Жексенбі, 23 маусым, 06:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
49-2059
22.06.2024
PDF мұрағаты

Ұйқысы тыныш ауыл

18.05.2024

444 0

Қоғамда түрлі қылмыс көбейген тұста «бұл ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген» деген жаңалық болатыны рас. Бұл сөзге көп адам селт ете қалары сөзсіз. Себебі ұрлық-қарлық, алаяқтар көбейгенге етіміз өліп бара ма қалай? Осы орайда сүттей ұйыған Баймұрат батыр ауылына бет бұрдық. Ауылдың бір ерекшелігі, ұрлық-қарлық, қылмыс дегенді ұмытқан.
Ауылға кіре бергеннен түзу көше бойымен жарыса өскен жасыл ағаштары ерекше көзге түседі. Тап-таза, жып-жинақы,тып-тыныш ауыл. Расында, Баймұрат ауылында ұрлық-қарлық атымен жоқ. Мұны естігенде өзіміз де сенбедік. Бірақ шынында, солай. Оны ауыл әкімі де, учаскелік полицей де, тұрғындары да айтты. Міне, ұрлық дегенді білмейтін, жайбарақат күй кешіп жатқан ауылдағы бір ерекшелік – осы!
Ауылды араладық
Алдымен ауылды өзіміз бір аралап шыққанды жөн көрдік. Көлікпен емес, жаяулатып… Бір байқағанымыз, ауыл көшелерінің де жайы жақсы. Түзу, тегіс көшенің бойына жарық шамдар да орнатылған.
Ауылдың ауасы да ерекше, шеңгел гүлдеп, жасыл желегі жайқалып тұр. Жалпы бұл ауыл жасыл-желекке оранған. Биыл 500 сыр талы мен терек көшетті отырғызылыпты. Ал тазалығында мін жоқ. Ауыл ішін аралап жүргенімізде бірде-бір қоқыс көзге түспеді. Таза болатынына себеп те бар. Көркейту-көгалдандыру айлығында мекемелер сенбілікке белсене атсалысады. Сондай-ақ қоғамдық жұмысқа тартылған тазалықшыларды да кездестірдік. Арнайы формаларын киіп, ауыл тазалағына барынша атсалысып жүр. Ауылдағы жаңаша салынған, жақында берілген дәрігерлік амбулатория да, білімі, жетістігі жағынан жоғары деңгейде көрініп келе жатқан білім ұясы да, түрлі мәдени шараларды ұйымдастырып жатқан мәдениет үйі де, мешіті де көзге менмұндалап тұр.
Батыр атындағы ауыл тұрғындары да бір-бірімен бауырмал. Бір-бірімен амандаспай, жағдай сұраспай өтпейді. Тіпті кішкентайларына дейін қамқор ма дерсіз… Ағасы інісіне қамқорлық танытып, мектептен велосипедпен алып бара жатқан көрініс те сондай тартымды. Сонымен қатар ауылға №32 маршрут күніне 7 мәрте қатынап тұр. Содан да болар, олар қалаға бару үшін жеке көліктің қызметіне мұқтаж емес.
Ауылда ұрлық та,
басқа қылмыс та жоқ
Бұл – ауыл әкімі Саттар Әбдіреевтің сөзі.
– Осы ауылға әкім болып келгеніме бір жылдан асып барады. Баймұрат батыр ауылы 1958 жылы құрылған. Социалистік Еңбек ері Амангелді Ахметов туған ауыл. Жалпы Ақжарма ауылдық округінің жетістігі жеткілікті. 1500 тұрғыны бар. Ауыл халқы егін, мал шаруашылығымен айналысады. Малы бар үй баршылық. Кем дегенде сауын сиыр ұстап отыр. «Қорадан малымызды ұрлап кетеді» деп ешкім алаңдамайды. Тіпті әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Сенесіз бе, сатушысы дүкенді жай құлыппен құлыптай салады. Өйткені ауылдағы ағайынға сеніп кеткен. Себебі ауылда ұрлық-қарлық жоқ, – дейді С.Әбдіреев.
«Тыныш ауылдың толымды тірлігі қандай?» деп сұрақ қойдық. Ауыл әкімі Саттар Әбдіреевтің айтуынша, былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 33,3 млн теңгеге Баймұрат батыр ауылынан ұзындығы 2,85 шақырым болатын 3 көшеге түнгі көше жарық бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде М.Мәметова, А.Құнанбаев көшелерінің аяқ жақ бөлігіне ұзындығы 0,5 шақырым болатын түнгі көше жарығы орнатылды. Оған қоса Баймұрат батыр ауылына жаңадан 3 аялдама орнатылса, ауылға жол белгілерін қойылды.
– Биылғы басты жаңалық – дәрігерлік амбулатория халық игілігіне табысталды. Бұл тұрғындардың асыға күткен жаңалығы. Осы күні амбулатория жұмысын бастап кетті. Негізі жоспар бойынша ауылда атқарылатын тірлік көп. Ауылдық округ бойынша құны 367,9 млн теңге болатын 19 көшеге қиыршық тас төсеу үшін жобалық-сметалық құжаты дайындалып, сараптама қорытындысы шықты. Жеңімпазы «Ақнұр-Авто» ЖШС анықталып, жұмыс жүргізілуде. Балалар ойын алаңына жөндеу жұмысын жүргізу қолға алынбақ. Ауылда ауызсудан мәселе жоқ. Ал аяқсуға байланысты Шіркейлі каналынан Баймұрат батыр ауылына аяқсу келетін сағасына жаңадан құбыр салынды.
Елді мекендегі 9 шақырым 2 көшеге жаңадан асфальт төсеу үшін және 1,2 шақырым болатын 1 көшеге жолды қайта жаңғырту жұмысы бойынша «ТМ Проект Строй» ЖШС-мен жобалық-сметалық құжаты дайындалуда. Сонымен бірге 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын жүргізу үшін 73,9 млн теңгеге республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Демеушілік есебінен жабық спорт кешенін салуға жобалық-сметалық құжаты әзірленуде.
Алдағы уақытта да көшелерді жарықтандыру жұмысы да жалғасады. Сондай-ақ ауылдағы бір мәселе – газдандыру. Бұл жоба да назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда қалалық құрылыс бөлімі арқылы конкурс жарияланды. Құрылыстың басталу мерзімі биыл деп жоспарлануда. Ал жоба құны – 1 млрд 366 млн теңгені құрап отыр, – дейді ауыл әкімі.
Ұрлық болмас үшін біраз күрестік
Тәуелсіздің алғашқы жылдарында бұл ауылда мал ұрлығы көп болған. Бірақ бұл мәселемен батыр ауылының тұрғындары мықтап күресіпті. Бұл туралы Ақжарма ауылдық округі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Қазыбеков айтып берді.
– Шыны керек, сол бір қиын кезде ауылда мал түгілі, тіпті картопты қабымен ұрлап кететіндері де кездесті. Мұны сырттан келіп жасайтынын да білдік. Егер ауылдың адамдары болса, белгілі болар еді. Өз басым жылқымды ұрлатқанның бірімін. Бірақ малды да, ұрыны да таппадық. Ал кейіннен бірталай қылмыс ашылып, біраз адам ұсталып, сотты болды.
Қазір ауылымыз күндіз де, түнде де тыныш. Халқы да ешнәрсені уайымдамай ұйықтайды. Өйткені бұрынғыдай ұрлық жоқ. Ұрлыққа жол бермеу үшін біраз жұмыс істедік, – дейді ардагер.
– Қалай күрестіңіздер?
– Сол кезде ауылдан арнайы бірнеше адам болып, топ құрдық. Сөйтіп, түнгі уақытта кезектесіп, аралайтын болдық. Әрине, учаскелік полицеймен де бірлесіп жұмыс істедік. Нәтиже болды. «Ұрылар малды қалай қолға түсіретінін зерттеп білдік. Жайылымда жүрген малды аңдып, ешкім жоқ кезде атып, тығып қояды екен. Сәлден соң қаладан көлік келіп, соған етін салып жіберіп, терісін сол жерге тастап кететін. Талай малдың терісі табылды. Артынша ет тиеген көлік ұсталып жатты.
Қазір ауылдың жағдайы өзгерді. Біріншіден, ауылда жұмыс бар. Осы күні ешкім бос жүрмейді. Бәрінің өз тірлігі бар. Бірі қалада жұмыс істесе, енді бірі күріш егуде. Жұмыссыздық жоқтың қасы. Ал жастар жағы спортпен шұғылданады. Тіпті зейнетке шыққандардың арасында жұмыс істеп жатқандары да бар. Бұл ауылдың әжелері де өнерлі, ән салады. Аталары шахмат ойнайды. Қарап тұрсаң, бос жүрген адамды көрмейсің.
Учаскелік полицияның жұмысына да көңіліміз толады. Жасұлан Сарбалаев деген өте жақсы жігіт. Қаланың баласы болса да, ауылдың бар адамын танып алған. Бәрімізбен тығыз байланыста. Негізі ауылда ұрлықтың болмауы да полиция қызметкеріне байланысты. Өйткені тәртіп сақшысы күндіз-түні дамыл таппайды, – дейді ауыл ақсақалы.

