Бейсенбі, 26 желтоқсан, 00:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Көлігің ескі деп есіңді шығармасын…

24.02.2024

1025 0

Фото: egemen.kz

Ескі көліктерді айдауға тыйым салынады деген хабар шыққалы көп адамнан маза қашты. Мазасы қашпағанда қайтсін, жаңасын алайын десе қалтасы көтермейді. Қазір қарапайым жұрттың несие берешегі алатын айлығынан асып кеткен. Айлығы шайлығына жетпейтіндер ескі көлікке әрең қол жеткізгенде оның өзін «айдатпайын» деп жатыр.

Заң жобасын кім дайындады?

Ескі көлікті айдатпайды деген сөздің шындыққа жанаспауы да мүмкін. Қауесет болуы да ғажап емес. Өйткені тиісті заң әлі қабылданған жоқ. Үкімет әзірледі, депутаттар әлі қарап жатыр. Әйтсе де «жел тұрмаса қамыстың басы қимылдамайтынын» естен шығармау керек. Ұлттық эко­номика министрлігі ескі көліктерді айдауға тыйым салатын заң жобасын әзірлеп те қойды. Заң жобасын дайындау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен көрінеді. Нәтижесінде «Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне» тиісті өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Қазіргі қарқындарына қарағанда ескі көліктерді жүргізбеу деген сөздің шындыққа айналатын түрі бар. Нақтырақ жазатын болсақ, қолданыстағы кодекстің 797-бабында жазылған «тыйым салудың себептері жойылғанға дейін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін алып қою арқылы көлік құралдарын пайдалануға тыйым салу» деген бөлігі енді аталған экологиялық талапқа да қолданылатын болады.

– Осылайша, қолданыстағы әкімшілік жаза қатайтылуда. Нәтижесінде, пайдаланылған газдардағы зиянды заттардың мөлшері жоғары көлік құралын эксплуатациялауға – сол бұзушылық толық жойылғанға дейін тыйым салынады. Бұл тыйым, бұзушылық тіркеле сала, бірден күшіне енеді. Әйтпесе, қолданыстағы редакцияда мемлекеттік нөмірлік белгілерді алып қоюға тек құқық бұзушылық бірнеше рет жасалса, бір жыл ішінде қайталанса ғана рұқсат етіледі. Жаңа талапты Қазақстандағы барлық жеке тұлғаға, сондай-ақ меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан барлық заңды тұлғаға қатысты енгізу ұсынылады, – деп түсіндірді министрлік сарапшылары.

Заң жобасына байланысты экология ми­нистрлігі де мәлімдеме жасапты. Министрлік­тегілердің айтуынша, жаңа талап көлік иелерін тәртіпке келтіріп, жөнге салады екен.

– Жаңа талап авто иелерін тәртіпке келтіріп, жөнге салады. Көлігіне уақытылы жөндеу жүргізіп тұруға ықпал етеді. Ал қолданылып жүрген «ескерту» түріндегі жауапкершілік тиімсіздігін паш етті. Бұзушылықтардың жойылуына ол пәрменді ықпал етпейді. Салдарынан, авто­көліктер атмосфералық ауаны ластайтын негізгі көздердің біріне айналып кетті. Көлігі көп ірі қалаларымызда ауадағы аэрозольдердің шоғырлану көрсеткіші қалыптағыдан 10 есе жоғары, газдар 25 есе көп. Соның ішінде автомобильдердің газбен ластаудағы үлесі 60-70 пайызға дейін барады. Алматы қаласында ауаға түсетін зиянды заттардың жалпы көлемінің 80-90 пайызы  көліктерге тиесілі, – деп мәлім етті экология министрлігіндегілер.

Рейд қалай жүреді?

Ескі көліктерге байланысты тексеріс қалай жүреді? Мүмкін арнайы рейд бола ма? Оны кім немесе қай орган жүргізеді? Дәл қазір ескі көліктердің жайы сөз бола қалса осы типтегі сұрақтардың жауатыны жасырын емес. Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, республикамыздың әр аймағында жергі­лікті экология органда­рының мамандары мен полицейлер көшелерді аралап, жол бойында тұрақты рейдтер жүргізеді екен. Бұған «меморгандардың бақылау-қадағалау іс-шаралары» деген атау да қойып үлгеріпті.Маман­дар рейд барысында әртүрлі автокөліктер – жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк көліктері және басқасы тоқтатылып, газоанализатор, тахометр және басқа аспаптардың көмегімен машинаның шығарынды газдары өлшенеді дейді. Тексеру қорытындысында ауаны ластау көрсеткіші рұқсат етілген нормалардан асса, дереу көліктің мемлекеттік нөмірі тәркіленеді әрі ондай ма­шинаны пайдалануға тыйым салынады.

Автосарапшы Сергей Зориннің ақпарат көздеріндегі пікірінде ерте ме, кеш пе, үкімет мұндай қатаң шараларға бәрібір баратыны айтылған.

– Бұл – әлемдік тенденция. Ескі көлікті пайдалану тиімсіз бола береді. Мысалы, болашақ­та көлік салығын машинаның қозғалтқышының қуатына қарай емес, оның экологиялық класына, яғни қоршаған ортаны ластауына қарай есептеу туралы ұсыныстар айтылып жүр. Тиісінше, көлік неғұрлым жаңа, экологиялық таза болса, салығы да аз болар еді. Жұрт та жаңасына ұмтылар еді. Бүгінде Еуропада парник газдарына да салық енгізілген. Бұл адамдарды барынша үнемді, шағын, экологиялық «темір тұлпарды» ерттеп мінуге ынталандырады. Естуімше, Үкімет шығарынды газдарында ластаушы заттары нормативтен асатын көліктерді пайдалану үшін айыппұл көлемін де еселеп арттырғалы жатыр, – дейді С.Зорин.

Статистика не дейді?

Статистикалық деректерді алға тарту үшін БАҚ-та жарияланған Бас прокуратураның Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі ко­митеті мен Ұлт­тық статистика бюро­сының дерегіне сүйен­генді жөн көрдік.

Санмен айтатын болсақ, Қазақстанда жалпы саны 5 млн 260 мың 636 көлік бар екен. Нақ­тырақ айтқанда, 4 млн 631 мың 301 жеңіл автомобиль, 538 мың 887 жүк көлігі және 110 мың 448 автобус бар.

Бас прокуратураның Құқықтық статисти­ка және арнайы есепке алу жөніндегі коми­тетінің дерегінше, Әкімшілік кодекстің «Шы­ғарындыларда ластаушы заттардың болу нор­­мативтерінен асыра отырып, автомотокөлiк құрал­дары мен басқа да жылжымалы құралдарды пай­далану» деп аталатын 334-бабы аясында 2020 жылы 7849 әкімшілік іс қозғалса, соның 6570 жағдайында ескерту ғана жасалған. 2021 жылы 26600 әкімшілік іс қозғалып, 20412 көлік иесіне ескерту берілген. 2022 жылы 26 643 әкімшілік іс ашылып, 21 751 жағдайда ескерту жасаумен іс біткен. Өткен жылғы көрсеткіш те осыған ұқсас болатын түрі бар.

Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда ескі көліктерге байланысты құқық бұзушылықтар саны тұрақты түрде өсіп, статистика нашарлап келеді. Оның үстіне Қазақстандағы автопарк ескіріп келеді. Демек жағдайды реттемесе болмайды. Заң өзгеріп жат­са, полицияға бірінші қол­ға түс­кенде-ақ ауа ластаушы кө­лік­тің мемлекеттік нөмірін алып қоюға құзы­рет беріледі. Бұл жүргізушілер енді өзіне ескертілген ақауларды дұрыстамайынша көлік тізгіндей алмайды деген сөз. Мамандар көліктің де фильтрі немесе катализаторын тазартпасқа не ауыстырмасқа болмайды деп отыр. Жаңа заң қабылданса рұқсаты жоқ көлікті айдағандарға 1,4 млн теңгелік айыппұл салынуы мүмкін. Дәлірек айтқанда, зиянды газды көп бөлетін автокөлікті немесе басқа да жылжымалы құрал­дарды пайдаланған жағдайда жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш, шағын кәсіпкерге не коммерциялық емес ұйымға 50 АЕК, орта кәсіпкерлік нысанына 100, ірі кәсіпкерлік нысанына 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Биыл бір айлық есептік көрсеткіштің 36920 теңге екенін еске сала кетейік.

Ұлттық статистика бюросының маманы Байбек Қуандықовтың сөзінше, еліміздегі көлік­тің басым бөлігі ескі екен.

– Елімізде жалпы тіркелген автокөліктердің 46 пайызы 20 жылдан асқан, 10 жылдан асқан автокөлік 24 пайыз да 2020 жылдан кейін шыққан автокөліктер 6 пайызды құрайды, – дейді Ұлттық статистика бюросының маманы.

Осы көлікпен күн көріп отырмын

Азамат Талғатұлы (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) – Қызылорда қаласының тұрғыны. Ол қаладағы құрылыс тауарларын сататын «Сығанақ» базарында ескі көлігімен такси болып жүр. Мінгені – Волга. Аппақ Волганың төбесіне арнайы жүксалғыш орнатқан. Осы көлігіне ағаш та салады, цемент те тасиды. Азамат отбасын осылай асырап отырғанын жеткізді.

– Несін жасырамыз, отбасымды осы Волгамен асырап отырмын. Құрылыс заттарын тасимын. Өзі күшті көлік қой. Не салсаң да көтереді. Тек сыйса болды. Енді ескі деп мұндай машиналарды жүргізбейтін болса, не істейтінімізді білмеймін. Полиция қызметкерлері көлігің ескі деп есімізді шығармаса жарар еді. Үкімет орнына жаңасын берсе, мүмкін жаңасын алуға жағдай жасаса жақсы болар еді. Қайткенмен бір үйлі жан осыған қарап отыр, – деді ақтарыла.

Р.S. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы «Ескі көлікті пайдалануға біз қалай кедергі жасаймыз. Біз қалай оған тоқтам жасауымыз керек. Мүлдем ақылға қонбайтын нәрсе ғой. Азаматтарға жаңа көлік алуға жағдай жасамасақ, ескі көлікті қалай пайдаланба дейміз», – деген пікір білдіріпті. Халық қалаулысының сөзінің жаны бар. Әйтсе де бұл заңның қабылданар-қабылданбасы белгісіз. Дегенмен үкіметтің заңды әзірлеп, іске кіріскенін ұмытпау керек.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: