себебі дәл осы уақытта олар өз болашағын айқындайтын маңызды шешім – мамандық таңдауға бет бұрады. Алайда мамандық таңдарда асығыстық танытуға әсте болмас. Себебі қазіргі таңда ата-ананың ақылымен, кейде достарының ықпалымен де таңдауын өзгертіп жататын жастар бар. Олардың бәрі бірдей ертең еншілеген дипломын кәдеге жарата ала ма? Мәселен, әлем бойынша мамандығымен қызмет ететіндердің көрсеткіші төмен. Тіпті оған күнде көз жеткізіп жүрміз.
Ал қазіргі түлектердің арасында қандай мамандықтар сұранысқа ие? Соңғы жылдары шет тілдері, медицина, ақпараттық технологиялар және құқық салаларына деген қызығушылық айтарлықтай артты. Оқушылар бұл мамандықтарды тек табыс көзі ретінде ғана емес, өз армандарымен де байланыстырады. Мәселен, қаламыздағы Тұрар Рысқұлов атындағы №222 орта мектептің түлегі Гаухар Бекмұратқызы шет тілін таңдаған. «Ағылшын тілі – әлемдік тіл. Оны меңгеру арқылы мен шетелде білім алып, халықаралық деңгейде жұмыс істеуді армандаймын. Болашақта тіл үйрететін жеке орталық ашқым келеді», – дейді ол.
Ал Қосшыңырау ауылдық округі №138 орта мектеп түлегі Бибігүл Төлегенова медицина саласына бет бұрғысы келеді. Оның мақсаты – тіс дәрігері болу. «Медицина – мәңгілік сала. Әсіресе, стоматологияға сұраныс жоғары. Бұл тек табыс көзі емес, адамдарға нақты көмек көрсетуге болатын бағыт. Қазірден бастап дайындықты күшейтіп жатырмын», – дейді талапкер.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі жастардың мамандық таңдаудағы белсенділігі қуантады. Олар заман талабына сай бағыттарды таңдап қана қоймай, болашақта өз ісінің шебері болуға ниетті. Алайда маңыздысы – әрбір түлек өз жүрек қалауымен шешім қабылдауы. Өйткені таңдаған жолы адамның өмір жолын анықтайды. Мамандық – жай ғана жұмыс емес, ол – адамның өзіне, қоғамға берер үлесі.
Белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген екен. Рас, жас жеткіншек тек жүрек қалауымен ғана таңдаған кәсіптің шебері бола алады. Яғни мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом ала салу емес, өмірлік жолыңды айқындау.
Айжамал Маратова,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
Журналистика мамандығының 3-курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!