Әлеуметтік дүкенге де бардық
– Ауылымыз тыныш. Тонап кетеді деп алаңдамаймыз. Сенесіз бе, ауылдағы ағайынның бәрі менің қандай құлыппен құлыптайтынымды біледі. Тіпті өзгелер есіктің сыртына қауіпсіздік үшін теміртормен қоршап та қояды ғой. Біздің дүкен жай құлыппен ғана тұр. Терезесі де әйнек. «Соны сындырып кете ме екен» деп те ойлаған емеспін. Ауылдың бар адамын танимыз ғой. Бәрі ағайын сияқты. Учаскелік полицейімізді де танимыз. Жиі келіп тұрады. Оның да жұмысына ризамыз, – дейді дүкен сатушысы Таңшолпан Асылбекқызы.
Сол сәтте дүкенге азық-түлік алуға ақжаулықты әже кірді. Әжемізбен де сәлемдесіп, танысып, әңгімелескенді жөн көрдік.
– Осы ауылда тұрғаныма 60 жыл болды. Сегіз баланың анасымын. Қазір жасым 85-ке келді. Бұрын ұрлық көп болған кез де болды. Қазірдің өзінде кей жерлерде әлі бар ғой. Ал біздің ауылымыз тыныш, шүкіршілік етемін. Әркімнің айналысатын тірлігі бар. Әлеуметтік жағдайы да жақсы. Түнгі ұйқымыз да тыныш. Учаскелік полицей баламды да танимын. Өте жақсы жігіт. Көшеде көре қалса, дереу амандасып, жағдайымызды сұрап тұрады, – дейді ауыл тұрғыны Бақтыгүл Байшаева.
Ауылда бұзық бала жоқ
Ауылға келген соң мектепке бас сұққанды жөн көрдік. №218 орта мектепке 320 бала білім алуда. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлмекен Батырбекованың айтуынша, мектепте тәрбиесі қиын, бұзық бала жоқ.
– Ауылымыз шағын әрі тыныш. Оқушылар арасында да ұрлық болған емес. Әр үйдің тәрбиесі мықты. Балалар сабақтан тыс уақытта түрлі сайыстарға, спорттық жарыстарға қатысады. Алды республикалық жарыстарға барып, жүлделі орын алып, жеңіспен келіп жатыр. Ол да біздің мақтанышымыз. Білімі, жетістігі жағынан алдыңғы қатардағы мектептің біріміз.
Ал жоғары сынып оқушылары ҰБТ-ға дайындық үстінде. Биыл «Алтын белгіге» үш үміткеріміз бар. Үмітімізді ақтайды деп сенеміз. Өйткені балаларымыз – білімді, тәрбиелі. Шағын ауыл болсақ та, мектеп оқушыларының жетістігі көп. Сонымен қатар бала тәрбиесіне де аса мән беруіміз керек. Қанша жерден тәрбиелі болса да, олардың жүріс-тұрысын назардан тыс қалдырмаймыз. Аптасына үш рет рейд жүргізіп тұрамыз. Арасында ата-анамен дее бірге шығамыз. Ондағы мақсатымыз – түнгі мезгілде оқушылардың бей-берекет жүруіне тыйым салу. Түнгі 22.00-ден асқан кезде көшеде жүрген баланы көрсек, ескерту жасап, үйіне қайтарамыз. Учаскелік полиция қызметкері де келіп, мектеп жайын сұрап тұрады, – дейді Ұлмекен апай.

Жасұланды жібергісі жоқ
Ауылдың кез келген тұрғынынан «учаскелік полиция қызметкерін танисыз ба? Жұмысын қалай атқарады? Қайда тұрады?» деп сұрадық. Тұрғындардың жауабы бірдей. «Иә, танимыз. Жасұлан деген жігіт. Өзі жас болса да, мықты маман» десе, үлкендер жағы «ол бізді көре сала көлігінен түсіп, жүгіріп келіп, қолымызды алады. Сондай кішіпейіл» десті. Оған қоса «түрғындармен тығыз жұмыс істеп, емін-еркін араласып, бәрін танып алған. Қаланың баласы болғанымен ауылда бір үйді жалдап тұрады» деген пікірлер де айтылды. Тіпті көптің сөзі бір жерден шығып, Жасұландай маманнан айырылғысы келмейтінін де жеткізгендер болды.
Жасыратыны жоқ, кей ауыл халқы тәртіп сақшысын тани бермейді. Тіпті көрмейді де. Жұмысы ауылда болса да, қалада тұратын ауыл халқын танымайтын тәртіп сақшылары да жоқ емес.
Тәртіп сақшысы
не дейді?
Ауылдың тыныштығына, қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін учаскелік полиция қызметкері Жасұлан Сарбалаевпен де тілдестік.
– Жасұлан, ауыл тыныш па? Ұрлық жоқ деп естідік. Рас па?
– Рас. Осы ауылға учаскелік полиция қызметкері болып келгеніме бес жыл уақыт болыпты. Әдепкіде ұрлық жасайтындар болды. Бірақ артынша олар ұсталды. Олар алты жылға бас бостандығынан айырылды. Әйткенмен «ұрылар ұсталды» деп қарап жатқанымыз жоқ. Біз де өз тарапымыздан шарамызды жүргіздік. Қазір ауылдағы жағдай тыныш, бірқалыпты. Жайылымда жүріп, жоғалып кететін мал болуы мүмкін. Алайда бұрынғыдай қорасынан алып кететін оқиға жоқ деуге болады. Сонда да болса, түнгі мезгілде ауылды түгел аралап шығамын. Көшеде кім жүреді? Соның бәрін қадағалау – менің міндетім.
Маман ретінде айта кетсем, заң күшейтілді. Соның да ықпалы әсер етті. Бүгінде алтын немесе ұялы телефон секілді басқа да бағалы заттарды ұрлаудан бөлек, мал ұрлығы бөлек қаралып, заң талабы қатаңдатылды.
– Ауылдағы ағайынның бәрі сіздің жұмысыңызға жақсы баға беріп жатыр. Оған не себеп? Тұрғындардың бәрін танисыз ба?
– Бастапқыда ауылға келген кезде барлық адаммен өзім амандасып, өзімді таныстырып, олардың аты-жөндерін сұрап, таныса бердім. Көшеде бір адам кетіп бара жатса да өзім амандасып, танысып алатынмын. Тіпті арасында танысқан адамды ұмытып қалып, екінші мәрте танысқан кезім де болған. Қазір үлкен-кішісін бәрін танимын. Негізі бәрімен тығыз байланыс орнатып, бәрін таныған да дұрыс екен. Сол кезде жұмыс та алға басады, халықпен де жұмыс істеу қиынға соқпайды. Оған қоса, ауыл тұрғындарымен жиі кездесу өткізіп, қауіпсіздік шараларын түсіндіріп отырамын. Арнайы чатымыз да бар. Күндіз де, түнде де қандай да бір мәселемен, сұрақпен іздеп қалса, мені оңай табады. Осы кезде бүкіл ауыл ағайыным секілді болып кеткен, – дейді ауылдық тәртіп сақшысы.
Тілші түйіні

Ауыл тұрғындарының 60 пайызы мал шаруашылығымен айналысады екен. Әр үйде жоқ дегенде бір сиырдан бар. Тұрғындардың бос уақыты да жоқ, өзге іспен шаруасы да жоқ… Міне, ауылдың бүгінгі тірлігі.


Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: