Қазақтың қара өлеңінен қаймақ қалқыған небір шешендер мен көсемдерінің асыл мұрасы ауыз әдебиетінде өз бағасын алып, ұлықталып, ауыздан-ауызға тарап жатқанымен көне тарих қойнауында сақталып, жарық көріп зерттелмей, ғылыми айналымға түспей, шаң басып жатқаны аз емес. Осы олқылықтың орнын толтырып, «алмас қылышты қын түбінде жатқызбай» жүрген фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповтің еңбегі ерен.
Сыр елінің төл перзентінің қоржынында көп жылдар бедерінде көлеңкеде қалып қойған талай жыр жауһарын өмірге әкелген жыраулардың, танымал өнер өкілдерінің шығармалары көздің қарашығындай сақтаулы. Ел руханиятын түгендеп жүрген жанның мұрағатында артында өнегелі із қалдырған Алпысбай жырау жайлы деректер 40 жыл бедерінде сақталыпты. Мұнан біршама уақыт бұрын ата мұрасын ұзақ жыл ардақтап, қолжазба күйінде сақтаған белгілі ғалым Берік Жүсіпов көне дәуір туындысын жыраудың ұрпағы, өлкетанушы, ардагер ұстаз Гүларша Хұсайыноваға аманаттаған болатын. Міне, көп ұзамай жыраудың ұрпақтары Алпысбай жырау жайлы «Әлім Алпысбай молда» атты туындыны жарыққа шығарып, Сыр сүлейлерінің қатарына қосты. Кітаптың авторы – жыраудың ұрпағы Гүларша Хұсайынова. Осылайша сүлейдің өшпес мұрасы халықпен қайта қауышты.
Осыған орай Жыраулар үйінде «Әлім Алпысбай молда» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Айтыскер ақын Нұрмат Мансұров тізгіндеген кешке ақын, өнер қайраткері Серік Ыдырысов, тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас, «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының басшысы Жанат Ашанқызы және бірқатар руханият жанашырлары қатысты.
Жинаққа Сыр бойындағы эпикалық жыршылық дәстүрдің дамуына елеулі үлес қосқан, заманында есімін ұлықтаған тыңдарман «молда» атандырған әлім Алпысбай Сауапұлы жайындағы зерттеулер мен автордың соңында қалған жалғыз туынды «Әлім Алпысбай молда мен Паналы қыздың айтысы» енген. Тұсаукесер кешінде күміс домбыра иегері Бексұлтан Орынбасар мен дәстүрлі әнші Тоғжан Өтенова айтыстан үзінді орындады. Ал айтыстың қолжазбасын жеке мұрағатында сақтап, жинаққа енгізген Берік Жүсіпов әлім Алпысбай молданың шығармашылығы жөнінде кең көлемде мәлімет беріп, елді елең еткізер осындай ғибратты туындыны өмірге әкелген өнер иелері кең көлемде зерттеліп, елмен қауышса деген тілегін білдірді. Жыраулар үйі бұл бағытта өз жұмысын жандандырса деген ұсынысын да жеткізді.
Расында, қазақтың рухани мұрасы кейінгі ұрпаққа қайта жаңғырып жетіп жатса, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғаны деп білеміз. Қалай десек те тарлан таланттардың мұрасы тасада қалмаса дейміз.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!