Бейсенбі, 26 желтоқсан, 13:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Елде болса, ерінге тиеді»: Кәсіпкер Қайраттың жобасы елге пайдалы

19.11.2024

329 0

Халықтың ойдағы кәсіпті бой­дағы қабілетпен дамытып, екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы ел игілігіне жарап тұр. Қызылөзектік кәсіпкер Қайрат Ізбасқанов та байыпты бағдарламаға қатысып, төмен пайызды несиеге қол жеткізді. Мал тұқымын асылдандыруға бет бұрған ол бүгінде қолына қаржысын алып, енді асыл тұқымды төрт түлікті алуға бекінген.

– Қазір елдегі жылқы тұқы­мы әлсіреген. Жыл сайын төл ермейді. Ет бағытына пайда­ланайын десең де кәдеге аса бермейді. Енді бұл жерде біз қай іске салсаң да оң жамбасқа шығатын әмбебап тұқымнан қарағымыз келіп отыр. Мәселен, Ақ­төбедегі Мұғалжар тұқымы. Ол жақтың малы біздің өңірге тез жерсінеді. Ауа райы да ыңғайлас, – дейді Қайрат Маханбетиярұлы.

Бұрын уақыты келгенде ай­ғырды да жаңартып отыратын дағды мал ұстаған ағайыннан алыстай бастаған. Нәтижесінде тұқым жаңармай, керісінше кө­нере бастады. Кішкентайдан төрт түліктің жайын ұғатын ол бір бас­тама арқылы бірнеше мәселені шешуді жөн көрді.

– Біз негізі мүйізді ірі қара бағатынбыз. Оған қосымша, Қамбар ата төлін қосып жатырмыз. Қазір қора жайы, қажетті керек-жарақтың барлығын реттеп қойдық. Енді тек асыл тұқымды мал алу ғана қалды. Барлық талапқа сай, құжаты бар, кепілдігі бар жылқы алып, кәсіпті дамыту – басты мақсатымыз, – дейді кәсіпкер.

«Ауыл аманаты» бағдарлама­сының тиімді екенін зерттеп білген Қайрат Ізбасқановтың «Sayat construction» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құрып, жалпы құны 29 млн 500 мың теңге тұратын «Асыл тұқымды жылқы және мүйізді ірі қара малын өсіру» және «Өнеркәсіптік ет тартқыш құрылғы сатып алу» жобасы қолдау тапты. Ол алдағы уақытта асыл тұқымды мал шаруашылығын да­мытып, ауыл мен қала халқын сапалы ет-сүт өнімдерімен қамтуды жоспарлап отыр.

– Қазақ ата кәсібінен ажыра­мауы керек. Қазір ет-сүт өнімдері нарықта бәсекеге бейім. Қанша жерден көп кәсіпкер айналысса да, сапалы өнімің сұранысқа ие болып тұрады. Тамырдан ажырамай, ұлт­тың болмысын сақтауға үлес қосу ойда жүрген. Бұл бір біткен іс болды. Енді елдің сұранысын қанағаттандыру жоспарымен іске нықтап кірісіп кеттік, – дейді Қайрат Ізбасқанов.

Бизнес жобаға сәйкес «Sayat construction» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі мүйізді ірі қараның ет-сүт өнімдерін, саумал, қымыз және жылқы етін сату бағытындағы мал шаруашылығын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жобаның басты өнімі де – осы.

– Бұл бағытты таңдаудың бас­ты себебі – бұл өнім өңірлік нарықта дәстүрлі түрде тұрақты сұранысқа ие. Жобаны құрастыру барасында зерттеулерде жергі­лік­ті тұтынушылардың нақты ерек­­шеліктері мен басқа сауда ұсыныстары толығырақ зерт­теліп сұрыпталды. АӨК құрыл­тай­шыларының атына тіркелген мал шаруашылығымен ай­на­лысуға қолайлы база, жалпы кө­лемі 300 гектарды құрайтын ауыл­шаруашылық мақсаттағы жер бар. Оған қосымша мал және малдың жем-шөбін тасуға ар­налған автокөлік бар. Кәсіпкер ауылдық округте өткізілетін іс-шараларға белсене араласып, қар­жылық көмек көрсетіп оты­рады. Қараөзек бекетіндегі ау­даны 0,5 гектар көлемдегі ескі қорымның қоршауын металл қоршауға алмас­тырып, Қараөзек бекетіндегі ме­шіт­ке жүргізілген күрделі жөн­деу жұмысына, елді мекенді аяқсумен қамтуға қосқан үлесі үшін 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлер мен жергілікті қауымдастықтар дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімінің қалалық кезеңінің қорытындысымен «Туған өлке» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған, – дейді ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппар.

Бағдарламаның тиімді екенін айтқан кәсіпкер әрбір азамат бұл арқылы тек өзінің табыс табуды ойлаумен шектелмеу керегін жеткізді.

– Мемлекеттік бағдарлама ха­лықтың әлеуметтік-экономика­лық жағдайының жақсаруын көздейді. Дей тұрғанмен, әрбір мақсаттың артында елдің мүд­десі, ұлттық болмыс тұруы керек. Әуелі өзіңнің кәсібің­ді дамытасың. Кәсібің елге пайдалы болуы керек. Тым құрыса, жұмыссыз жүрген бір адамды жұмыспен қамтысақ, бір отбасына жәрдем болады. Ал ең бастысы, бағдарламаға қатысқан жобаңның артында елдегі бір олқылықтың орнын толтырып, ұлттық деңгейдегі кей мәселенің шешімін табуына атсалыссаң, жақсы. Мен қазақтың ата кәсі­бінен ажырамауын мақсат еттім, халықты табиғи таза, сапалы өніммен қамтамасыз етуді ой­ладым, – дейді кәсіпкер.

Әлбетте, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тек үлкен ком­панияларға ғана тән ұғым емес. Бұл бір-бір кәсіптің тізгінін ұстаған әрбір азаматтың ойында болу керек. Ал оның ар жағында туған жердің алдындағы перзенттік парыз тұрса, құба-құп.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: