Бейсенбі, 26 желтоқсан, 13:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Кіндігімнің қаны тамған мекенге маңдайымның терін де төгіп жүрмін…

19.11.2024

764 0

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз өзінің бүкіл сәулелі ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған, мемлекеттік қызметтің бүкіл сатысынан өтіп, өмір жолы өнегемен өрілген жан. Ол  – Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, ҚР Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, доғарыстағы полиция полковнигі – Әмірбек Шаймағамбетов.

Арпалыс

Таңғы ауа қандай керемет. Таң сібірлеп атып келе жатқанда аулаға шығып айналаға зер салу күндегі әдеті. Қыс ызғары да сезіле бастаған. Тал басына шық түсіпті. Оны өзінің ақ селеу шалған шашына ұқсатты. Бұл өткен уақыттың хабаршысы, жаңа күнге ұмтылған ел ағасының белгісі болар. 32 жыл қаншама шытырман оқиғамен бетпе-бет келгенмен, бейбіт күнде елдің басына түскен тәж-тажалмен арпалысқаны салқын күннің сұрапыл аязынан кем емес екен-ау. Әмірбек Бердібекұлы талай қиын сәттерді елмен етене жүріп басынан өткерді. Бейбіт тіршілікте де жұмыр басты пенденің өміріне өшпес сызат түсетінін сезбепті. Ол жан жарасы екен. Оқыстан үнсіз ғана тап беріп, пенде біткенді баудай түсіріп жалмап жатқан ажал тырнағы анасын бүргенде жаны қалай қиналды десеңші. Анасын жоғалтқанда өмірден баз кешіп, жан әлемі күйзеліске түскен еді. Бірақ ер азамат үшін бәрінен биік тұратын туған жер, Отан алдындағы парызы ойына оралғанда өне бойын шарпыған  өкініш пен қайғы бұлты сейіліп, жаңа күш-қайрат қайта бойына оралып, ел алдында өзінің салмақты міндеті барын терең сезініп, қайта атқа қонды. Анасы «балам, еңсеңді тіктеп, еліңді қорға. Отаның да сенің екінші анаң ғой. Парызыңды ұмытпа» деп жол көрсетіп тұрғандай сезілді. 

Сан жылдар бойына құқық қорғау саласында еңбек етіп, маңдай терін елдің қауіпсіздігі жолында төккен Әмірбек Бердібекұлы әлемді жайлаған пандемия індеті кезінде Қызылорда қаласында сақтық шарасын сақтауға, елдің қауіпсіздігін қорғауға жұмылдыруға ерекше атсалысты. Сол бір қиын кезеңді ел ағасы күрсініп, еске алды.

– 2020 жылдың 15 наурызында елде төтенше жағдай жарияланды. Қызылорда қаласында орна­ласқан барлық мемлекеттік мекемелер мен тиісті құзырлы органдар, басқа да үкіметтік емес ұйымдар мен жеке кәсіпкерлердің жұмысын үйлестіре отырып, осы қауіпті індетпен күреске жұмылдыру мақсатында қалалық штаб құрылды. Штабтың басшылығын сол кездегі қала әкімі Н.Нәлібаев өз міндетіне алып, барлық сала бойынша орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары, кент және ауыл әкімдері тиісті құзырлы органдармен тығыз байланыста бірлесіп жұмыс атқарды.

Штабтың жұмысын үйлестіру, жоспарлау, берілген тапсырманың орындалуын бақылау, облыстық штаб­қа дер кезінде тиісті ақпаратты жолдау, қоғамдық-әлеуметтік, санитарлық-эпи­демиологиялық ахуалға және азық-түлік, дәрі-дәрмек, ауруханалар мен әлеуметтік дүкендегі азық-түлік тапшылығын бол­дырмау және баға тұрақтылығына бақылау жасау үшін ақпараттық-мониторингтік жұмысшы тобы құрылды.

Қала шекарасында полиция департаменті, ҚР Қор­ғаныс Министрлігінің 66597 әскери бөлімінің сарбаздары мен медицина қызметкерлерінен құрал­ған 5 блок-бекет ұйымдастырылды. Қала аумағын­дағы халық көп шоғырланатын орындарда әскери бөлімнің сарбаздары бұл залалсыздандыру жұмысына қатысты. 88 әскери міндеттілер қаладағы блок-бекеттің қауіпсіздігін күшейтуге, сақтық шарасы мен тыныштықты күзетуге және індет ошағын заласыздандыруға жұмылдырылды. Адам баласына зор қасірет әкелген көрінбейтін тажалмен мезгілге қарамай соғыс қимылындағыдай әскери тәртіппен күрестік. Үстіме әскери киімімді киіп, өз қызметіме қайта кірістім. Алланың құдыретімен бұл көрінбейтін тажалды да жеңіп шықтық. Ел Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен «Короно­вирус инфекциясына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезеңіндегі айырықша еңбегім үшін «Халық Алғысы» медалімен марапатталдым. Алайда 30 жылдан астам Отанымның тыныштығын қорғауға атқарған қызметім үшін алған жоғары наградаларыммен салыстырғанда осы медалдің орны ерекше, – дейді ол.

Тарихта қалған іс еді…

Өміріне із қалдырған тағы бір оқиға Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінде басшылық қызметте жүргенде орын алған. Жолаушы тасымалымен айналысатын алты таксисті өлтіріп, көліктерін бөл­шектеп сатып, аса ауыр қылмыс жасап, ізін суытқан қаныпезерлер ұсталып, темір торға қамалған. Олар ұзақ уақыт бойы іздеуде жүргендер еді. Ауыр қылмысты жедел ашуға қатысқан тәртіп сақшысы Болатбек Тоқберішев «Айбын» орденімен марапатталса, 2020 жылы доғарыстағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетовтің ықпалымен құқық қорғау саласының қызметкерлері Рысбек Ибраев пен Раджаб Салхадинге облыстық полиция департаментінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталған. 

Әмірбек Бердібекұлы қолы босаған кезде шығармашылықпен де айналысады. Шынында қыл­мыс әлемі серкелерінің жауыздық әрекетін әш­керелеп жүрген жанның қоржынында қаншама деректі құжаттар, айғақтар, шытырман оқиғалар жатқанын өзі де жоққа шығармайды. Детектив жанрына қалам тербеп жүрген сегіз қырлы, бір сырлы ағамыз қазақ әдебиетіндегі детективті жанрдың дамуына үлес қосып келеді, Екінші дүниежүзілік соғыс пен ішкі істер органдарының ардагері Кемел Тоқаев атындағы детективті шығармалар конкурсына қатысып, орыс тілінде «Юридическая газета» басылымында жарық көрген «Операция Набат», «Шымкетский транзит надежд» деп аталатын детектив әңгімелері жүлделі ІІ орынды иеленді. Әрине, бұл – үлкен жетістік.

– Қазіргі таңдағы құқық бұзушылықтар туралы не айта аласыз? Қоғам туралы пікіріңіз қандай? – дедік арада орнаған үнсіздікті бұзып. Алысқа ойлы көзбен қарап отырып, ол әңгімесін жалғады.

– Қылмыс – қоғамдық құбылыс. Өзімнің 30 жылдан аса құқық қорғау саласында еңбек еткен өмір жолымда пенде не себептен қылмыс пен құқық бұзушылыққа апаратын жолды таңдады екен деген сұраққа үнемі жауап іздеумен келемін. Ұлттық идеологияның құл­дырауы, бала мен жасөспірімнің, азаматтардың қоғам мен заңды сыйлайтын, адами құндылықты қастерлейтін, мейірбандық, бір-біріне қолұшын беруге дайын тұратын иманды тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер ететін кешенді тәлімді тәрбиелік мәні бар шаралар жүргізілуі керек. Сана мен сезімді, тұрмысты материалдық құндылық билеп алған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қылмыстың орын алуына себеп болған әлеуметтік теңсіздік пен халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған нақты шара қабылдап, елдің құқықтық сауатын ашуымыз керек. Заң, мемлекет, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетіндей сәби кезінен, балабақша, мектеп жасынан, жасөспірім кезінен бойына ұлттық тәрбиені сіңіре білуіміз керек. Бұрын адам тонау, мал ұрлығы, топтық төбелес жиі орын алатын. Қазір алаяқтық қылмыс белең алды. Алаяқтар тұрғындардың сеніміне кіріп, пәтер, жер алып берем, жұмысқа тұрғызам, несие жауып берем деген секілді жалған уәдемен қомақты қаржы алып, ақыр соңында темір тордың әр жағынан бір-ақ шығуда. Киберполиция деген термин қалыптасты. Олар киберқылмыс жасаушылармен күресуде.

– «Қызылорда автобус паркі» ЖШС басшысының орынбасары лауазымында жүргеніңізде шаһарға бір демде 300 автобус әкелінді. Халықтың жағдайына қарайлап жүретін, қолдан келгенше мәселе шешуге атсалысатын дағдыңыздан хабарымыз бар. Сыры неде?

– Ең біріншіден айтарым, «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген өлең жолдары өзімді осы күнге жеткізген туған жерімнің алдындағы перзенттік парызымды еске түсіреді. Ауылдан шыққан әр адам осылай әр қазаққа көмектескісі келіп тұрады.

– Ауыл деп қалдық қой… Бүгінгі ауылдарда қандай мәселелер бар?

– Ауыл халқының көп көтеретін мәселесі денсаулық сақтау саласына қатысты. Аудан, облыс орталығынан шалғай орналасқан ауыл тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздай қалса, дәрігердің көмегіне мұқтаж. Ондайда алғашқы медициналық көмек көрсететін білікті дәрігер қажет. Егер науқасты аудан орталығына шұғыл жеткізу қажет болған жағдайда «Жедел жәрдем» көлігі керек. Мемлекетіміздің басты байлы­ғы – адам және оның өмірі мен денсаулығы. Жалағаш ауданының 6 ауылына су жаңа «Жедел жәрдем» көлігі берілді. Алдағы күндері барлық ауылдық округтер осы көлікпен толық қамтылмақ. Одан бөлек, Аламесек, Мырзабай ахун, Қаракеткен ауылдарынан заман талабына сай типтік жобадағы емхана бой көтерді. Тек ел ішіндегі ақсақалдар, аға буын өкілдері халықты бірлікке ұйытып отырса, шешілмейтін түйін жоқ. Біздің мойнымызда халықтың аманаты бар. Сондықтан біз қашанда халықпен біргеміз, олардың мұң-мұқтажын мінберден көтеріп, тиісті орындарға жеткіземіз және оның орындалуына бар күшімізді салып келеміз. Мақсатым – аманатқа қиянат жасамай, кіндігімнің қаны тамған мекенге маңдайымның терін де төгу.

Бұл сөзді Әмірбек Бердібекұлы нық айтты. Халықтың аманаты бәрінен биік тұратынын сезінген әрбір азамат қандай қызметте болса да, жауапкершілік жүгін сезінеді.

Тың жобаның төрінде

Айтпақшы, биылғы керемет жаңалық Аққырдағы ағайынды қуанышқа бөлеуде. Жалағаш ауданының Аққыр ауылынан «Қазақстан халқына» Ұлттық қорының қаржыландыруымен заманауи спорт сауық­тыру кешенің құрылысы қарқынды түрде жүруде. Қызылқұмның қиясындағы шалғай ауылдан бұған дейін де дзюдодан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарында, халықаралық жарыстарда топ жарған спортшылар шыққан. Бұл игі істердің басы-қасында облыс әкімі бастаған ел азаматтары тұрғанын мақтанышпен айтуға болады. Халық қалаулысын көптен толғандырып жүрген мәселе Қызылорда облысы мен Өзбекстанның Навои облысы, Тамды ауданының шекаралас аймағын қосатын халықаралық маңызы бар ұзындығы 179 шақырым болатын  «Қызылорда-Көкаяз» автомобиль дәлізін салу болатын.

– Қызылорда-Мыңтай-Тамды-Үшқұдық-Навои-Бұхара-Термез автодәліздері арқылы Қиыр Шығыс, Иран, Ирак, Парсы шығанағы елдеріне шығатын ең қысқа жол ашылып, транзиттік әлеуетіміз артып, еліміздің экономикасының қарыштап өсуіне, осы халықаралық дәліз бойында орналасқан қаншама елді мекендердің тұрмыс жағдайының күрт өсуіне оң әсерін тигізер еді. Әрине, ол болашақтың еншісіндегі жұмыс, – деді Әмірбек Шаймағамбетұлы.

Кейіпкеріміздің ең керемет қасиеті – спорттың тұрақты жанкүйері екені. Әлем чемпионатының бірде-біреуін көзден таса қылмай, жергілікті «Қайсар» футбол клубының ойынын ылғи тамашалап жүреді.

Бүгінде доғарыстағы полиция полковнигі Әмірбек Бердібекұлы зейнетке шыққанмен әлі күнге қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Талай жыл мем­лекеттік қызметтің ыстық-суығына шыдап, құрмет төрінен көрініп, маңдай терінің өтеуі болар еңбегі еленіп, жоғары марапаттар алып жүр.  Бірақ әсте өзі үшін жанына жақыны, жүрегіне қуаныш сыйлағаны өзі туып-өскен топырағында тапсырылған «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» атағы мен пандемия кезіндегі тынымсыз еңбегі үшін берілген «Халық алғысы» төсбелгісі екенін мақтанышпен айтады.

Шынында, туған жерге ту тіккен азамат ел аманатына адал, қызметтік міндетіне жауапты, ұлт мәдениетіне жанашыр қасиетімен танылып, туған топырағына  күш-жігерін аямай,  табанды қызмет етіп келеді.   «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дейді халық даналығы. Елім дейтін ерді елі мақтан тұтқаны Әмірбектей ел ағасының мерейі өскені деп білдік. 

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: