Сәрсенбі, 17 шiлде, 14:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56-2066
16.07.2024
PDF мұрағаты

Қарашаңырақ

14.05.2024

366 0

Өңі бозарып кетіпті. Сәлем-сауқаттың өзін әрең сұрасты. Үнемі бір қалың ойдың үстінде жүретін болған. Мен оған әңгімені төтесінен бастадым.
– Қарашаңырақты тастап, елден ел асып, көрші қалаға кеткенің болмады, – дедім.
Ал ол болса, шыны стақандағы қасқалдақтың қанындай көретін арағын бір ұрттап алды да, қиярдан тістеп отырып, жуан саннан бір қойды. Бір өкініш, бір үміт оның әрбір әрекетінен байқалатындай болыпты.
– Мен де жетісіп жүрген жоқпын. Ескі жараның бетін тырнағаның жаныма батады, – деп, шылымын тұтатты. – Балалық шағым осында өтті. Дәл қазіргі сәтте менің сендерден артық ешкімім жоқ. Сондықтан іздеп келдім. Басымдағы мәселені шешуге емес, күнделікті күйбең тірліктің қамытын лақтырып тастап, өздеріңмен бақытты сәттерімнің бір бөлігін өткізгім келді…
Оның жанарынан мұңды байқадым. Мұң деймін-ау, мұңнан да ауыр нәрсе тұрды. Жан дүниесіндегі арпалыс оны осылай аздырып жіберіпті. Алыстаған балалық шақтың тәтті күндерін қанша сағынсаң да қайтара алмайсың. Жанын жегідей жеген дерті де сол.


Сейдалы – бала күннен бірге өскен досым. Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақбоз атын» оқып па едіңіз?! Мен өзімді құдды соның кейіпкері сезінетінмін. Ал Тортай – Сейдалының прототипі. Көз алдыма сол бір арманшыл бала күннің көрінісі көлбеңдей берді…
Екеуміз ауыл сыртындағы төбенің басында өріске бармайтын жиырмаға жақын қозы-лақты бағып отырғанбыз. Ішіме сыймай тұрған ғашықтығымды төгіп салдым. Тіпті менің ең алғашқы жазған өлеңім еді ол… Менің музам. Иә, иә менің музам.
– Досым, мен бүгін өлең жаздым.
– Қызық екен, – деді жыңғылдың талшығын тісіне тістеп, алысқа көз тастаған күйі. – Ондай өнерің бар ма еді?
Дереу ата-анам көрмесін деп, сөмкемнің ішкі бетінен бір қарыстай тіліп, ішіне тығып қойған өлең дәптерімді аша бастадым.
«Гүлім, сенің өзіңе,
Мөлдір қара көзіңе.
Ғашықпын, мен ғашықпын,
Алармысың, сезіне»…
Алғашқы махаббатым менің сыныптасым еді… Гүлімнің атын естіген де сәл тосырқап қалды да, езуінде жылы бір жымиыс пайда болды. Баға берер деп күтіп отырған менің сұраулы жүзіме қарады да:
– Сен де қатырасың ей. Математика апайдың қызы сені қайтсін?! Ол – сыныптың ең үздігі емес пе?! Мына қозы-лақтың артында салпаңдап жүгіріп жүрген сен оның теңі емессің. Махаббат деген не тәйірі. Сен одан осы сенбіде балыққа барамысың, соны айт, – деп әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді.
Жақын досым деп, сырымды ашып, алғашқы тырнақалды туындымды оқып беріп отырғанда естіген сөзім осы. Аспан күркіреп, төбемде найзағай ойнағандай болды. Балығы құрсын, анығы, одан көңілім қалды.
– Сенің қандай арманың бар? – деді бір сәтте көңілімді аулағысы келіп.
Алтыншыға енді ғана аяқ басып, асығым алшысынан түссін деп тілеп жүрген баланың арманын айтып тауыса аламысыз?!
– Мұғалім болсам ба деймін. Айналамның бәрі мұғалім, ата-анам да бұл саладан алыс емес. Бірақ әкем марқұм жиі ауырған соң дәрігер боласың деп көп айтатын. Қолынан келіп, қонышынан басып, қарасирақ кедейдің жанын қысатын мына мілтсәлардың шаңын қағып алатын прокурор боларсың дейтін. Ал мен ол салалардан өзімді көрмеймін. Сенде қандай ой бар, – дедім қарсы сұрақ қойып.
Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде әкемнің айтатын сөзі де сол еді. Дәрігерге барсаң, танысың керек. Әйтпесе, жарытып емдемейді. Мілтсәнің қолына түссең, барыңды сыпырып алмай босатпайды. «Өмірде екі адамның алдына апармасын. Бірі дәрігердің, екіншісі мілтсәнің» деп жиі айтатыны да сол еді. Өмірдің есейткені шығар, біз сол бала күннен бері үлкендердің әңгімесін тыңдап, мәселені солар сияқты шешкіміз келетін. Анамның екі мың теңге айлығына масыл болып, отыра бермей, сабақтан бос уақытымда Түлкібайдың бордақыдағы жылқысын бағып, айына бес мың теңге табыс табатынмын. Бірақ малдың соңында жүре бермей, биіктерді бағындыруым керек деп, білім алуға бар күшімді салатынмын. Мұның бәрін көріп жүрген Сейдалының ойы мүлдем бөлек екен.
– Мені білесің ғой, сендер сияқты бестігім жоқ. Қартайған әжем мен күйеуден ерте қалған анамның тірлікте қажығанын көргім келмей, оқудың орнына отын шаптым. Сендер тәрізді мерекелік кештерде өнер көрсету орнына сол шапқан отынымды есек арбамен тасып, ауылға саттым. Солай нан таптым. Бірақ сенің де өмірің жеңіл емес. Енді кеп менің ойымды білгің келеді ә, – деді күлімсірей. – Сендер қалаға оқуға кеткенде мен ауылда қаламын. Сен тәрізді ғашық болып та көрмеппін.
Соңғы сөзді кекесінмен айтты. Менің Гүлімге арнаған өлеңімді оқығаннан кейінгі өзін-өзі ұстауы ұнамады. Ойыма бұл да соған ғашық па дегендей күмән ұялаған. Кейін білдім, математика апай Сейдалының апасы екен де, Гүлім Сейдалыға жиен екен. Ал мен ақымақ оған қарындасына жазған ғашықтық ғақлиямды оқып берген екенмін ғой…
Біз арман қуып, қалаға оқуға аттанғанда Сейдалы тіршіліктің қамытын мойнына іліп, ауылда қалды. Көршінің малын бақсам да, мен білім алуға ұмтылдым. Ал ол сол кезеңде қалып қойды. Бірақ арманы бөлек-тұғын. Оны айта да бермейді. Қазіргі робототехникадан енді үйреніп жүрген нәрселерді ол сол кезде меңгеріп, магнитофон, ойын құрылғыларын жөндеп, бірін-біріне байланыстырып қоятын. Тіпті кәдімгі қабырға сағаттың ішкі құрылғы механизмін пайдаланып, тоқпен жүретін ойыншық машина істегенін де көзім көрді. Сейдалы сол талантты іште өлтірді. Онысын пайдаланбады да.
Менің осы ойларымды оның «құйып жібер» деген сөзі бөліп жіберді. Ауыл сыртындағы төбеде оның сатып кеткен қарашаңырағына қарап отырған күйіміз осы.
– Сағынасың ба? – дедім құтыдан стақанға құйып жатып.
– Сағынбай ше?! Сендер қалада түрлі қыздың ортасында әдеміліктің бәрін тамашалап, талғаммен өмір сүрдіңдер. Ал мен өмірімде бір сылқымды көрдім де, соңынан еріп кете бардым. Қартайған әжем мен самайын ақ шалған анам жайына қалды. Оның әпер дегенін әпердім, бар деген жеріне бардым. Қазіргі күйім осы. Әже де кетті аттанып, анам – қызының қолында. Ал қарашаңырақ ешкімге қажет емес, жаңа иелері бақыт бесігінде тербеліп, өмір сүріп жатыр. Менің де осы шаңырақта бақытты болуға хақым бар еді ғой, – деді кіжініп.
Өмір – мектеп. Қателік дегеніңді кешірмейді. Сабақ алып, түзеле алмасаң, күресінге лақтырып жібереді. Қырыққа жетпей, бетін әжім шалған досым екеуміз құшақтасып, біраз отырдық.
…Бірде жоғарғы сыныптар түн мезгілінде «тәртібімізді қарауға» жиналысқа шақырды. Бозбала болып қалыптасып қалған кезіміз. Қызға қырындап, терезесін ұрып, сызылып барып тұратын шақ. Басқа біреудің кінәсі үшін таяқ жейсің. Өйткені бізде әскердегідей «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұран бар. Кезек Сейдалыға келгенде әлгі бір жұдырықтан кейін досым талып қалды. Дереу су шашып, есін әрең жинатып жатқанда әлгі «күштілер» одан сайын тепкінің астына алды. Мен сонда Сейдалының үстіне жатып ап, бар таяқтан қорғап қалғам. Ұмытпапты. Есіме салды.
– «Өзің – диуанасың, кімге пір боласың» деген бар еді. Таяқ жеп жатсаң да, сен сонда да мені қорғап едің. Сен сол кезде бала болсаң да, менің осы кезде анамды қорғай алмаған қауқарсыздығымнан алда болдың. Мен сені сол үшін сыйлаймын. Мүмкіндігің бола тұрып, Астана, Алматыға бармай, қарашаңырақтың қадірін ұғынып, отын сөндірмегеніңе тәнтімін. Бір анаға қызмет істей алмаған мен қазір ешкімге керек емеспін. Қарашаңырақ, өскен ортаң, сенің бақытыңның ошағы екен ғой. Иә, иә, досым, мына әлемде тіпті, Америкаға, тіпті білмеймін, ең әдемі жерлерде тұра аласың, бейқам өмір сүре аласың. Бірақ күндердің күнінде біреу келіп, саған бөтен екеніңді айтады. Жаныңа ауыр тиетіні де сол емес пе?! – деді ішіндегіні шығарып…
Екеуміз ұзақ отырдық… Таң бозарып атып келеді. Мен оны сол жолы үйге алып қайтып, бірнеше күн қонақ қылдым. Бірақ ол бәрібір біздің үйден бірнеше үй кейін орналасқан өзінің байырғы қарашаңырағына мойнын соза берді, соза берді…


Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: