12 шілде – дүниежүзілік фотографтар күні. 1839 жылы француз суретшісі Луи Дагер ең алғаш сурет түсірген. Сурет тарих болса, суретке түсіру – өнер. Әр сәт тез өтіп кететін әлемде фотосурет ғасырлар бойы естеліктерді сақтай отырып, өткен мен болашақ арасындағы көпірге айналды. Фотосурет – суреті бар қағаз емес, ол қайталанбас сәттерді таспалап, кейінгі ұрпаққа тарихқа қалдырады. Фотосурет бізге әлемді басқалардың көзімен көруге мүмкіндік береді, шекарамыз бен идеяларымызды кеңейтеді. Ол оқиғаны сөзсіз айтып, эмоцияны оятып, жаңа идеяларға шабыттандырады. Фотографтар – біздің ең бақытты сәттерімізді, жетістіктерімізді, маңызды оқиғаларымызды сурет арқылы есте қалдырады. Іс-шаралардағы қызықты сәттер немесе студенттік өмір болсын, кәсіби фотографтар маңызды рөл атқарады. Студенттік өмірде фотосуреттің алатын орны ерекше. Студенттік жылдар жаңалық ашудың, достықтың, алғашқы ғылыми табыстардың уақыты және әрбір сәт есте қалуға лайық. Фотосуреттер студенттерге оқуды бітіру, академиялық конференциялар немесе мәдени шаралар сияқты маңызды оқиғаларды есте сақтауға көмектесіп, болашақ жетістіктерге шабыт береді.
Университетте жұмыс істейтін кәсіби фотографтар бірегей дағдыларға ие болуы керек. Олар күтпеген сәттерді түсіруге, академиялық өмірдің атмосферасын жеткізуге және әр студенттің даралығын көрсетуге дайын болуы керек. Олардың кәсіби жұмысы оқу орнының имиджін қалыптастыруға көмектеседі. Сәті түскенде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің фотографы Нұржан Пірмағанбетпен сұхбаттасқан едік. Оның фотосуреттері жай ғана сәттерді фотоға түсіріп қоймай, оқиғаларды, позитивті эмоцияларды және университет имиджін қалыптастыратын оқиғаларды «сөйлетеді».
– Фотограф болу бала кезден бергі арманыңыз ба еді?
– Сурет түсіруге студент кезімде қызығушылық таныттым. Бастапқыда жай ғана хобби болса, уақыт өте келе менің жұмысыма айналды. Алматыда университетте оқып жүргенде, жазғы демалыста фотограф ретінде жұмыс істеп, мерекелік шараларда суретке түсіріп жүрдім. Бұл тәжірибе суреттерді кәсіби түрде өңдеуді үйренуге мүмкіндік берді. Университетті бітіргеннен кейін Қызылордаға оралып, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне кәсіби фотограф ретінде қызметке орналастым. Содан бері студенттік өмірдің маңызды сәттерін суретке түсіріп келемін.
– Фотограф болудың қыр-сыры мен қызығын айтып берсеңіз…
–Университет фотографының жұмысы шығармашылыққа толы. Фотограф оқу орнының атмосферасы мен мәдениетін суретпен жеткізе білуі керек. Ортақ мақсатты өмірге әкелу, адамдарды қызықтыратын және көбірек білуге құштарлығын тудыратын бейнелер жасау үшін басқа мамандармен командада жұмыс істей білу де маңызды. Университет өміріндегі фотосуреттер жай ғана сәттер емес, бұл жастардың кәсіби маманға айналуын, олардың талпыныстары мен армандарын көрсететін сәт. Суреттердің бірі университет тарихының бір бөлігіне айналса, қалғаны болашақ ұрпақ үшін мақтаныш пен мотивация көзіне айналады. Сайып келгенде, университеттік шақтағы фотосурет – бұл жай ғана өнер емес, сөзбен айтып жеткізе алмайтын өмірлік саяхаттың құжаттамасы. Мен түсірген әрбір кадр өз тарихын баяндайды, фотосуреттер арқылы оқиғалардың атмосферасы мен көңіл-күйін жеткізуге тырысамын. Мен үшін фото – уақытты тоқтатып, әлемнің сұлулығын, оның алуан түрлілігімен көрсете алатын өнер деп есептеймін.
– Сапалы суреттерге қол жеткізу үшін қандай әдістерді пайдаланасыз?
– Адам саны көп фотосуреттерді сапалы түсіру ерекше тәсілді қажет етеді. Түсірілімнің композициясы мен экспозициясын ескеру, артқы көріністе артық заттардың болмауы және адамдардың суретке түсу дайындығын қадағалау маңызды. Жарықтандыру да маңызды рөл атқарады: ашық шуақты күнде адамдардың келбетіне біркелкі жарық түсуі сапалы суреттің маңызды элементі. Осы уақытта қайталанбас сәттерді түсіруге және әсерлі бейнелерді жасауға мүмкіндік беретін көптеген фотосурет техникасын меңгердім. Жарық, композиция және сәт бірігіп, көріністі ең жақсы түрде түсіруге мүмкіндік беретін түсірілім үшін тамаша сәтті болжай білуді үйрендім. Әдетте әр сәттен сапалы фотосурет түсіру үшін бір уақытта 3-4 рет суретке түсіруім керек. Фокустық қашықтықпен перспективаны басқаруға кадрдың белгілі бір элементтеріне назар аударуға мүмкіндік береді.
– Фотограф үшін өз шеберлігін шыңдап, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеру маңызды ма?
– Әрине. Күнделікті көріністерді көрсетудің жаңа және басқаша қырын табу үшін мен әртүрлі камера бұрыштарымен кадрлар түсіріп тәжірибе жасаймын. Әрбір кадр фотосурет өнеріндегі жаңа көкжиектерді ашуға мүмкіндік береді. Мен фотограф ретінде өз шеберлігімді дамытып, жұмысымды жаңашыл әдістермен толықтырып зерттеймін. Суретке түсірудің жаңа әдіс-тәсілдерін үйрену арқылы өз дағдыларымды жетілдіруді жалғастырамын. Өз білімімді және тәжірибемді басқалармен бөліскенді ұнатамын. Фотосурет – мен таңдаған жол және өзімнің жақсы көретін ісіммен айналысып, қоғамға ерекше сәттерді сурет арқылы жеткізгеніме қуаныштымын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен С.ТЕМІРБОЛАТ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!