Ел арасында «екінші нан» аталып кеткен картоп бағасы ұшып тұр. Әдетте көктемде, қоймадағы өнім таусылуға таяғанда бағасы өзгеретін картоп биыл жыл басынан бастап қымбаттай бастады. Әп-сәтте бағасы аспандап кеткені кім-кімді де бей-жай қалдырмады, бүгінде картоп келісі 300-400 теңгеден сатылуда. Себебі неде? Сарапшылар пікірінше, картоп бағасының ерекше қымбаттауына сыртқы сұраныс әсер еткен.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері елдегі картоп нарығындағы қалыптасқан ахуалға тұрақты түрде бақылау жүргізуде.
Көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өсті. Картопқа деген жоғары сұраныс ішкі нарыққа әсер еткені атап өтілді. Мәселен, соңғы аптада экспортқа бағытталған өндірушілер арасында бағаның күрт өсуі (170 теңгеден 270 теңгеге дейін) тіркелді.
Осыған байланысты, ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды.
Қабылданған шаралар картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және нарыққа қатысушылар тарапынан алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеуге бағытталған.
Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органдары монополияға қарсы органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесе отырып, жағдайға күшейтілген қадағалау жүргізеді және сауда қызметі мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы бұзған жағдайда олар нарыққа қатысушыларға шұғыл ықпал ету шараларын қабылдайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда қордағы картоп ішкі сұранысты өтеуге жеткілікті, яғни алаңдайтын негіз жоқ. Ендігі мәселе – бағаны тұрақтандыру.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!