Сенбі, 15 ақпан, 20:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№12,2125
15.02.2025
PDF мұрағаты

Дамуға көш түзеген Сырдың елі

15.02.2025

75 0

Сырға келген әрбір мейман әуелі облыс орталығына ат басын бұрады. Әр таңы арайлап атқан Ақмешіт бұл ретте келген әрбір жанның жүрегін жаулап алатындай. Тіпті келген сайын таңданысын жасырмай, бас шаһардың дамуына оң бағасын беріп кетіп жатқандар жетерлік. Айналасы бірнеше жылдың ішінде-ақ қаланың ажары арта түсті. Адам танымастай өзгергені де жасырын емес. Күнделікті көрген көздің өзі сүйсінерліктей.

Таяуда өткен жылы не болды, қандай іс бітірдік деген қала әкімі Нұржан Ахатов биыл жыл қоржынындағы табысты тілге тиек етті. Ол табыстың ішінде экономика да, білім, ғылым, медицина да, руханият та бар. Қоғамның барлық саласында қозғалыс бар екенін жеткізген шаһар басшысы барлық көрсеткіштердегі өсімді айтып, бір марқайтты.

Ел Президенті мен аймақ бас­шысы облыс орталығына ерекше мән бер­ді. Президент пәрменінің арқасында көптеген жобалар қолға алынды. Тіпті, республика бойынша ыстық суы жоқ аймақ атанғанымызды да ерекшелеп айттық. Президент дер кезінде қозғау салып, барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізген. Нәтижесінде осы күні ыстық сумен қамтамасыз ету қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл да Мемлекет басшысынан бастап Ақмешітке бағытталған ыстық ықыластан болар…

Қаңтардың соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірде жүзеге асқан маңызды жобаларды ерекше атап өтіп, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі мен аймақтың дамуына оң бағасын берді. Бұл – Сыр елінің ортақ абыройы мен беделі. Ал қоғамның барлық саласында даму болса, бюджеттің де бүйірі томпайып, экономикамыз нығаяды. Тұтас облыс қазынасы 204 пайызға артса, қала қазынасы да әжептәуір көбейген.

– Өткен жыл басында 58,2 млрд тең­гемен бекіген қала бюджеті жыл соңында 112,7 млрд теңгеге жетті. Көрсеткіш 193,6 пайызды құрады. Қаланың түсімдері 119 млрд 534 млн теңгеге жетіп, 106,1 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өз кірістеріміз 37 млрд 892 млн теңгеге жетті. Бұл қаржылар өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Өткен жылы аймақ басшысының тегеурінді талабы мен тың бастамаларының нәтижесінде барлық салада өсім қалыптасты. Аймақтың негізгі капиталына 640 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайызды құрады.  Құрылыс жұмыстарының көлемі республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғарылады, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Мұндай өсім барлық саладан бай­қалады. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі – 19,6 пайызға (366,9 млрд тг), ауыл шаруа­шылығы – 2,3 пайызға (211,5 млрд тг), тұрғын үй – 16,9 пайызға (866,8 мың шаршы метр), көлік – 2,8 пайызға (294,6  млрд тг), сауда – 6,6 пайызға (833,5  млрд тг) артты. Бұл өсімдерде облыс орталығы – Қызылорда қаласының үлесі зор екенін атап өткен жөн.

Өңірде кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, салада даму көрсеткіші жоғарылады. Ұш­қыр қиял мен іскерлікті қажет ететін кәсіптің көбі тың бастамаға құрылған. Креативті идеясы бар тұрғындар мем­лекет­тік бағдарламалар арқылы кәсібін дөңгелетуде.

– Бұл – берекеге апарар жол. Президент бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 34 жобаға 277,8 млн теңге несие берілді. «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы өнер­кәсіп саласының 41 жобасы қолдау тауып, 502,3 млн теңгеге қол жеткізді. Екінші деңгейлі банктер арқылы 647 кәсіпкер 22,6 млрд теңге жеңілдетілген несие алып, нәтижесінде қала кәсіпкерлерінің саны 34 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылғандар 65 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлікпен 300 млрд теңгеге өнім өндірілді. Биыл 15 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Біз бұл жобалармен қатар, биыл қаладағы «Жаңа» және «Ескі базар» аталып кеткен қос сауда орталығын жаңғыртудан өткіземіз, – деді қала әкімі.

Экономика, кәсіпкерлік салаларын айт­қанда, демде-ақ ауыл шаруашылығы сала­сы ойға оралады. Қала аумағында өткен жылы 8 298 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Дала еңбек­керлері жаздайғы еңбегін жауын-шашынға қалдырмай, мерзімінде толық жинай алды. Нәтижесінде 3 856 гектар жерден әр гектарынан 51,5 центнер өнім жиналды.

Айтпақшы, елі ішіндегі әрбір мәселені шешуге барынша атсалысып жүрген шаһар басшысы екі қолға бір күрек таппай жүрген жандардың мәселесі де шешіліп келе жатқанын айтты. Өткен жылы облыс орталығында  13458 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал жаңа бизнес – идеяларды іске асыру бойынша 520 адам мемлекеттік грантқа қол жеткізді. «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі де бұл көрсеткіштің азаюына септесіп келеді.

Ал қаладағы апатты үйлер мәселесі де алдағы уақытта түбегейлі шешімін тауып қалуы мүмкін. Бүгінде 68 тұрғын үй апаттық деп танылған. Аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегінде 673 отбасы тіркеуде тұр.

– Өткен жылдың соңында 135 отбасы­ға жаңа пәтерлер сатып алынды. Жақын күндері өз иелеріне табысталады. Биыл тағы 135 отбасыға жаңа пәтер сатып алу үшін қажетті жұмыс жүргізіледі. Осылайша апатты үйлер мәселесін кезең-кезеңімен шешеміз.

Әрине, әлеуметтің ең әлеуетті әрі өзекті мәселесі – баспана. Былтыр қалада 2 574 пәтерлі 63 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның 2032 пәтерлі 44 үйі бюджет есебінен, 542 пәтерлі көпқабатты 19 үй жеке инвестиция есебінен салынды. Өткен жылы жалпы саны 2 069 қызылордалық баспаналы болу бақытына кенелді. Айта кету керек, өткен жылы Сырдарияның сол жағалауынан алғаш рет 7 қабатты 6 тұрғын үй салынды. Осындай үйлердің құрылысы биыл да жалғасады, – деді Н.Ахатов.

Халыққа қажетті деген жобалар ең бірінші орындалу керек. Бұл ретте «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы қарқын алды. Өткен жылы осы бағытта қала халқын сапалы ауызсумен қамтып, кәріз жүйелерін қайта жаңғырту үшін 7,6 млрд теңгеге 29 жоба жүзеге асты. Сонымен қатар қоғамдық көлік, тұрғын үйді қайта жаңғырту, электр энергиясымен қамтамасыз ету, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да қарқынды жүруде. Бір ғана жылдың ішінде бірнеше көше кеңейіп, көліктер ерсілі-қарсылы, емін-еркін қозғалуда. Жаяу жүргінші жолдары да сапалы жа­салып, халықтың кәдесіне асып келеді. Елді мекендерді табиғи газға қосу әлі де маңызды міндеттер қатарында. Өткен жылы қалаға іргелес жатқан Ақжарма ауылдық округі «көгілдір отынға» қо­сылды. Құны 1,2 млрд теңгені құрайтын жоба сәтті жүзеге асып, тұрғындардың көптен бергі талап-тілегі орындалды.

– Осы күні 3,1 млрд теңгеге Сабалақ саяжайын және 631 млн қаржыға қалада «көгілдір отын» желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру ісі жалғасуда. Ендігі кезекте Қызылөзек ауылдық округі мен Бірқазан елді-мекенін «көгілдір отынмен» қамту негізгі жоспарға енгізіледі. Осы тұста айта кеткеніміз жөн, биыл шаһарымыздың бас жоспары қайта бекітіледі. Жаңа бас жоспар қала жанындағы саяжайларды қамтиды. Басты құжатқа сүйене отырып, біз «Эдельвейс», «Еңбек», «Орбита» секілді саяжайларға да газ желісін жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі.

«Білімдінің күні – жарық» деген қазақ елдің болашағы білімді жастар екенін де естен шығармаған. Осы ретте балалардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалып келеді. Өткен жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сырдарияның сол жағалауынан 900 және «Ақмаржан» шағын (КБИ) ауданынан 300 орындық екі мектеп пайдалануға берілді.

Дамуға көш түзеген Сырдың елі

– Аймақ басшысының тегеурінді та­лабымен үш ауысымдық мектептер мә­селесінің толық шешімін тапқанын білесіздер. Бұған дейін 4 білім ұясының жанынан қосымша ғимараттар салынды. Ескі мектептер күрделі жөндеуден өтіп, қайта түлеуде. Осының барлығы білімге салынған инвестиция – болашақ негізі екенін ашық айтуымыз қажет. Мұн­дай ширақ шаруалардан бөлек, аймақ басшысының үйлестіруімен, «ҚазГермұнай» компаниясының демеу­шілігімен 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілді.

Жарқын жобалар қатарын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақ­ханасы бар 400 орындық физика-мате­матика мектеп-интернаты толықтырады. Құны 8 млрд 400 млн теңге болатын іргелі нысан биыл табысталады. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен 4 млрд 800 млн теңгеге салынып жатқан музыкалық колледж де биыл ашылады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шың­дау мақсатында құны 11 млрд тең­гені құрайтын «Шығармашылық акаде­миясының» құрылысы да биыл аяқталатын болады, – деді Нұржан Ахатов.

Бүгінде қалалық мәдени және дема­лыс паркі қайта жаңғыртылуда. Бұл қатарға Тұңғыш Президент, Денсаулық саябақтарына жаңғырту жұмыстары қо­сылды. Бұл аумақтарда күрделі жұмыстар жүргізіліп, соңғы үлгідегі аттракциондар қойылады. Су бұрқақтары, амфитеатр, жаяу жүргіншілер мен веложол салынып, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары ашылады. Маңызды жобалар қатарында Батырхан Шөкенов атындағы саябақ пен Қорқыт Ата мемориалы аллея­сы бар. Осы аумақтар да биыл абат­тандырылып, жаңа кейіпке енеді.

– Тағы бір тың жобаны айта кетейін. Сырдария өзенінің үстінен «Астана» шағын ауданы мен Тұңғыш Президент және Денсаулық саябақтарын байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарда бар. Онда да халыққа тынығатын жағдай жасалады, – деді шаһар басшысы.

Нұржан Сәбитұлы тағы бір тарихи кезеңді еске салды. Биыл Сыр елінің бас шаһары – Қызылорда қаласының астана болғанына және ұлтымыздың ұлықтығын танытар қазақ атауының қайтарылуғанына тура 100 жыл толып отыр. Бұл – Сыр өңірінің ғана мерейтойы емес, бұл – тұтас ұлт, мемлекет тарихына қатысты кезең.

– Қызылорда астана болған тұста бұл жерде ел болашағына қатысты маңызды тарихи шешімдер қабылданып, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіп­бек Аймауытов, Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов және өзге де тарихи тұлғалардың ұлт болашағы үшін еңбек еткенін жақсы білеміз. Қазіргі таңда мерей­тойды атап өтудің тұжырымдамасы мен облыстық іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленіп, оған 40-қа жуық ауқымды іс-шара енгізілді. Мерейтойды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ко­миссияның алдын ала талқылау отырысы өткізіліп, онда республикалық деңгейде белгілі тарихшылар мен ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ғылыми-танымдық конференциялар ұйым­дастыру, «Алаш арыстарына» арналған музей ашу, қала орталығынан «Тұңғыш астанаға – 100 жыл» аллеясын ашу секілді ұсыныстар берілді. Осы және өзге де ұсыныстар бойынша облыс әкімдігімен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдау жос­парлануда. Мерейтой қарсаңында «Қызылорда – Алаштың жүрегінде» атты тарихи-таным­дық кітап шығарылмақ, – деді ол.

Көре білгенге жетістік, қуана білгенге қуаныш көп. Өткен жылды толағай табыспен шығарып салған Сырдың бас қаласында жаңа күнтізбеге сай іргелі істер басталып та кеткен. Дамудың даңғылындағы шаһар шырайлана түспек…

Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: