– Қазір көзілдірік киетіндер қатары көбейді. Сондай-ақ ота жасау арқылы көзілдірік тастап жатқандар да аз емес. Тіпті бұл көпшілікті таңғалдыратын жаңалық болмай қалғаны да рас. Бір қарағанда, мұны ғажайып деуге болады…
– Көздің көру қабілетінің бұзылуының бірнеше себебі бар. Біріншісі, тұқым қуалайтын көз аурулары. Яғни астигматизм, миопия секілді көз аурулары тұқым қуалайды. Екіншіден, бала кезден телефонға, гаджетке үңілудің себебінен көру қабілеті бұзылады. Бұл кейінгі жылдары белең алып тұрғаны жасырын емес. Көз ауруының себебін тексеру барысында анықтап, соған қарай дәрігер шешім қабылдайды. Ал ота жасау арқылы көздегі «минусты» алып тастау туралы айтар болсақ, бұл лазерлік аппарат арқылы жүзеге асады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, көздің көру қабілеті бұзылғаннан кейін көзге шамадан тыс жүк түседі. Алыстағы немесе жақындағыны көруге қиналған адам көзге көп ауырлық түсіреді, нәтижесінде көздің пішіні өзгеріп, созылады. Ота жасау барысында лазерлік аппарат арқылы қарашықты көз пішініне лайықтап өзгертеміз. Негізі көзге ота жасаудың бірнеше бар. Бірінші көздегі линтикуланы алып тастау арқылы көздің пішінін өзгерту. Екінші әдіс лазердің энергиясымен қарашықтың қалыңдығын жұқарту арқылы «минусты» алып тастаймыз. Мұны қарапайым халыққа түсіну күрделі. Алайда дүниежүзінде 35 жылдан астам уақыттан бері мұндай оталар жасалуда. Бұл әдістің қауіпсіз екені ғылыми түрде дәлелденген.
– «Отадан кейін уақыт өте келе қайтадан көзілдірікке тәуелділік болады» пікірлер де жоқ емес. Жалпы сіздің тәжірибеңізде отадан кейін қайта көзілдірік киген жағдай кездесті ме?
– Бұл жалған ақпарат. Бұл отаны 18 жастан бастап, 50 жасқа дейін жасаса ешқандай өзгеріс болмайды. Жалпы, қай жаста да көзге лазерлік түзету жасаймын десе де әркімнің өз еркі. Тіпті біздің клиникамызда 80 жастағы қарияға да лазерлік операция жасаған жағдай болды. Яғни адамның өзіне, көзінің жағдайына қарай 18 жастан бастап, 50, 60, 80 жастағы адамға да жасауға болады. Ал отадан кейін қайта көзілдірік кию қандай жағдайда болады. Көзде «минустың» өсуі әлі тоқтамай жатып, ота жасатса, кейін қайта көзілдірік киюге тура келеді. Бір-екі жағдай болды. Бірақ бұл жағдай емделушіге алдын-ала ескертілді. Анығын айтқанда, 18 жаста көзіне ота жасатып, көзілдірік тастады, кейін тағы жасатты. Мұның себебі ағза өскеннен кейін көзінің көру қабілеті де өзгереді. Негізі көзді тексеріп, қадағалап барып, «минус» тоқтағаннан кейін барып көзге ота жасау керек.
– Қазір көзілдірік киетіндер қатары көбейді. Себебі неде?
– Иә, өте көп. Қазіргі буын жарық дүниеге келе салып гаджетке тәуелді. Бір жасқа толмаған сәбидің алдында да смартфон. Мұның бәрі көру қабілетінің бұзылуына әкеледі. Статистикаға сүйенсек, елімізде көзілдірік киетіндер саны жыл сайын өсе түсуде. Мұны бәріміз білсек те, балаға зиян екен деп қолынан смартфонын алып қойып немесе шектеп жатқан жоқпыз десек артық айтқандық емес. Дәрігер ретінде оқырмандарға айтар кеңесім, жылына бір рет көз дәрігеріне көзді тексертіп тұру керек. Екіншіден, смартфонға көп қарағанда, компьютер алдында ұзақ отырып қалған кезде арасында үзіліс жасап, жаттығу жасап тұрған жөн. Мүмкіндігінше компьютер алдында ұзақ отырмау керек. Алайда қазір жұмыстың барлығы компьютермен байланысты екені белгілі, дегенмен көзге көп күш түсірмеуге тырысу керек.
– Қазір шетел асып көзін емдетіп келіп жатқандар көбейді. Елімізде офтальмология саласы қаншалықты дамып келеді? Алысқа бармай-ақ өз елімізде емдеуге мүмкіндік бар ма?
– Еліміздегі офтальмология саласы әлемдік деңгейде дамып келеді. Бізде заманауи лазерлік аппараттар бар. Шетел асып емделгенде де осы бір аппараттар. Сол себепті көздің кез келген ауруын шетелге емес, өз елімізде жасауға болады. Елімізде білікті дәрігер де, жаңа технология да бар.
– «Қазір дәрігер таңдаудың қажеті жоқ, себебі отаны жасайтын аппарат» деген пікір бар. Бұған қалай қарайсыз?
– Иә, отаны жасайтын аппарат. Дегенмен барлығы дәрігердің біліктілігіне байланысты. Себебі жаңа технологияны басқаратын білікті дәрігер. Аппаратқа дұрыс тапсырма беру – дәрігердің міндеті. Одан кейін лазерлік аппарат дәрігердің айтқанын орындайды. Бір сөзбен айтқанда, маман да, құрал-жабдық та уақыт талабына сай болуы қажет. Көзге ота жасайтын аппараттардың барлығы Германиядан әкелінген. Мамандар 6 ай сайын құрал-жабдықтың жағдайын тексеріп тұрады.
– Жалпы көзілдірік тастау – офтальмология саласындағы жетістіктің бірі. Мұндай ота ең бірінші қай елде жасалды?
– Ең бірінші, осыдан 35 жыл бұрын Ресейде, Владимир Васильевич деген дәрігер жасады. Ол – менің ұстазым. Ота ресейлік аппаратпен жасалды. Алайда аппаратты одан әрі жетілдіруге мүмкіндік болмағандықтан, жаңа технология Еуропада жасалып, адамзат игілігіне қызмет етуде.
– Көз дәрігері ретінде арманыңыз қандай?
– Көз трансплантациясы дамыса екен деген арман бар. Емделмейтін көз аурулары соқырлыққа алып келеді. Сондай жағдайда көз трансплантациясы дамыса, қанша адамның үміт отын жағуға мүмкіндік болар еді. Қазақстанда қайтыс болған адамның дене мүшесін алуға тыйым салынған. Қазір Қазақстанда 5000-нан астам адам көз қарашығын алмастыруға кезекте тұр. Біз қазір көз қарашығын Америкадан сатып ала аламыз, бірақ ол өте қымбат. Бір көзге отаның өзі 2,5-3 млн теңге тұрады. Мұны квотамен жасайды, бірақ квотамен жасатуға 5 мың адам кезекте тұр. Ресейде де қайтыс болған адамның донор болуына рұқсат берілген, алайда ресейліктердің көз қарашығы өздерінен ауыспай жатыр. Біздің елде де алдағы уақытта қайтыс болған адамның дене мүшелерін донор ретінде пайдалануға заңмен рұқсат берілсе, дертіне шипа іздеген талай адамға көмек болар еді. Әсіресе жарық әлемді бір көруге зар болған зағип жандарды бақытқа бөлер едік. Менің дәрігер ретіндегі бір арманым осы.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлмира Ділдәбекова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!