Жұма, 17 мамыр, 09:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Қызыңды бөтен үйге қондырма…

13.02.2024

635 0

Қазақ халқы қызға болашақ ана, шаңырақтың берекесі деп қараған. Оның тәрбиесіне де баса мән берген. Алайда көпшіліктің қазіргі қыз тәрбиесіне көңілі тола ма? Жалпы қызы бар үйдегі тәрбие қалай? Бірде әріптес құрбымнан естігенім бар еді. Сол еріксіз есіме түсті.

– Мен қызды дүниеге әкелуден қорқамын. Шыны керек, қызым болғанын қаламаймын, – деді.

Оның осылай дегеніне өзім таңғалдым.

– Қызың болғанын неге қаламайсың, қызық екенсің? – дедім мен де қоймай.

– Қыздың тәрбиесі ұлға қарағанда бөлек әрі маңызды болады. Оған дұрыс тәрбие беруден жүрексінемін. Осы кезде ұлдың анасымын. Ал ұл баланың тәрбиесі аса қиын емес, – деп жауап берді.

 Бірақ меніңше ұлдың да, қыздың да тәрбиесі маңызды. Себебі қыз болашақта бір әулеттің ұрпағын жалғастырушысы болса, ұл бір әулеттің аялаған қызына да, одан туған балаларға да жауапты болады емес пе…

«Әкем еш жаққа жібермейтін»

Бұл – қала тұрғыны, зейнеткер, көпбалалы ана Шырын Ізетқызының пікірі.

Бала – өмірдің мәні, көңілдің сәні. «Ата-ана қадірін балалы болғанда білерсің» дегендей, бала өмірге келген сәттен бастап, өмірге деген көзқарасыңды түгелдей өзгертіп жібереді. Ата-ана деген өте үлкен жауапкершілікті талап ететін бұл лауазымға лайықты болудың өзі де оңай емес. Жетпістің үстіне шыққан Шырын апамыздың алты баласы бар. Алты баланың бесеуі – қыз. Ең кенжесі ұл болды. Қыздарының тұңғышы ғана ата-әжесінің баласы болды, сол себептен тәрбиесін босаңсытып алғаны рас. Оны әңгіме барысында айтып берді.

– Негізі қызбаланы еш жаққа қондырмау керектігі, қыз тәрбиесі туралы жақсы тақырып қозғап отыр екенсіңдер, қарақтарым, – деп бастаған кезде кәдімгідей жылы әсер сезіндік. Шыны керек, қарақтарым деген сөзді күнде ести бермейміз ғой.

– Мен де көпбалалы отбасыдан шықтым. Ұлдың да, қыздың да тәрбиесін әкеміз берді. Әрине, анамыз да тәрбиеледі. Бірақ біздің тәртібіміздің басым бөлімін әкеміз қадағалап отыратын. Жарықтық, өте қатал кісі болды. Жақсы көріп тұрса да, жылы сөзді аз айтатын, көп еркелетпейтін. Содан баламыз ғой. Құрбыларымның үйіне барып қонғымыз келеді. Одан бойжете сырласқымыз келіп, анамыздан сұранатынбыз. Сонда анамның айтатыны «әкеңнен сұран, жіберсе барасың» дейді. Біліп тұрасың ғой, жібермейтінін… Әкем келеді. Жақсылап кешкі асын ішіп алсын деп қас-қабағына қарайлап отырамын. Жүзі күлімдей берген сәтте ақырын ғана сұрана қоясың. Сондағы алатын жауабың, «жоқ, бармайсың» деген шешім. Одан кейін сұранып әуре болмайтын болдым. Үндемей үйде кітабымызды оқып, отыра беретінбіз. Сол кезде балалық реніш болса да, кейіннен өзіміз ата-ана болған кезде әкемнің тәрбиесін түсіндім, – деп балалық шаққа шолу жасады.

Шырын апамыздың айтуынша, балаға тәрбиені ана құрсағына біткен бойда беру керек екен.

– Әңгімемді мына бір мысалмен жалғастырсам, бір кісі қариядан сұрапты: «әке атандым, балама ақыл айтуды қанша жастан бастауыма болады?», – дейді.

 – Еее, балам. Сен балаңа ақыл айтуға кешігіпсің. Баламен тілдесуді ананың құрсағында жатқаннан бастауың керек еді, – деген екен.

Егер тарихы терең қазақ әдебиетіне жүгінетін болсақ, ата-бабамыз бала тәрбиесіне ерекше қарағанының куәсі боламыз. Жүкті әйел жолдан өтіп бара жатса, үлкен әжелердің өзі тоқтап жол берген екен. Келіні одан ыңғайсызданып, қысылғанын байқаған қарт кісі: «қысылма, балам. Кім біледі, мүмкін сенің ішіңде ертең ел ағасы атанар батыр жатқан болар» деп әлі дүниеге келмеген баланың құрметінің қандай екендігін көрсеткен, – дейді Шырын Ізетқызы.

Ал қыз баласын «қыз – қонақ, болашақ ел анасы» деп әрқашан төрге шығарған. «Ұлыңды өзге үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» деген дана халқымыз. Бөтен үйден тойып өскен жігіт, ертең отбасына тұрақты азамат болуына кім кепіл?! «Қызға қырық үйден тиым» деп қыз тәрбиесіне қатаң қарап, ертең бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетер ана болады деп ерекше үкі тағып өсірген. Осылайша, бір мақалдың мәнін екіншісі ашып, бір-бірін толықтырып тұр. Иә, қазір заман басқа деп өзімізді ақтап аламыз. Дегенмен тәрбие ешқашан заман таңдамаған. Сондай-ақ әлсіздік пен немқұрайлылық танытып, сол заманды өзгертіп отырған өзіміз емес пе?!

Ананың айтары бар

 – Осы кезде әзиз әже болдым. Қазақта бала санын айта бермейді ғой. Әр баладан бірнеше немере бар. Бірде-бір немерені «менің балам, екіншісі өздеріңдікі» деген емеспін. Себебі қанша жерден немере тәтті болса да, ата-анасы тәрбиелегені дұрыс екен. Ана ретінде айтарым бар, тұңғышымды енем бауырына басты, өзі тәрбиеледі. Кейде қызыма дауыс көтерсем, енемнен айқай еститінмін. Содан кейін үндемедім. Әкесі де сөйлемеді. Өйткені қыздың өз иелері болды. Кейін ата-енемнің көздері кеткен соң қызымыз бізге бағынбады. Кейде атымызды атайды, кейде апа дейді. Одан бөлек, сол қызбен бауырларының тәрбиесі екі түрлі. Қыздан кейінгі балаларым жанашыр, тіл алғыш болып өсті. Ал бірінші қызымызбен тіл табысуымыз қиындау. Еркіндеу бойжеткен қыз жастайынан құрбыларының үйіне қонып жүре беретін. Енем рұқсат беріп қойған. Ана болған соң алаңдайсың, бірақ біз үлкенге қарсы келмей өстік. Содан да болар, іштен тынып, үнсіз қалатынбыз. Осы кезде ойланамын, негізі баланы өз әке-шешесі тәрбиелегені абзал. Ешбір ата-ана баласына жаман тәрбие бермейді. Тек жақсы болсын деп, жақсылыққа қарай жол сілтейді. Сәби – бейнебір ақ қағаз секілді. Қалай шимақтасаң, соны көрсетеді. Дей тұрғанмен, «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген дана пікірді де ойдан қапы қалдырмағанымыз жөн. Ата-ана міндеті баланы қаржылай қамтамасыз етуде ғана емес. Мықты тәрбие беріп, сапалы білім алуға ұмтылдыруымыз керек. Әр бала өз жолын тапқаннан кейін біз өз міндетімізден құтылып, еркін демалуымызға болады, – деді кейіпкеріміз.

 Иә, «Ұрпағыңды тәрбиелеймін десең, ұлыңа, халқыңды тәрбиелеймін десең, қызыңа тәлім бер» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл сөздің астарында үлкен мәселе жатыр. Өйткені қыз – болашақ ұрпақтың анасы. Қыз бала – үйдің бояуы. Қыз баланы тәрбиелеу – бір адам емес, бәлкім бір ұрпақты тәрбиелеу. Салиқалы қыз ғана ұлт болашағын баянды ете алады. Қыз бала мен әке арасындағы қарымқатынас жасаудың өзінде нәзіктік символ бар. Алла Елшісі қыз балалардың қадір-қасиеті жайында былай деген: «Қыздар – мейірімді, игі жандар. Бір қызы бар адамды Алла Тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі» дейді. Тағы бір хадисте: «Егер бір адамның үш қызы болса, оларды киіндіріп, қамқорлық етіп, тамақтандырып, оларға сабырлық етсе, қыздары қиямет күні тозақ отынан сақталуына себепші болады» делінген.

Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында:

«Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыс керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға қол көтермеген. Тіпті отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз. Оң жақта отырғанда жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз», – деп жазады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз өзінің « Кү ндерімнің куәсі» атты кітабында былай деп келтірілген.

«…Қазақтай баласын әлпештеген, әлдилеп бесікке, сүтімен бірге перзентінің санасына мейірімділікті құйған, сәбиін айналып-толғанған халықты білмеймін: шырағым, күнім, құлдығым, жаным, көзімнің қарашығы, алтыным, жұлдызым, тынысым, құлыным, қозым, ботам, саяңда жатайын, садағаң кетейін! Алдағы ғасырда осыдан айырылып қалмасақ болғаны. Адам баласынан мейірім кетсе – қатыгез, қайырым кетсе – жат болады», – деп елдің ертеңгі күніне алаңдаушылығын білдіреді.

 Шынында, қазақ халқы қыз баласына зор құрмет көрсетіп, ерекше мәпелеген. Бар жылыжұмсағын қызына беріп, еркелеткен. Қыздың шалыс баспауына бүкіл әулет, ру болып атсалысқан. «Қызға қырық үйден тиым» түсінігі осыдан қалыптасқан.

Бүгінде бұл үрдіс санадан өшіріліп барады. Қоғамда қыздар арасында бей әдеп сөйлеуі, қалай болса солай жүріп тұруы, ашық киінуі, ең өкініштісі «көкек» аналардың көбеюі көпті алаңдатып отыр. Өзінен шыққан сәбиін кез келген жерге тастап кету секілді қорқынышты әрекеттерді естісек те селт етпейтін дәрежеге жеттік.

Нұрлан имам былай деді

 Әлеуметтік желі арқылы Нұрлан имамды жұрт жақсы біледі. YouTube арнасында «Бойжеткен қызды біреудің үйіне қондырма» деген тақырыпта видеосын жүктеген екен. Оның айтуынша, бір үйдің қызы құрбысының үйіне барса, оған әкесі жауапты болады.

 – Қазақта мынадай жақсы сөз бар. «Бойжеткен қызды біреудің үйіне қондырма» деген. Өздеріңіз білесіздер, көп қыздар үйлерінен сұранған кезде «құрбымның үйіне барып қонайын деп едім» деп тұрады. Айтыңызшы, біреудің үйінде не бар? Айтатын сырларын олар күндіз де айтып жатыр. Болмаса телефон арқылы да жеткізеді емес пе… Міндетті түрде сол үйге барып, түнеу керек пе? Әсіресе, түнде балаларыңызды біреудің үйіне қондырмаңыздар. Қызды да, ұлды да қондырудың қажеті жоқ. Құдай бұйыртып, шаңырақ көтерген кезде ғана барған әулеттеріне қонады. Егер әкесі қызына рұқсат берсе, ол қияметте өкініш болып, әкесінен сұралады. Өйткені қыз бала тұрмысқа шыққанша оның тәрбиесіне әкесі жауапты, – деді имам.

Кеш болмай тұрғанда… Халқымызда «ұлтты тәрбиелегің келсе, алдымен қызыңды тәрбиеле» деген даналық бар. Себебі сол ұлтты көбейтетін, ұрпақты жалғастыратын – қыз бала. Демек әр отбасы қыздың тәрбиесіне зор мән беруі керек. Яғни қызыңыз жиі сұранып, түрлі себептер айтып, бөтен үйге қонып жүр ме? Кеш болмай тұрғанда үйдегі тәрбиеден бөлек осыған мән беріңіз, ағайын!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: