Жұма, 03 мамыр, 02:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Мектеп асханалары талапқа сай ма?

20.04.2024

318 0

Қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Алдымен халық қалаулылары, сала маманда­ры мен БАҚ өкілдері «Бәйтерек» тұрғын ауданында орналасқан №287 мектебіне барды. Онда оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру мәселесін зерделеп, сала мамандарына тиісті ұсы­ныстарын енгізді. Зерделеу барысында депутаттар тарапынан №287 мектептің шатырынан су кетуі және қосалқы жарық қондырғысы орнатылмауына  байланысты мердігер мекемеге тиісті тапсырмалар берілді.

Мұнан соң комиссия жұмысы қалалық мәслихат­та ата-аналар, мектеп басшыларының қатысуымен күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланды. Отырыстың күн тәртібіне «Жасөспірімдер мен кәмелетке тол­мағандар арасында тәрбие беру жұмыстары мен  құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы», «Қала бойынша мектеп асханаларының жай-күйі мен оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру және сапасы туралы» мәселелері қаралды.

Бала тәрбиесі –

басты назарда

Комиссия отырысы барысында №3 ІТ мектеп-лицейі ата-аналар комитетінің төрайымы, көпбалалы отбасы  Айкүміс Қосанова бала тәрбесін тілге тиек етті.

– Расында, қазіргі таңдауы да, талғамы да бөлек жастарға қандай тәрбие беру ұтымды болмақ? Осы мәселенің жауабын қоғам болып көтеріп отырумыз қажет. Жиында ата-аналардың атынан қатысып отырғаныма қуаныштымын. Мектеп партасында отырған баланың жан-жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеушісі – ата-ана. Сондықтан ата-ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы тиіс, оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып, қадағалап отыру керек. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар бұған жеткілікті мән бермейді.

Бала мектепте 6,7 сағат болса, 18 сағат үйде болады. Сол себепті ата-ана баласының оқуын, жүріс-тұрысын, жолдастарын сонымен қатар киетін киімін де қадағалап, аптаның соңғы күн­дері сынып жетекшісімен, пән мұға­лімдерімен байланыс жасап, сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы мәлімет алып отыруы қажет деп ойлаймын. Өзім секілді ата-аналарды бала тәрбиесін ақсатып алмауға шақырамын, – дейді А.Қосанова.

Сонымен қатар облыстық «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығының әдіскері Мағжан Қанатұлы «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығының жұмыстарын күшейту, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қызмет бағыттарын құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі менеджер лауазымын енгізу іс тәжірибесін ұсыну, білім алу­шылардың сабақтан тыс бос уақытын өткізуде педагог қызметкерлердің жауапкершілігінен босату, ата-ана жауапкершілігін күшейту туралы ұсы­ныстарын жеткізді.

Асханадағы кемшін тұстар айтылды

Оқушыларды сапалы тамақтандыру мәселесіне байланысты сөз алған облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жапырақ Ұзақбаева аймақ басшысының қолдауымен біздің өңір 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылып отырған еліміздегі бірден-бір облыс екендігін атап өтті. Жапырақ Бегімбайқызы  қаланың 18 мектебінде жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша орын алған кемшіліктерді тізбектей келе, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру, ыстық тамақты ұйымдастыру, нормативтік құжаттарды түсіндіру бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына оқыту семинар өткізу, қалалық сараптама топтың жұмысын күшейту барысында ұсыныстарын айтты.

Оған қоса, қалалық санитарлық-эпидемио­ло­гиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлмира Сыздықова 45 мектепте жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді көрсетті.

– Кей мектептің асханасында уақытша сақтау тоңазытқыш жабдығында тамақ өнімдерін шикі және дайын тағамдардың тауар орналасу заңдылығы сақталмаған, мұздатқыш уақытылы тазартылып жуылмаған. Сондай-ақ асханада күн сайын жұмыс аяқталғаннан кейін ағаш діңгектер етті, балықты кесу үшін пайдаланған жағдайда пышақпен тазаланып, ас тұзы себілмеген, асхана аспаптары арнайы кассеталарда тұтқаларын жоғары қаратып қойылмаған, тамақ өнімдері сөреде сақталмай,  жұмыртқа таза таңбаланған ыдыстарға салынбаған, осы сияқты мәселелер өте көп, – деген басқарма басшысы әрбір мектеп асхана қызметкерлеріне тағамнан уланудың алдын алу, жеке бас гигиенасын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілгендігін атап өтті.

Қорытындылай келе қалалық мәслихат төраға­сы Ибадулла Құттықожаев комиссия отырысы барысында мектеп басшыларына көтерілген кем­шіліктерді қалпына келтіру, әрбір мәселеден сабақ алу қажеттігі туралы ескертті. 

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: